Н.Ә. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері

/uploads/thumbnail/20170709091840799_small.jpg

Деректану ғылымының талаптарына сай тарихи дерек көздерінің  маңыздылығын анықтау,біріншіден, зерттеушіге маңызды дерек көздерімен жұмыс істеп, олардан ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға мұмкіндік берсе, екіншіден, дерек көздерінің немесе нақты деректің ерекшелігін анықтау зерттеушіге, сол дерек көзінің немесе нақты деректің ерекшелігінен шыға отырып, соған сай келетін тәсілдер қолдану арқылы талдау жүргізуге көмектеседі. Дегенмен, тарихи деректердің де, дерек көздерінің де маңызы мен ерекшелігі, ең алдымен, сол деректерді немесе дерек көздерін жасаушы субъекттермен тығыз байланысты. Егер, белгілі орыс деректанушысы А.С. Лаппо-Данилевскийдің сөзімен айтсақ: “ Тарихи дерек дегеніміз — адам психикасының іске асқан жемісі”

Әрине, тарихи деректің пайда болуының басты объективті алғышарты белгілі бір оқиғаның немесе қоғамдық құбылыстың болуы екендігі белгілі. Бірақ, оның әр түрлі дерек көздерінде қалайша бейнеленуі деректі жасаушы жеке субъектің қолында екендігі де анық. Олай болса, болып жатқан немесе болып өткен объективті тарихи құбылыстардың деректерде қай дәрежеде бейнеленуі, яғни объективті құбылыстар туралы субъективті мәліметтердің қай дәрежеде деректерге енуі, сол деректі жасаушы субъектің психикасына /дүниетанымы, ой өрісі, білім дәрежесі, діни наным-сенімі, қоғамдық позициясы т. т./ тікелей байланысты. Демек, Н. Назарбаев еңбектерінің ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр басындағы объективті қоғамдық құбылыс – КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің пайда болуы және қалыптасуы тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшеліктері, сол еңбектердің авторы, яғни тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінің үлкен бір тобын жасаушы субъект — Н.Ә. Назарбаевтің қоғамдағы орны мен өзіндік адами және тұлғалық қасиеттерімен тығыз байланысты.

Н. Назарбаев еңбектері, деректану ғылымы тұрғысынан қарағанда, өзінің пайда болуы жағынан жазба дерек көздерінің жеке адамдық тобына жатады. Ал, жеке адамдық дерек көздерінің басты ерекшелігі, оларда субъективті фактордың айрықша орын алуында. Сондықтан дерек көздерінің осы түрлерімен жұмыс істегенде олардың авторлары, яғни деректі жасаушы субъект туралы объективті мәліметтерді пайдалана білудің маңызы үлкен. Демек, біздің зерттеу жұмысымызда субъективті фактор ретінде, дерек көздерін жасаушы Н. Ә. Назарбаев туралы мәліметтерге сүйенуге тиіс боламыз.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті ретінде Н. Назарбаев туралы, жоғарыда айтқанымыздай, аз айтылып, аз жазылып жүрген жоқ. Соңғы Президенттік сайлау қарсаңында, әсіресе сайлаудан кейін, Н.Ә. Назарбаев туралы, оның айқын жеңісінің себептері туралы баспасөз беттерінде көптеген мақалар жарияланды. Н. Ә. Назарбаевтың өмірбаяны — өмірі мен атқарған қызметінің негізгі кезеңдері  жұртшылыққа жақсы таныс.  Сондықтан біз бұл мәселеге, яғни Н. Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, әдеттегідей, хранологиялық принципке сай өмірбаяндық тұрғыдан емес, дерек көздерін жасаушы субъект ретінде, деректанулық тұрғыдан қарауымыз қажет болады.

Егер, осы тұрғыдан келсек, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі ең алдымен, оның тәуелсіздік қарсаңындағы және тәуелсіздік жылдарындағы ресми лауазымдарына сай атқарған қызметтерімен тығыз байланысты екендігіне ерекше көңіл аударуға тиіс боламыз. Обылыс көлемінде іскерлігімен көзге түскен Н. Назарбаев, өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап республикалық деңгейдегі басшылық қызметте болса, тәуелсіздіктің дәл қарсаңында, яғни 80-ші жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басында Қазақстан сияқты үлкен республиканың бірінші басшысы міндетін атқарды. Ол туралы ҚР Президентінің интернет жүйесіндегі веб-сайтында: “1979-1984 жылдары Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшысы. 1984 — 1989 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы. 1989-1991 жылдары — Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, 1990  жылғы ақпан-сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1990 жылдың  сәуірінен —  Қазақстан Республикасының  Президенті”- деп көрсетілген[113].  Демек, бұл, Н.Ә. Назарбаевтың дәл сол жылдары болып өткен, қорытындысында КСРО –деп аталған алып империяның тағдырын шешкен аласапыран оқиғалардың бел ортасында жүріп, ел тағдыры үшін жауапты бірінші адам ретінде, жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру ісінің қайнар көзінде тұруына тура келді деген сөз.

