Қалаға қарағай мен емен ексе...

/uploads/thumbnail/20170709103636397_small.jpg

 

       Оңтүстiкте әдетте саялы ағаштардан негiзiнен тал егiледi: ақ тал, жылауық тал, ешкi тал, жоңғарлық тал, лаплан талы (ақшiлiк), найзажапырақты тал, боз тал, сабау тал, сары тал, қаракөк тал, көгiлжiм тал... Аз-аздап терек (бальзами терек, ақтерек, мырзатерек, күмiстерек, қаратерек, лавр жапырақты терек, тораңқы терек) отырғызылады,-деп хабарлайды QAMSHY.KZ

Ал, хош исi бұрқырап тұратын қарағайды, боз аршаны, ат талшынды, 30-40 метрге дейiн биiктеп өсетiн, мол көлеңкелi, саялы алып емендi тiптi де көре бермеймiз. Бұлар көрiктi, саялы ғана емес, ауаны түтiн, газдан тазартатын, шаң-топырақты басатын, жақсы құрылыс материалы да бола алатын құнды ағаштар. Ауылдық жерлерде олардың қалемше-көшеттерi табыла бермейдi, сондықтан қолға түсетiнi –тал, терек, жиде ғана. Дегенмен, жолын тауып, ретiн келтiрiп, бұтақтарында он-ондаған тиiн секiртiп, жұпар исiн аңқытып қарағай да, аспанмен тiрестiре көкке өрлетiп емен де өсiрiлсе, елдi мекендердiң көркi де, ауасының тазалығы да арта түсер едi-ау...

Емен демекшi, ол Шымкент қаласының саябақтары мен көше бойларында да көзге тым сирек түседi. Емен – ағаштардың атасы. Бөрiкбасы он екi қанат үй аумағындай, ыстық-суыққа төзiмдi, жерсiнген. Өткен ғасырдың жетпiсiншi жылдарына дейiн Шымкент қаласының қазiргi Кеңбаба, орталық саябақтары мен Тәуке хан, Қазыбек би, Абай, Диваев, Тәшенов, Майлықожа, Түркiстан, Иляев, т.б. даңғылдары мен көшелерiнiң бойларында бiрыңғай емен ғана өсiп, аспандап, жайқала тұтасып тұрар едi. Кейiндерi балталанып кеттi. Олар бiр ғасырдан астам уақыт бойы өсiп тұрды. Жалпы, емен, әсiресе, оның шырышты түрi қолайлы күтiм көрсетiлсе, 1500 жылға дейiн жасай бередi. Литвада «Қарт» деп ат қойылған 2000 жастағы емен ескiден келе жатқан кәрi ағаш екенi байқалмай, жайқалып өсiп тұр. Польшада «Лех», «Чех» және «Русь» деп аталатын 900 жылдық үш емен бар. Шымкенттiң бүгiнгi лас ауасы, ми қайнатқан ыстық аптабы, су-ылғал тапшылығы сияқты қолайсыз жағдайының өзiнде бұл ағаш түрi 4-5 ғасыр бойы өмiр сүре алады. Ал, қазiр бiз егiп жүрген ағаштарымыздың бiрқатар түрi, тiптi, аса қолайлы жағдайдың өзiнде, бұдан едәуiр аз жасайды. Мiне, ғалымдардың бұл жөнiндегi есебiне қараңыз:

–сұр қандыағаш (Ольха серая) – 50-70 (ең ұзақ дегенде – 150) жыл өмiр сүредi, көктерек (осина) - 80 -100 (ең ұзақ дегенде –150) жыл, шетен (рябина) – 80 -100 (300) жыл, бозарша (туя, батыс туясы) –100 -115, қара самырсын (майқарағай-пихта) – 150 -200, шаған (ясень) –150-200 (350), жабайы алма – 200, кәдiмгi алмұрт – 200 (300) жыл өмiр сүредi. Ал, рас, жылтыр шегiршiн (вязгладкий) – 150 (300-400) шамшат (бук) – 400-500, кәдiмгi қарағай –300-400 (600), жөке (липа) мен шырша (ель) –350 - 450 (500), арша (можжевельник) – 600 жылға дейiн жасайды дейдi.

