Қазіргі кезде әр аймақта дін өкілдерінен, сақал жіберіп, шолақ шалбар кигендерден қауіптену үрдісі байқалады. Әркім өз отбасы және туған ел амандығы үшін мұсылман қағидаттарын орындап қана жүруі мүмкін емес болып қалды. Пенделер дінді жарнамаға, тіпті саясатқа айналдырып жіберді. Баяғыда ата-әжелер намаз оқитынын ешкімге айтпаушы еді. Қазір суретке, видеоға түсірпі, ғаламтор арқылы елге көрсетуге құштар. Негізі дін туралы айтуға, айтысуға болмайды. Мұсылман болсаң өзің үшін, басқаға соны паш етіп, артық уағызбен жұрттың мазасын алуға болмайтынын кейбіреулер ескермейді.
Терроризм қаупі дегенде әсіре діншілдер мен кейбір секталарға еріп кеткен жастарды "тәртіпке шақыру керек " деп жатады. Үкіметтегі шенеуніктер, тіпті лауазымды заң қызметкерлерінің арасында уағызшылар бар екенін байқамайтын сияқтымыз. Кейбір имамдарға, дінге қатты берілген қазақтарға күдікпен қарағанымыз бәлкім жөн шығар, бірақ бәрінен қуіптісі ақ сәлделі терроризм уағызшысы емес костюмді уағызшы, ағайын.
Үкімет құрамындағы қызметкерлерді төменгі сатыдан бастап жоғарыға дейін, немен шұғылданатынын жасылап тексеру керек. Дөкей креслода отырған бір заң қызметкерімен кездескенім бар. Әлгі адам өзінің шенеунік екенін ұмытып, жұртқа уағыз айтқанда "молдаң бер жақта қалады екен" деп ойладым. Онымен қоймай, қасындағы қыз-келіншектерге (үстіндегі киімі жабық болса да) хиджап киюге үгіттей бастады. Өзі арап тілінің курсына барады екен. Содан дінге қатты беріліп кеткен. Дінге берілгеніне ешкімнің қарсылығы жоқ, бірақ зайырлы мемлекеттің шенеунігі бола тұра әсіре арапшыл идеологияны көшілікке насихаттаудың не қажеті бар десеңізші?!
Әлгі лауазымды заңгер қыздарды хиджап киюге үгіттеп болғанда сөз ауанын джихадқа ауыстырды. "Джихад әркімнің өзінен басталады" дегенді де айтты. Егер оның әлгі насихат уағызын естіген адам "бәлен деген шенеунік джихад туралы әңгіме айтып, араб идеологиясын уағыздады" десе, оның сөзіне кім құлақ асады? "Иә, шенеуніктің де араб тілі курсына барып, басқалар сияқты дін жолына түсуіне құқы бар" деп қарсы уәж айтылуы мүмкін. Бірақ сондай шенеуніктер ел ішіне білдіртпей идеологиялық у таратып, ондай насихаттың ұлт болашағы үшін қауіпті екенін ешкім ескермейтін сияқты. Қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болғанда бірақ мән береміз.
Биыл шенеуніктердің көпшілік жиналған жерде ішімдік ішпеуі мен киіну этикасына қатысты талаптар көп талқыланды. Шенеуніктердің (кіші қызметкерден бастап лауазымдысына дейін) бос уақытында немен айналысатыны жіті тексеріліп, олардың дін мемлекеттен бөлек болып табылатын зайырлы мемлекетте уағыз айтуына тиым салынуы керек. Өйткені, олардың арасында жастардың санасын улайтын әсіре уағыздарды жүргізетіндері барын көріп қаламыз кейде. Жалпы дінді насихаттау шенеуніктің ісі емес. Үкімет қызметкерлерінің көпшілік жиналған орында сөйлеген сөзі, істеген ісіне де бақылау қойылуы керек.
Айғаным Біртуар