Ол туралы Н. Назарбаевтың өзі “Әділеттің ақ жолы” атты кітабында: “Өзімнің қызмет жағдайыма орай осы жылдардың барлығында да, әрдайым оқиғалардың қалың ортасында жүріп, оларды талдауға және салыстыруға, қорытындылар жасауға, шешімдер қабылдауға тура келгендіктен де, өзімнің жеке пікірімді айтуға барып отырмын”-деп, жазды [114, 219 б.]. Олай болса, Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі басты маңызы, олардың басқа да тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көздерінен негізгі ерекшелігі, сол жылдарығы қоғамдық құбылыстар мен түбегейлі өзгерістердің “қалың ортасында жүріп”, ел тағдырын, ұлт тағдырын шешкен “шешімдер қабылдаған” адамның дүниеге әкелгендігінде. Әрине, талай отандастарымыз, қоғам және мемлекет қайраткерлері тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихының куәгері болды, ол туралы өз естеліктерін жазды, яғни тарихи деректерді дүниеге әкелді. Сөз жоқ, олардың бәрі де Қазақстанның ең жаңа тарихының дерек көздерін құрайды. Және де келешекте тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеуде пайдаланылады. Дегенмен, жоғарыда келтірілген фактілер Н. Назарбаев еңбектерінің тарихымыздың түбегейлі өзгерістер кезеңінің бірінің орны бөлек дерек көздері екендігін толығымен дәлелдейді.

Дегенмен, деректанушы ретінде, біз ҚР Президенті веб-сайты сияқты ресми де, маңызды дерек көзінің өзінде де қарапайым қателіктің кеткендігін айтуға мәжбүрміз. Н. Ә. Назарбаев веб-сайтта көрсетілгендей: “1990 жылдың  сәуірінен — Қазақстан Республикасының  Президенті”- емес, КСРО-деп атлатын алып империяның құрамындағы  Қазақ  КСР-нің Президенті болып сайланды. Ал, Қазақсатан Республикасы деп аталған мемлекет, сол КСРО-ның күйреуі салдарында кейін пайда болды. Бұл факті дерек қандай деңгейде пайда болмасын, оны деректанулық сыннан өткізу  қажеттігін тағы бір рет дәлелдейді ғой деп ойлаймыз.

Әрине, Қазақстанның өз тәуелсіздігіне ие болуы сияқты түбегейлі тарихи өзгерістер кезінде республика басшылығында дәл Н.Ә. Назарбаевтың болуы, бір жағынан тағдырдың жазуы болғанымен, екінші жағынан, онда белгілі бір заңдылықтың барлығын да байқауға болады. Туа біткен табиғи таланты, ұйымдастырушылық қабілеті, өзін өзі сыйлай білушілік, көптің бірі болып қара көбейтіп ортада жүруді қаламауы Н. Назарбаевты жастайынан белсенділік танытып топ алдында жүруге итермеледі. Ол туралы Н. Назарбаев: “Егер өзім туралы айтар болсам, мен ешқашан қандайда бір басшылық қызметтерге айрықша құмартқан жан емеспін. Бірақ, бала кезімнен “орташа” болып қалуды ұнатпайтынмын, өз қадірімді өзім сезерліктей әлде бір ішкі сезімнің әсерінде болдым. Мәселен, мектепте әрқашан оқуда бірінші болуға талпындым. Мұндай сезім өзін құрметтейтін кез келген адамға тән деп ойлаймын. Ал егер адам өзін сыйлаудан қалса, онда одан өмірде айтарлықтай дәйекті ешнәрсе шықпайды. Маған ұдайы басшылық ету бұйырғандай-ақ, әрдайым әйтеуір бір органдарға сайланумен болдым: жоғарғы кластарда мектеп оқушылар комитетінің мүшесі болдым, әрдайым мектеп, аудан комсомол активінің қатарында жүрдім”- дейді [114, 69 б.].

Н. Назарбаевтың мектепте оқып жүргенде-ақ белсенділік танытып, қатарының алды болып жүретіндігі туралы ұстазы Сейітхан Исаев ақсақал: “Нұрсұлтан алғыр, мінезі орнықты, білімге ынталы бала болатын. Өнерлілігімен есімі аудан көлемінде белгілі болып жататын. Қоғамдық жұмыстарға, мектеп өміріндегі әр қилы істерге бел шеше араласып кететін. Комсомол ұйымы қат-қабат шаруаларының әр кез басы-қасында жүретін”- деп еске алады[11,123 б.].

Осылай, бала кезінен қалыптаса бастаған белсенділік, іскерлік қасиеттерін Н. Назарбаев өмірге енді араласа бастаған жастық жылдарында одан әрі дамыта білді.  Келешек Елбасының өзінің іскерлік қасиеттерін, ұйымдастырушылық қабілетін жас кезінде-ақ көрсете бастағандығы туралы жастық шақтарын бірге өткізген досы, Қарағанды металургия комбинатының цех бастығы Қуаныш Омашев жақында “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған мақаласында жас жігіт Нұрсұлтан туралы айта келе: “Иә, адам ісінен, талабынан танылады. Ортамыздан топ жарып шыққан бұл жігіттің тегін азамат еместігі сол кездің өзінде сезілетін”-деп [10, 12 б.], оған дәлел ретінде бір мысал келтіреді.

