Бір нөмірін Гитлерге арнап, басы айықпас дауға қалған "Жұлдыздар отбасы-Аңыз" журналы бүгін үлкен көлемде көлемде айыппұл алды. Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам» журналына ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 15 бабының 1 тармағының 8 тармақшасын бұзған деген кінә тағып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 350 бабының 1 тармағына сай 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 222 мың 240 теңге (шамамен 1200 АҚШ доллары) көлемінде айып салды.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының БАҚ-на жүргізген мониторингі бойынша, "Жұлдыздар отбасы", "Аңыз адам", "Жұлдыз жорамал" басылымдары осы жылғы ақпан айындағы нөмірлерінде баспахананың адресін көрсетпеген. Сол себепті үш басылым қарайтын "Отбасы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) үстінен іс қозғалып, соңы сотқа ұласты. ЖШС қарамағындағы үш журналға және бас редакторға жеке-жеке хаттама толтырылып, әр қайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салды.
Алайда, "Отбасы" ЖШС-нің заңгері Мақсат Ілияұлының айтуынша, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мониторингті әділ жүргізбей, аталмыш үш басылымға ғана шүйлігіп отыр. Егер анықтап қарар болса, қазіргі ақпарат кеңістігінде мұндай баспахана мекен-жайы көрсетілмеген жағдайлар көрсетілмеген жағдайлар көп. Және сот алдына "Жұлдызбен сырласу" және "Өмір-ай" басылымдарын ұсынды. Сонымен қатар, ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 15 бабының 1 тармағының 8 тармақшасы бұзылғанын толық дәлелденбеді. Өйткені, бұл тармақша бойынша, бір талабы ғана орындалмаған. Және мұны тек техникалық қате деп танып, бұл қателіктің қоғамға немесе жеке адамға еш зияны жоқ екенін ескере отырып, соттан ескерту ретінде жазалауын сұрады.
Ал, "Отбасы" ЖШС директоры, бас редактор Жарылқап Қалыбай журналда техникалық қатенің кеткенін мойындады. Және басқа емес, дәл осы басылымға шүйлігуін сыныққа сылтау деп бағалады. "Аңыз Адам" журналының Гитлерге арналған нөмерінен кейінгі журналға жасалған іс-әрекеттердің бірі екенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, "Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам" журналы сәуір айындағы нөмірі қоғамда дау тудырған еді. Гитлерге арналғандықтан құзырлы органдар журналға ескерту айтып, Ресей СІМ жауап беруін талап етті.
Ал, соңы бүгінгідей ірі көлемде айыппұл салумен аяқталды.