Ирандық әйелдер ғаламторға хиджапсыз түскен фотоларын жариялай бастады. Иран Республикасының заңы бойынша, әйел адамдарға көшеге жалаңбас шығуға тыйым салынған. Сондықтан, әйелдерге хиджапсыз сүретке түсу әзірге тек жасырын құбылыс қана болып отыр.
"Жасырын" (ағылшынша - stealthy) деп аталатын Фейсбук парақшасында әйелдер орамалсыз суреттерін жариялаған. Небәрі 10 күн ішінде бұл парақшаға 150 ирандық қыз-келіншектердің орамалсыз суреттері салынып, 148 мың "ұнайтын" пікір алған.Алайда, суреттердің көпшілігі табиғатта, автомобиль салонында және басқа да қоғамдық емес орындарда түсірілген.
Бұл әлеуметтік парақшаны Масих Алинежад (Masih Alinejad) есімді журналист ашқан. Оның айтуынша, ирандық әйелдер тек заң қатал болғаны үшін ғана емес, отбасы құндылықтарына әдеппен қарайтындықтан, жұмыстарынан айырылып қалмауы үшін және қоғамның теріс пікіріне қалмауы үшін оранып жүреді. Сондықтан, аз уақытқа болса да орамалды шешкені - "бостандық дәмін" жасырын сезінуімен бірдей. Осы сезімді аз уақытқа болса да сезінулері үшін журналист Масих Алинежад "Жасырын" Фейсбук тобын құрған екен.