“Мен Нұрекеңмен Қарағанды политехникалық иниститутының Теміртаудағы филиалында оқып жүргенімде таныстым”-дейді Қ. Омашев. “Кісіні баурап алатын қасиетімен курстастарымызды үйіріп әкетті. Өндірістен қол үзбей оқыдық. Күндіз жұмыстан мойын бұрылмайтынына, кешкісін сабақтан бас көтерілмейтініне қарамастан, бір уақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға да үлгертінбіз. Аралас-құраластығымыз студенттік құрылыс отрядында бірге болғанымызда тіпті беки түсті. Бұл да кімнің кім екенін көрсететін орта ғой. Соның бір жарқын көрінісі жас Нұрсұлтанның бойынан мұнда да танылып еді.

Ол уақытта, яғни алпысыншы жылдардың басында Нұра ауданындағы “Балықтыкөл” кеңшары жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан еді. Осында бірнше тұрғын үй салуға кіріскен отрядымыздың жұмысы көпке ұзамай тоқтады да, қол қусырып отырып қалуға мәжбүр болдық. Отряд жетекшісі Князев болса, бұған оншалықты қам жемей, жайбарақат уақыт өткізумен жүрді. Күзге дейін бірқатар отбасыны баспаналы етуге бізге үміт артқан жергілікті басшылардың: “Жігіттер, қапыда қалдыратын болдыңдар-ау”,-деп реніш білдіруі жанымызға батып, тығырықтан шығудың амалын қарастырдық”-дей келе, сол тығырықтан Нұрсұлтанның белсенділік таныту арқасында ғана шыққандығын айтады.

Екі аптадай жоқ болып кетіп, қажетті құрылыс материалдарын тауып келген Н. Назарбаев туралы:  “Ол облыстық мекемелерден бастап, ірілі-ұсақты кәсіпорын басшыларының есіктерін тоздырып, ақыры мақсатына жетіпті. Іле жұмысымыз да қызып сала берді. Таңның атысы, күннің батысы тыным болмай, үйлерді бірінен соң бірін қаз-қатар салып шықтық. Олар пайдалануға беріліп, жұрт қуанышқа бөленген сәтте студент құрлысшыларға, соның ішінде әсіресе, командиріміз Назарбаевқа ақ алғыстарын жаудырды…Осында бой түзеген алғашқы көшедегі үй қабырғасында “Бұл үйлерді Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік еткен студенттік құрылыс отряды салды” деп жазылған ескерткіш тақта тұр”-дейді [10, 19 б.].

Міне, осылай, саналы өмірін өз іскерлігінің арқасында қатарларының алды болып, көпшіліктің алғысын алудан бастаған Н.Ә. Назарбаевты жастайынан республика, тіптен Одақ деңгейінде де танымал болуына әсер еткен де, сол белсенділігі, табиғат берген бойындағы талабы мен таланты деп айтуға болады. Оның айқын дәлелі 1962 жылы ақпан айында, яғни 21 жасында республика комсомолының оныншы съезінде сөйлеген сөзі. ҚР Президенті мұрағатында сақтаулы тұрған сол съезде сөйлеген сөзіне, Н. Назарбаевтың саясаткер ретінде қалыптасу тарихының маңызды дерек көздерінің бірі ретінде деректанулық талдау жасау, бойында ұлттық сезімі бар, жалындаған жас саясаткердің қалыптаса бастағандығын көрсетеді.

Съезд делегаты ретінде өз сөзін: “Мыңдаған жылдар бойы біздің ата-бабаларымыз маңыратып қой, кісінетіп жылқы баққан шексіз-шетсіз далада кеңес халқының қолымен жасалған алып завод бой көтерді – ол біздің еліміздің төртінші металлургиялық базасы – ол Қазақстан магниткасы”- деп бастаған Н. Назарбаев: “Мен біздің заводтағы қазақ жігіттеріне ерекше тоқталып, олардың өмірі мен жұмыстары туралы айтқым келеді. Олар өз кәсіптерін жете меңгеріп, қәзір жақсы және үйлесімді жұмыс істеп жүр. Олар: Сүлейменов, Сәрсекенов, Мырзахметов, Салимов т.б.”- деп біраз қазақ жігіттерінің аттарын атап, оларға металлург мамандығын үйренуге көмектескен, еліміздің басқа металлургиялық заводтарынан келген өзге ұлттардың тәжерибелі аға буын өкілдеріне алғыс айтуды да ұмытпаған [115].

Сонымен қатар Н. Назарбаев өз сөзінде кемшіліктерге де тоқталған. Ол: “Өндірістік тәжірибеден өткен 800 адамның 300 заводттан кетіп қалған. Кейбіреулері қиындыққа шыдамай қашып кеткен. Әсіресе, ол, Семей, Алматы, Оңтүстік-Қазақстан облыстарынан келген жастарға тән”-деп, қазақ жастарымен дұрыс жұмыс жүргізе алмағаны үшін сол облыстардың комсомол ұйымдарының жетекшілерін сынға алған [116].

