Алматы-Көкпек-Көктал-Хоргос тас жолында Қытай азаматтары бар «Мерседес» микроавтобусы апатқа ұшырап, жеті адам зардап шекті деп хабарлайды Алматы облысы ІІД-нің баспасөз қызметі.
Жол апаты Ұйғыр ауданына тиісілі Бахар ауылына жақын республикалық тас жолына 239 километр қалғанда орын алған. Тексеру нәтижесіне сүйенсек 22 жасар жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған.
ҚХР азаматтары Атырау облысындағы мұнай компанияларының бірінде қызмет атқарған. Олар Хоргос кедендік бекетінен шекарадан өту мақсатында Панфилов ауданына жол тартқан болатын. Жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге Шонжы ауылында орналасқан емханада көмек көрсетілді.