Келмеске кеткен кеңестің жеңісін қашанғы тойлаймыз?

/uploads/thumbnail/20170708152345845_small.jpg

       "Ұлы Отан соғысын" атап өту дәстүрі бүгінгі билікпен бірге құрдымға кетеді. Өйткені, ел басқаратын келесі буын оған қаржы бөлуді, ақшаны текке шашу, келмеске кеткен империяның жетістігін жырлау деп қабылдайды. Дәл солай боларына кәміл сенімдімін. Бұл мерекені Кеңес одағының бірден-бір мұрагері саналатын Ресей империясы өзінің «одақтастарына» күштеп танып отыр. Сондықтан, «ностальгиямен» өмір сүретін биліктегі коммунистер одан бас тартуға жол бермейді. Бұрын 9 мамырды соңғы ардагер қалғанша тойлайтын «шартты мереке» шығар деп ойлаушы едім. Бірақ, сол солдаттардың қолымен өт көсеген коммунистерге ардагерлердің қатары сиреп бара жатқаны да қажет емес екеніне көзім жетті. Бұл ең алдымен, сондай алып империяның ыдырап кеткеніне әлі күнге дейін бармақ тістейтіндердің бас мерекесі. Путиннің осыған байланысты былай деп өкінгені бар: «Совет одағының ыдырауы- XX ғасырдағы ең үлкен гео-саяси апат болды».  Ал, бұйрыққа бағынып, сын сағатта соғысқа сұранып, «Отанды» қорғауға аттанған ержүрек жауынгерлерге менің қай-қашанда құрметім шексіз. Олар өзіне жүктелген миссияны артығымен орындады. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсетейік. Олар өздерінің "бекер соғысқанын" білмей өтсін.

  Айтпақшы, коммунистік эстафетаны үзгісі келмеген шовинистер «бессмертный полк» деп аталатын тағы бір бастама ойлап тауыпты. Енді алдағы бір-екі жылда ардагерлерден көзі тірі ешкім қалмайды. Бірақ, олардың орнына балалары мен немерелері шеруге шығып, жеңіс мерекесін атап өтуді ары қарай жалғастыра бермекші. Алматының әкімдігі бұл идеядан бірден бас тартыпты. Бірақ, акция еліміздің басқа қалаларында өтіп жатыр. Бұл вирусқа қазірден бастап тыйым салмасақ, ақыр заманға дейін жеңіс мерекесімен желігіп жүре береміз...

Жолымбет Мәкішев

Тәуелсіз журналистер қауымдастығының президенті 

 

Қатысты Мақалалар