Баяндамада: “1960 жылдың 3 шілдесінде (Демек, дәл 20 жасында – С. С.) маған өз қолыммен бірінші қазақстандық шойынды құйуыма тура келді. Басқа да көптеген жолдастарым сияқты, мен де политехникалық институтта оқимын. Өткен жылдың соңында мені КОКП-ға мүшелікке кандидат етіп қабылдады. 1961 жылдың соңында маған коммунистік еңбектің екпіндісі деген атақ берілді”- деп, Н. Назарбаев өзі туралы да айтуды ұмытпаған[117].

Одан әрі баяндамашы, съезде республика басшыларының да қатысып отырғандарын пайдаланып, қала мен комбинаттың шешілмей жатқан проблемалары туралы айта келе: “Бұлардың біразын өз күшімізбен шеше аламыз, бірақ басқаларын біз өзіміз шеше алмаймыз. Олар: жастардың дұрыс демалуларына қажетті мәдениет сарайының жоқтығы, спортпен айналысуға мүмкіндік беретін стадионның жоқтығы. Біздің қаланың комсомал жастарының атынан осы бір біз үшін қиын мәселені шешуге көмектесулеріңізді сұраймын”- деп қала жастарының өтінішін де жеткізген [118].

Қала жастарының, әсіресе, қазақ жастарының тағы бір өтінішін Н. Назарбаев өз баяндамасында шебер жеткізе білген. Ол: “Тағы бір өтініш. Бірақ бізді дұрыс түсініңіздер, бізде қазақ жігіттерінің саны өте көп, ал қазақ қыздары тіптен жоқ. Сондықтан өз достарымның атынан дәрігер, мұғалім, құрлысшы қыздарға айтамын – бізге, Қазақстан Магниткасына келіңіздер, мұнда бәріңе де нағыз жұмыс табылады”- деп, съезге қатысушыларды ду күлдіреді[118]. Жалпы, жаттанды баяндамалардан жалыға бастаған съезге қатысушыларды Назарбаевтың баяндамасы бір серпілтіп тастаған сияқты. Олай дейтініміз баяндама барысында “ду қолшапалақтаудың” жиі естіліп тұрғандығы мұрағат құжатында айтылған.

Шешен өз сөзін: “Біздің ұрпақ коммунизмде өмір сүретін болады, біз оны өз қолымызбен орнатамыз, біз оған сенімдіміз”-деген жалынды сөздермен аяқтаған[119]. Бұл, жас жігіттің адал сенімінен туған сөздер екендігіне еш күмән жоқ. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының өз қатарлы миллиондаған жастары сияқты, Н. Назарбаевта партияға шексіз сенді, өз қолдарымен адамзаттың жарқын болашағы – коммунистік қоғам орнатып жатқандығына сенімді болды.

Жалпы алғанда, баяндама шешендік өнердің барлық талаптарына сай дайындалған және баяндамашы өз ойын шеберлікпен жеткізе білген деп айтуға болады. Осы баяндамадан кейін оны Қазақстан ЛКЖО ОК мүшесі етіп сайласа, сол жылы өткен БЛКЖО 14 съезінде БЛКЖО ОК мүшелікке кандидат болып өтті. Н. Ә. Назарбаевтың үлкен саясатқа келуі осылай басталды деп айтуға болады.

Н. Назарбаев еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігін айқындайтын басты факторлардың бірі – қандай қызмет атқармасын, қандай биік лауазымға ие болмасын, барлық уақытта оның объективті қалыптасқан реальді жағдайды толығымен анықтап алуы және содан шыға отырып нақты шешімдер қабылдауы. Мысалы, ол өзінің Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы ретінде СОКП Орталық Комитеті Секретариатында, оның алдында сол кездегі КСРО-дағы екінші адам ретінде белгілі болған М.А. Сусловпен болған әңгімесі туралы: “… бәрін қаз-қалпында түгел айттым. Адамдарға ешқандай жағдай жасалмаса да комбинатты қалай салып шыққанымызды айттым. Алып құрылыстың жүздеген ірі-ірі кем-кетіктерін, комбинаттың әлі қоршалмағанын, болат табақшаларды кім көрінгеннің қалай болса солай үйді-үйіне машинамен тасып алып кетуіне болатынын да айттым. Тұрғын үйдің, балабақшаның салынбағанын, күнделікті қажетті азық-түлік өнімдері мен бұйымдардың жетіспейтінін де сөз еттім. Ауа райының аса қолайсыздығын, боранды-шашынды күндері жұмысшылардың комбинатқа жете алмай қалатыны жөнінде де айттым. Әйелдерге жұмыс табыла бермейтінін де жасырған жоқпын…

Ол менің сөзімді бөлместен ықылас қоя тыңдады. Ал сонан кейін сұрақ бере бастады, тіпті ұсақ-түйек жайларға да көңіл аударып, қойын дәптеріне түртіп алды”-дейді [114, 103-104 бб.].

