НАСА мен Калифорния университеті ғалымдарының болжауынша, Батыс Антарктида мұздығы еруін тоқтатпаса әлемдік мұхит деңгейі жақын уақытта 4,5 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай қорытындыға ғалымдар 40 жылдық бақылаудан кейін келіп отыр. Олар Амундсен теңізінің аумағындағы Батыс Антарктида мұздарын толық зерттеген.
Сарапшылардың айтуынша, мұздықтардың еру процесі басталып кеткен және оны тоқтату енді мүмкін емес. Процесс бірнеше жүзжылдыққа созылады деген болжам да бар. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, еру үдерісі ғалымдардың күткенінен де тез жүріп жатыр. Соның салдарынан алдағы онжылдықта мұхит деңгейінің көтерілуі байқалады дейді олар. Мұздықтардың еруіне себеп болған негізгі екі жайт - ғаламдық жылыну мен озон тесігі. Осы факторлар антарктидалық желдердің бағытын өзгерткен. Салдарынан ауа температурасы жоғарылапты. Ғалымдар өз зерттеуінде мұздың еру динамикасын толыққанды зерттеп шыққан. Ол үшін мамандар жерден, ұшақтан және спутниктен түсірілген материалдарды пайдаланды. НАСА ғалымдары бұдан кейін де Жер климатының өзгеру процестерін зерттеуді жалғастырмақ.
Бақ.kz