Иә, аталған ағаштардың көбi еменмен салыстыруға келмейдi. Сондықтан көгалдандыру мәселесiнде оған мүмкiндiгiнше назар аударылғаны жөн болар едi. «Емен тым көп бұтақты, бөрiкбасы да тым зор, көшенi бүркеп алады, сөйтiп, электр, телефон, радио желiлерiн тартуға, құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргiзуде қолайсыздық туғызады» деген оймен де оны көп еге бермейдi. Көп бұтақты болса – шырпыңыз, зор бөрiкбасты болса – отаңыз. Емендi әсiресе, саябақтарға, ашық алаңдарға, мол егу керек-ақ. Жалпы, дұрыс отырғызылса, дұрыс күтiм жасалса, онда Шымкент топырағында, оның ғана емес, облыстың барлық жерiнде дерлiк ағаштардың көптеген түрiнiң жайқалып өсерi анық. Қолға түскенiн қадай салмай, таңдау, iрiктеу керек. Айтайық, көше, алаң, саябақтарға қарағайды да көп еккен жөн. Кәдiмгi қарағай, сiбiрлiк және еуропалық қарағай, май қарағай, бал қарағай... Қаламызға көрiк, жұпар ауа берер едi десеңiзшi! Әсiресе, Қырым қарағайына баса назар аударған дұрыс-ақ. «Қарағай бiзде өспейдi. Ыстық ауамызға шыдас бере алмайды» деп ойлайтындар да бар. Қырым қарағайы мұның бекершiлiк екенiне дәлел. Ол бiзде жерсiнiп, өте жақсы өсуде. Әттеген-айы, өте аз өсiрiлуде. Қазiр Шымкент аумағында отырғызылған қарағайлар саны, сiрә, 400-500 түптен аса қоймайды-ау...

Сондай-ақ, талшын да (шамшат – буктың бiр түрi, каштан) жақсы ағаш. Оның ат талшын және желiнетiн талшын делiнетiн түрлерi бар. Ат талшын бiздiң ауа райымызға төзiмдi. Қытайы шаған – айлант та назар аударуға тұрады: жылдам өседi, ыстыққа шыдас, гүлзарларға сән бередi. Жоғарыда ұзақ жасайтын ағаштардың бiрi арша делiндi ғой. Оның түрi көп: қара арша (дәрi арша), сауыр арша (қызыл арша), тапал арша, балғын арша (өрiк арша), түркiстандық арша, т.б. Осылардың кәдiмгi аршасына қолайлы жағдай туғызылса, ғалымдардың айту-жазуларына қарағанда, 600 жылдан 800-1000 жылға дейiн өсiп тұрады екен. Тiкендi және еуропалық аршаны да егуге болады.

Шымкент қаласы мен облыс елдi мекендерiнде үйеңкi ағашы да (ақ үйеңкi, сүйiржапырақты үйеңкi, татарлық үйеңкi – қарашаған, т.б.) кездесiп қалады. Оны бiразымыз өсiмтал, ыстық пен суық, шөлге шыдамды санаймыз, ендi бiразымыз ұната қоймаймыз: қасындағы ағаштарды өсiрмейдi, солдырып, жайпап тастайды деймiз. Мен агрономмын, бiрақ орман шаруашылығы маманы емеспiн. Үйеңкi туралы көп бiле бермеймiн. Бiлетiнiм: ол Солтүстiк Америкада ну орман болып өседi. Қантты үйеңкi Канаданың ұлттық ағашы саналады, оның жапырағы осы мемлекеттiң елтаңбасы мен туында өрнектелген. Канаданың шайбалы хоккей құрамасы «Үйеңкi жапырағы» аталады. Үйеңкiден өте құнарлы, тәттi қант алынады. Қабығын шекiп жiберсе, шырыны тамшылайды. Ағаш бойында ол, әсiресе, ақпан-наурыз айларында мол болады дейдi. Бұл кезде бiр түп үйеңкiден 2-4 килограмм қант дайындалатын нәрлi су алынады екен. Қант үйеңкiсiнен Канада мен АҚШ-та жыл сайын 4 мың тоннаның арғы-бергi жағында қант дайындалады. Бiздiң кәсiпкерлерiмiз, мамандарымыз бұл мәселе бойынша бiр мезгiл ойланып қойса, артық болмас едi-ау.

Сәдiл КӘДЕЕВ, Шымкент қаласының тұрғыны.http://okg.kz/

Қатысты Мақалалар