Ал, ондай, сол кездегі өлшем бойынша ең жоғары деңгейде өткен бүкпесіз, боямасыз ашық әңгіменің не бергендігі туралы: “Қаламыз бой түзей бастады. Жақсы жабдықталған тұрғын үй орамдары, сегіз балабақша, 15 мың орындық стадион, елу метірлік жүзу жолақшасы бар су бассейіні салынды. Су қоймасының оң жағалауында демалыс үйі, сауықтыру-емдеу мекенжайы пайда болды. Ең бастысы, әрине, пәтерге деген кезекті жойдық. Мамандардың тұрақтамауы бұрын 32 процент болса, енді ол 9 – 10 процентке түсті”-дейді [114, 106 б].

Осылай, кезінде көркейуіне Н. Назарбаев үлес қосқан Теміртау қаласының бүгіні туралы Қуаныш Омашев: “Былтыр күзде Теміртау қаласының орнағанына 60 жыл толғаны атап өтілді. Бұл күнде ол жайнап-жарқыраған, көз қызығарлық күйге еніп, керемет құлпырып барды. Әсіресе, қоныс тойын жасаушылар көп. Пәтер бағасының қалтаға қолайлығын пайдаланып, баспанаға қолы жетіп жатқандар жеткілікті. Солардың дені жастар. Шуақты өмір құшағы ашылғанына шаттанады бәрі. Бірінен соң бірі бой түзеген әлеуметтік-тұрмыстық нысандар қаланың өсіп-өркендеуге бет түзегенін көрсетеді. Теміртаулықтар мұны өз орталарынан шыққан Президенттерінің елі үшін ерен еңбегінің бір шапағатындай көреді”-дейді [10, 25 б.].

СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзі, тек Теміртау қаласының ғана емес, сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының өз тағдырына да әсер еткен сияқты. Ол туралы Н. Назарбаев: “Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Д.А. Қонаев көңілденіп отырған бір сәтінде менің СОКП Орталық Комитетінің Секретариятында сөйлеген сөзімнің әсері күшті болғанын, ондағылардың маған назар аударып, естерінде сақтап қалғанын өзіме айтқан болатын. Төрт жылдан кейін менің Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшылығына ұсынылуыма шамасы, осы жағдай көбірек ықпал етсе керек”-деп, еске алады дейді [114, 107 б.].

Ал, оның Мәскеудегі СОКП ОК секратариятына қалай барып, СОКП басшыларының көздеріне қалай түскендігі туралы Азияның бес бірдей асқар тұлғаларына арналған “Азия асқарлары” атты кітаптың Н. Назарбаевқа арналған бөлітінде: “Оның өмірі тіпті де жай емес жағдайда қалыптасты. Бірақ түпкірдегі ауылдан шығып, өз еңбек жолын зауытта түрлі жұмыстар атқарудан бастаған балаң жігіт өз қабілетіне сенімді болып, кез келген ортада айқын көшбасшылық қасиеттерімен танылады, ал ол оның, сол кездер үшін өсудің бірден-бір жолы болып табылатын, алдымен жоғары комсомолдық, онан кейін партиялық қызметтерде жоғарылауына жағдай жасады.

Дегенмен Назарбаевты қарапайым партиялық функционер деп атау қиын болатын. Жоғары өрлеген алғашқы сәтінен бастап ол өзін мемлекетшіл адам және қатаң прагматик ретінде таныта білді.

…37 мыңдай адам жұмыс істеген алып металлургия комбинатының партиялық басшысы бола жүріп, ол социалистік экономиканың олқылықтарын өз тәжерибесінде көре білді.

Елдің басқа да кәсіпорындарындағы сияқты комбинаттың өндірістік жоспары жоғары жақтың күштеп таңуымен белгіленді. Оны кез-келген жолмен орындау керек болатын. Сондықтан өнім көлемін өсіріп көрсету, қоймадағы қорлар және қосып жаза салу сияқты айла-амалдардың бәрі пайдаланылды.

Ол осылардың бәрі туралы мақала жазып, ол компартияның басты газеті – “Правдада” жарияланды. Одан жанжал туындады. Назарбаевты есеп беруге Мәскеуге шақырды. Жұрттың бәрі оның мансап жолы аяқталды деп санады. Кейін өзі: “Қызметтен алып, жазалайтынына сенімді болып бардым”, деп еске түсіреді. Егер бірбеткей парторг зауытты дағдарыстан шығарудағы өз жоспарын баяндап, қажетті шараларды ұсынбағанда ол солай болатын да еді. Оған сенді – ол сендіре білетін. Комбинатқа бөлінген қаржы жағдайды түзеді, ал Назарбаев Қазақстанда ірілердің қатарындағы Қарағанды облысының екінші басшысы болды”-деп жазылған [102, 14 б.].

