Бүгін, Алматыдағы Республика сарайында «МузАрт» тобының концерті өтеді. Кеш топтың ән әлеміндегі 15 жылдығына арналған.
Естеріңізге салсақ, «МузАрт» триосы шығармашылықтарының 15 жылдығына орай ағымдағы жылдың 8-ші шілдесінде Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында тыңдармандарына есеп берген болатын.
Сахна жұлдыздары бұл жолы да өздерінің үздік әндерін дирижерлер Александр Беляков, Александр Абылаев, композитор әрі продюсер Ринат Гайсин және «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрімен орындайды.
Сәкен Майғазиевтің айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған концерт екі уақытта болады - біріншісі 16.00-де, екіншісі 19.30-да. «15 жылда біз 100-ден асан ән жаздық. Концертте барлығын орындай алмаймыз. Бірақ біз халық сүйіп тыңдайтын 28 әнді таңдап отырмыз. Сонымен қатар, жаңа әндерді де орындайтын боламыз», - деді ол.
Оның айтуынша, сахнаға өзі, Мейрамбек Бесбаев және Кенжебек Жанәбілов жеке шығып та ән орындайды. Сонымен қатар, «МузАрттың» бұрынғы әншісі Мақсат Базарбаев та сахнаға шығады. Сондай-ақ, топтың келесі жылы Қазақстан қалаларында жеке шығармашылық концерттерін беру жоспарланған.