Тарихтың тереңіне кетіп бара жатқан сұрапыл соғыстың ызғары әлі күнге дейін басылмаған секілді. Соғыстың бір ұшқыны қазіргі қазақ қоғамын шарпып тұр. Соғыс жылдары қалың қазақ қанмайданда оққа ұшса, ұрпақтары сол соғысты еске түсірер георгий лентасының дауына шырмалуда. Жеңіс күнінің белгісі болып саналатын георгий лентасын Ресей әскері мен ұлтшылдары Украина қарсы шараларында тағып шығуы - бұл лентаға басқыншыл сипат берді. Тіпті, лентаны орыс империализмінің көрінісі деп бағалады. Бұл туралы сайтымыздың алдыңғы шығарылымында жазған болатынбыз (http://qamshy.kz/?p=9944)Сондықтан, георгий лентасын алмастыратын туымыз түстес, оюмен көмкерілген лента пайда болды. Әлеуметтік желілерде трендке айналып, мерекелік тарту ретінде кейбір қалаларда таратылды. Осы баудың авторы журналист Айдос Жұқанұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді...
- Сәлеметсіз бе? Өзгенің қаңсығын таңсық етпей, ұлттық белгінің болуы қуантарлық жайт екен. Сізге мұндай лента жасау туралы идея қалай келді?
- Намыс қой намыс. Киноларды көріп отырсаң жеңген тек орыстар сияқты. "За нами Москва! Где русские, там победа" деп Георгий лентасын тағып алып жүргендері. Қазақтан ресми дерек бойынша сол II дүниежүзілік соғыста 600 мың адам өлді ғой. Оларды неге құрметтемейміз? Ал сол георгий лентасын XVIII ғасырда Ресей патшасы "Орта Азияға жорығы үшін" деген медальдың таспасы ретінде алғаш рет пайда болды. Сонда біздің ата-бабамызды қырғандарды қырылғандардың ұрпағы әспеттеуі керек пе?! Бұл мәңгүртизм. Стокгольм синдромынан сорақы дүние. "Мәңгүрт синдромы" деген тіркес енгізетін уақыт келді. Қысқасы өз-өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілер дегенді ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан ойлап таптым. Достарыма көрсеттім. Бірінші болып ақыл қосқан Бақыт Мұхтар деген жігіт. Содан кейін достарым Қасым Аманжол мен Мұхтар Тайжан қолдады. Астана әкімдігі мата етіп шығарыпты.Оларға ризамын. Кейін 31-мамырға арнап бәріміз бірігіп, қара және көк жолақты аза бау немесе қаралы таспаны да ойлап шығардық. Ал оны мата ретінде шығаруға Мұхтар демеуші болды. Былтыр тараттық. Биыл Алматы болмаса да, Астана әкімдігі қолдайтын шығар. Былтыр ОҚО әкімдігінен Берік Уәли қолдаған-ды.
- Былтырғы лента қара көк лента есте ерекше қалыпты....
- Иә, бірақ алғашында осы оюлыны жасадым. Уақыт тығыз болып, елге таныстырып үлгермедік. Ал қара мен көк жолақты одан кейін келе жатқан 31-мамыр - қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арнадық. Қара қайғыны, қара бұлттың торлауы, көк - ашық мінезіміз, қара бұлтты ысырған көк аспанымыз, бүгінгі тәуелсіздігіміз деген ой болды.
- Биылғы оюланған көк лента фб профильдерде қойылды, Астанада таратылыпты, т.б. ал сіздердің тараптарыңыздан лентаны насихаттауға тағы қандай шаралар жасалып жатыр?
- Біз Мұқаң екеуіміз саясатқа белсенді араласпаймыз деп шешкенбіз. Сондықтан былтырғыдай ағартушылық жұмысымен айналысып, халықты оятам деп әуре болмаймын. Мұхтар Тайжан былтыр демеуші болды. Өз қалтасынан ақша шығарды. Жылда сөйтетін "қайырымдылық қоры" емес. Түптің-түбінде идеология мемлекеттің шаруасы ғой. Маған десе, георгий лентасына асылып қалса да бәрібір.
- Бұл лента георгий бауын ығыстырып шығаруы мүмкін бе? Қоғамның орысшыл бөлігі қалай қабылдауда?
- Егер билік араласса ары кетсе 2-3 жылдың ішінде дәстүрге айналып кетеді. Өйткені билікке ғана бағынған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Орысшылдар ешқашан қабылдамайды. 23 жылда тілі шықпаған сақаудан не қайыр?! Сосын мынадай нәрсе бар. Біраз достарым уикипедияға жазып,, заңдастыр деген кеңестер айтуда. Өйтуге болмайды. Ою тудан алынған. Яки халықтікі. Екіншіден, біздің де қарсыластарымыз бар. "Ойбай мынау ұлтшылдардыкі, оппозициянікі екен" деп байбалам салмасын деп үнсіз ғана тарата берген жөн болар.
- Халықтың санасына сіңіріп, дәстүрге айналдыру үшін не істеуге болады?
- Мемлекеттік хатшы және 14 облыстың әкімдігі қолға алуы керек. Арнайы қаржы бөліп, матамен жасатып бюджетке қарайтын мекемелерге тартатуы керек. Мемлекеттік телеарналардың жүргізушілері кеудесіне тағып эфирге шығуы керек. Болды, ары қарай бәрі іліп әкетеді.
- Қатар келетін Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күнінің қайсысына көбірек тән белгі болғанын қалар едіңіз?
- Екеуінде де тағу керек. Жеңіс күні деп, "ал, давай" деп жатқандарды жақтыра бермеймін. 1 млн. 200 мың қазақтың жартысы қырылған соғыс қой. Мен үшін қаралы күн.
- Георгий лентасының "мән-мағынасының" өзгеруі біздің қоғамға да әсер еткен сыңайлы...
- Путиннің залым екенін жылдар бойы айттық. Қырымды басып алып еді, жұрттың көзі ашыла қапты. Георгий лентасына балама жасадық былтыр. Билік мән бермеді. Қырымдағы сеператистер сол жолақ бауды тағып алып еді, әкімдік ояна кетті. Енді Солтүстік Қазақтанға "жасыл әскерін" кіргізсе деп тілеп жүрмін. Сонда қазақтың бірігуіне, оянуына катализатор болатын еді.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Әзірлеген Жания Әбдібек