Осылай, саналы өмір жолының басында-ақ өзін ақтаған жұмыс істеу тәсілі, біртіндеп Н.Ә. Назарбаевтың өмірлік позициясына айналды. Қай жерде болмасын қалыптасқан реальды шындықты айтуы, оған талай жауапты сәттерде, талай күрделі кезеңдерде дұрыс жол таба білуге және көпшіліктің сеніміне ие болуына көмектесті. Мысалы, 1986 жылдың ақпанында Министрлер Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстан Компартиясының ХҮІ съезінде жасаған баяндамасында: “Жергілікті жерлерде қалыптасқан, жекелеген табыстарды бадырайтып көрсетудің және қайдағы бір еңбегі үшін аудандық және облыстық бастықтарды мадақтаудың әлі жойылмаған стилі өзінің теріс зардаптарын тигізуде. Осының бәрінің мүмкін болуының тағы бір себебі – республика басшылығының мұндай жарамсыз жұмыс әдістерін дер кезінде және партиялық принциптілікпен тиып отырмауы… Жеп қою мен талан-таражға салудың салдарынан республика совхоздарында 5 жылдың ішінде 120 мыңға жуық ірі қара, 1,7 миллион қой, 42 мыңдай жылқы мен шошқа кем болып шықты”- деп, республика көлемінде жіберілген кемшіліктер туралы ашық айтса [114, 172-181 бб.], СОКП саяси бюросының мүшесі ретінде СОКП ХХҮІІІ съезінде сөйлеген сөзінде: “Қайта құру басталғалы бес жыл өткен кезде елеулі кемшіліктерсіз жүріп жатқан сала бізде жоқ екенін адал мойындауымыз керек… Менің өзіме жоспарлы шаруашылықтан рынок стихиясына көшу жолындағы осындай дүрлікпе, асығыс әзірлік ту сыртында күні бұрын әзірленген айқындамалары жоқ армияның жанталаса шегінуін еске салады… Қайта құрудың нақты айқындамасының жоқтығы ұлтаралық қатынастарға ерекше күйзелте салқынын тигізді. Көп ұлтты мемлекет жағдайында нақ осы неғұрлым маңызды аспектінің қайта құру инициаторларының назарынан мүлдем тыс қалғанына тек қана таңдануға балады…”-десе [114, 259-267 бб.], ССРО Халық депудаттарының ІҮ съезінде жасаған баяндамасында: “Мүлдем ашық айтатын мезгіл жетті: экономикалық реформаны жүзеге асырудағы қателіктер елді оның тарихында болып көрмеген, көп ұзамай-ақ басталатын дағдарыс шегіне жеткізді…Үкіметтің нарыққа көшу жөніндегі өлі туған бағдарламасына үкіметтің беделін сақтау үшін жасанды түрде жан бітіру – тіпті де мәз боларлық мәмле емес. “Жабы ат пен сұлу құралайды бір арбаға жегуге болмайтыны” белгілі ғой! Ал біз болсақ бүкіл болмысы бір-біріне қарама-қайшы екі жақты табыстырып, енді табиғатқа қайшы некенің нәтижесінде, былайша айтқанда, қандай құбыжықтың пайда болатынын күтіп отырмыз”-дейді [114, 260 б.].

Бұл келтірілген мысалдар, біріншіден, Н. Назарбаевтың барлық деңгейде де шындықты тайсалмай айта білгендігін дәлелдесе, екіншіден, СОКП басшылығында ондаған жылдар бойы қалыптасып, әбден қатып-семген елді басқарудың “дәстүрлі” тәсілдерінен бас тартып, басты мақсат етіп қайтсе де “үкіметтің беделін сақтап қалу” емес, қалыптасқан реальды жағдайдан шыға отырып, қаншалықты ащы болмасын шындықты мойындай отырып, шешім қабылдауға ұмтылған жаңа типті басшы екендігін көрсетеді.Үшіншіден, мұндай принципті позиция оның еңбектеріндегі мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Н. Ә. Назарбаевтың жастық жігері, қандай істе болмасын алғырлық танытуы және бойындағы құдай берген күш-қуаты мемлекет қайраткері ретінде тез өсуіне әсер етті. Оның небәрі  44 жасында Қазақ КСР-ы сияқты үлкен республиканың Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалуына да сол жеке басының табиғи қасиеттері негіз болған. Ол туралы сол кездегі республиканың бірінші басшысы Д. А. Қанаев “Ақиқаттан аттауға болмайды” деген атпен жарық көрген заманхатында: “Назарбаевтың ең басты артықшылығы оның қылшылдаған жастығы, алғырлығы мен лапылдаған қайрат-жігері еді. Өзіміздің орнымызды басатындырдың қамын біз ойламасақ, кім ойлауға тиіс. Сондықтан да Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Б. Әшімұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Призидумының төрағалығына сайланған кезде мен Назарбаевты үкімет басшылығына ұсындым” деп жазды[12, 385 б.].

СОКП басшыларының өздері еш уақытта сенбеген утопиялық тәтті қияли нәрселер туралы мемлекеттік деңгейде айтуларының, өз ойларын өмір шындығы ретінде халыққа ұсынуларының іс жүзінде не бергендігі бұрынғы “кеңес халқына” жақсы белгілі. Ол туралы Н. Назарбаев “Әділеттің ақ жолында”: “Соңғы жетпіс жылдағы өз тарихымызға көз жүгіртер болсақ, аса күрделі мемлекеттік, әлеуметтік және экономикалық проблемаларды шешуге утопиялық тұрғыдан келудің қаншама мысалын табар едік десеңізші!”-дейді [114,41б.]. Большевиктік-коммунистік партияның “дана басшылығының” арқасында, алдымен “социалистік” қоғам, кейіннен “кемелденген социализм” орнатқан кеңес халқы өтірікке, жалған уәдеге әбден тойып болған. Оған ащы да болса шындық қажет еді. Міне, осындай жағдайда Н.Ә. Назарбаевтың шындықты айта білетін жаңа буын басшыларының өкілі ретінде тарих сахнасына шығуы, бұрынғы Одақ көлемінде оған деген ел сенімін тудырды. Оның Тибилиси, Таулы Қарабақ оқиғаларына араласып, ара ағайындық міндетін аброймен атқарып шығуы, Одақ көлеміндегі ең жоғары орындардың біріне ұсынылуы соның дәлелі.

Н. Назарбаевтың бүкіл КСРО көлемінде елді аузына қаратқан саясаткер ретінде танымал болғандығы туралы “Азия асқарларында”: “Назарбаев КСРО Халық депутаттарының 1989 жылғы 1 съезінде, өзі бірден және сөзсіз қабылдаған горбачевтік қайта құрудың төртінші жылында, жаңа үлгідегі реформатор әрі саясаткер ретінде шынайы танылды. Дегенмен, бүкіл ел күткен реформа бір орында малтығып қалған болатын.

Қайта құру жылдарында ел халқы партия басшыларының сөздерінен тың леп естиміз бе деген үмітпен съездерден берілген телехабарларды жібермеуге тырысатын. Сол кезде реформаның кемшіліктері мен осал тұстары туралы батыл айтып, одақтық экономиканы басқаруға қатысты өз көзқарастарын бүкіл елге мәлімдеген Назарбаевтың сөзі көптеген адамдарды таңырқатты. Қазақстандағы бес жылдық премьерлік тәжерибе Назарбаев үшін жақсы мектеп болды. Оның айқын дәйектелген, сендіретін де сенімді сөздері сол кезде бүкіл ел назарын өзіне тартып, Гарбачевтың өзінен де кем түспейтін күшті, харизмалық саясаткердің пайда болғанын бүкіл елге паш етті”- деп айтылған [102, 15 б.].

Н.Ә. Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында КСРО сияқты алып держава басшылары арасында осындай үлкен беделге ие болуының тағы бір себебі, оның өз сөзіне, өз ісіне аса үлкен жауапкершілікпен қарауы, сөзі мен ісінің үнемі сай келуі, яғни ел алдындағы, халық алдындағы өз жауапкершілігіне деген терең сезімі. Ол туралы Нұрсұлтан Әбішұлы 1991 жылдың көктемінде, яғни ел тағдыры түбегейлі шешілер тарихи сәттің қарсаңында: “Иә, бір кезде мен болашақтағы өз тағдырымды қара металлургиясыз елестете алмаушы едім. Бірақ, өмір өзінше өктемдік жүргізді.Қазір мен үлкен саяси жолдан өтіп үлгердім. Сөйтіп, саяси жұмыс маған өзімді өзімнің көрсетуіме, өзімнің бойымдағы әлде бір жаңа мүмкіндіктерді ашуыма септігін тигізді. Бірақ, нағыз қанағаттанғандық сезімі тіпті де қазір республика мен бүкіл елімізде болып жатқан құблыстарға ықпал етуге мүмкіндігімнің бар екендігінен келмейді. Саяси және мемлекеттік қайраткердің еншісі – бұл ең алдымен оның иығына түскен орасан зор ауыр еңбек және , бұған сеніңіз, жайбарақат өмір сүруге мұрша бермейтін ғаламат күшті жауапкершілік сезімі. Бұл жерде моральдық қанағаттанғандық сезіміне бөленетін бір-ақ нәрсе бар, ол өз халқыңның мұң-мұқтажы мен талап-тілегін түсінетініңді, оны айта алатыныңды, адамдардың тарапынан қолдау табатыныңды сезіну ғана. Әлібетте, бұл ретте ешқашан да масаттынып, мәз болудың қажеті жоқ — өзіңді өзің асыра бағалаудың неге алып барып соқтыратынын біздің бәріміз де жақсы білеміз. Ал, еңбегіңнің еш кетпегенін сезінгенде, өткен жолдардың қиындығына өкінбеу керек”-деген [114, 100 б.].

Ол кезде елдің де, ердің де, әсіресе ел басшысының да “ иығына түскен орасан зор ауыр еңбектің”, жұрт болып бірігіп көтерер қиындықтардың, сыналар сәттің әлі алда екендігін, әрине ешкім де білген жоқ. КСРО сияқты алып империяның көп ұзамай-ақ түбінен шіріген кәрі емендей құлауы, бәрін де жаңа жағдайда, жаңа міндеттер шешуге мәжбүр етті. Дегенмен, бұл жағдайда республика Президенті ретінде Н.Ә. Назарбаевтың “иығына түскен орасан ауыр еңбектің” бірнеше есе артқандығы түсінікті.

КСРО-ның ыдырауынан бірнеше ай бұрын ғана: “Менде әдеттен тыс атаққұмарлық ниет атымен болған емес, оны ойлауға мұрша да жоқ еді – өмір маған қашанда өзінің, көбнесе кәдімгі қарапайым, кейде тым қатал заңдарына сәйкес талаптарын үстемдікпен ұсынып келді. Негізінен алғанда қашан да дерлік бір проблеманы: қайткенде де шыдау, төтеп беру проблемасын шешуге тура келіп отырды” — деп, айтқан [114, 48-49 бб.]. Н. Назарбаевқа, өмір тағы да шыдамдылық танытып, тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін қайта қалыптастыру міндетін жүктеді. Оның еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеті тарихының дерек көзі ретіндегі маңызы мен ерекшелігі де осы факторлерден туындайды.

Н. Назарбаев еңбектерінің деректік маңызы мен ерекшелігін айқындайтын келесі факторлар тобын оның жеке адами және тұлғалық қасиеттері құрайды. Белгілі зиялы қауым өкілдері М. Жолдасбеков, Қ. Салғарин және А. Сейдінбектер “Елбасы қандай болу керек?-деген сұраққа:

“ — Ұлты қазақ, ұлттық дәстүрдің уызына жарыған, халқының бар қадыр-қасиетін бойына жинаған; тілін, тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жетік білетін; ұлтын жан-тәнімен сүйетін, оның мәртебесін өсіретін ұлтжанды; дені таза, ары аппақ, жұртшылықты алақанына салып аялайтын, сенімін үмітін ақтай алатын, ел тағдырына жауап бере алатын Азаматы; кек сақтамайтын, өштеспейтін, бар қазақты бауыр тұтып, басынан сипай алатын мейірімді Жанашыры; қар жауса – күрек, жел тұрса тірек бола алатын халақтың қамқоршы Қызметшісі; ағаны ағадай, ініні інідей сыйлайтын, әдептен аттамайтын, ешкімді бөліп-жармайтын, халқының мұңдасы, Тағдырласы; қорыққанда – қорған, тарыққанда – пана, зарыққанда сана бола білетін, ел таныған, көпшілік мойындаған, мінезге бай, антқа адал, сертке берік, пейілі кең, байлыққа құнықпайтын қазақ халқының шын Перзенті болуы керек;

— Ел басына күн туса ауыздықпен су ішетін, етікпен су кешетін; туған жерін, Отанын қызғыштай қорғайтын, көзінің қарашығындай сақтайтын; іске алымды, сөзге шалымды, бүгінгісін оза ойлайтын, ертеңін дұрыс болжайтын көреген Көсем болуы керек;

— Адамзат тарихын, дін тарихын, қоғамның, мемлекеттің даму заңдылықтарын, әлемдік үдерісті жетік білетін, оны жүзеге асыра алатын Іскер; Қазақстанның байлығын төгіп-шашпай халықтың игілігіне айналдыратын, Қазақстанды озық елдердің қатарына қоса алатын, нардың жүгін көтеретін Қайраткер болуы керек;

— Халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылған, өркениетті елдердің басшыларымен терезесі тең, сөйлескенде сөзі асатын, егескенде еңсесі басатын, елдескенде мейрімін шашатын аузы уәлі, сөзі дуалы Саясаткер болуы керек.

Мұндай ердің айтқаны ем, ісі берекелі, елі ынтымақты болады; жұртшылық заманына сай туған осындай ерге ғана сеніп, соңынан ереді”-деп жауап берген [73, 11 б.].

Бұл айтылған өлшемдердің Н. Назарбаев бойынан табылатындығы және олардың оның жазған еңбектерінің шынайылық, толықтық деңгейлерінің жоғары болуына әсер ететіндігі анық. Біріншіден, Н. Назарбаев қазақ халқының қалың ортасынан шыққан қарапайым көпшіліктің өкілі. Сондықтан ол өз халқының тұрмыс-тіршілігін, болмысын, тілі мен дінін, салт-дәстүрін ана сүтімен бойына сіңірген, еңбеке ерте араласып, соғыстан кейінгі ауыл тауқыметін жастайынан көріп өскен жан. Ол өзінің жастық шағы, яғни адами қалыптасуының негізі туралы “Әділеттің ақ жолында” және 1997 жылы “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы Уәлихан Қалижан мен баспагер Мұхтар Құл- Мұхамедке берген және “Халықтан жасыратын ештеңе жоқ”-деген атпен жарияланған сұхбатында жан-жақты айтқан. Сондықтан ол еңбектер түпнұсқалық дерек көзі ретінде келешек Елбасының жастық шағынан мол мәліметтер берулерімен құнды.

 

Қатысты Мақалалар