Бүгін Мемлекет басшысы Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын енгізді.
Осыған орай, «Қамшы» тілшісі Қазақстанның тәуелсіз 25 жылында түрлі қоғамдық-саяси жағдайлармен тұтқындалған, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосқан танымал азаматтарды санамалап көрді.
Арон Атабек

Ақын Арон Атабек Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған деген айыппен 2006 жылы шілдеде 18 жылға сотталған. Ол тіркелмеген «Алаш» ұлттық тәуелсіз партиясының төрағасы, Оны азаматтық қоғам саяси диссидент деп бағалайды.
Арон Атабек (Едігеев) 1953 жылы Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. Ленинград мемлекеттік университетінің моңғолтану және түркология кафедрасының аспиранты. Ғылыми және әдеби кітаптардың авторы.
1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, одан кейінгі екі жылды қуғында өткізді.
1990 жылы советтік Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз саяси басылымдардың бірі – «Алаш» газетін шығарды. Сол жылы «Алаш» ұлттық тәуелсіз партиясының төрағасы болып сайланды.
1991 жылы саяси қысымның салдарынан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Сол жақта «Хақ» атты газет шығарды. ТМД-ның бірқатар елдерінде саяси эмиграцияда жүрген ол бес жылдан кейін ғана Қазақстанға қайтып оралды.
2005 жылы Қазақстан баспанасыздарының қозғалысын ұйымдастырды.
2006 жылы шілде айында Арон Атабек биліктің Шаңырақтағы заңсыз салынды деген үйлерді бұзып, ол жерлерді босатуы барысында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, полицияның өліміне кінәлі деген айыппен ұсталды.
2007 жылы 5 қазанда Арон Атабек «Шаңырақ оқиғасы» бойынша Алматы қалалық сотының үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айрылды.
Мұхтар Жәкішев
2010 жылы 12 наурызда Астанадағы аудандық сот Мұхтар Жәкішевті 14 жылға, оның күзетшісі Талғат Қыстаубаевты 5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Жәкішевке Венада «Қазатомпром» компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапқан, астыртын касса ұстаған, күзетшісі Қыстаубаевқа екінші еңбекақы төлеп келген деген айыптар тағылды.
1998–2009 жылдар арасында «Қазатомпром» ұлттық компаниясын басқарған Мұхтар Жәкішевтің 2009 жылы аяқ астынан қамауға алынуын тәуелсіз сарапшылар екі түрлі себептен көреді.
Алғашқы себеп ретінде оның 2003 жылы оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовты түрмеден босатуды сұрап «кепіл болғандардың» ішінде жүргендігі аталады.
Мұхтар Жәкішевтің қамауға алынуының тағы бірі себебі ретінде оның уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, «Қазатомпроммен» серіктес болғысы келген жапониялық Toshiba компаниясы арқылы канадалық Uranium One-ның жолын кеспек болғаны да айтылады.
Қамауға алынардан аз бұрын, 2008 жылдың қаңтарында Мұхтар Жәкішев өзі басқаратын «Қазатомпром» ұлттық компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен Канада мен Австралияны артта қалдырып, әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген еді. Бірақ ол қызметінен босатылғаннан кейін Ресей канадалық Uranium One компаниясын Қазақстанның уран кеніштеріндегі үлесімен қоса сатып алып, 2011 жылы «уран қоры мен өндірісі жөнінен әлемде алғашқы орынға шықты.
Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда «Қазатомпром» компаниясының басшысы қызметінен алынып, тұтқындалды.
Саят Ибраев

Саят Мұратұлы Ибраев 2011 жылы Қазан айында 1) ҚР ҚК-нiң 235-бабының 3-бөлiмi. 2) 126-баптың 3-бөлiмi. 3) 125-баптың 3-бөлiмi. 4) 102-баптың 2-бөлiмi. 5) 164-баптың 3-бөлiмi. 6) 337-баптың 3-бөлiмi бойынша айыпталып, 12 жылға сотталды. С.Ибраев 19.05.2010 жылы “АБЖАД” интеллектуалдық клубында сөйлеген сөзiнде “қазір елімізде вахабиттер, салафиттер, басқа да “иттер” қаптап кетті” деген бір ауыз сөзімен діндер арасында алауыздық туғызған және оның салдарынан ауыр жағдайлар орын алған-мыс.
Ол Халықаралық А.Гумбольдт қорының арнайы гранты негізінде (Қазақстан ғылымы тарихында бүгінгі күнге дейін бар-жоғы 14 ғалым ғана ие болған. Соның бірі С.Ибраев) Германияның, оған қоса Мәскеудің ірі ғылым ошақтарында іргелі іс атқарған, тәуелсіздік алған өтпелі кезеңде шетелде жоғары жалақы төленетін жұмысын тәрк етіп, туған елге қалтқысыз қызмет етемін деген асқақ ұстаныммен оралған азамат.
Оған қоса, С.Ибраев механика мен машина жасау саласында халықаралық 5 патенттің иегері, 3 ғылыми монография мен 60-тан астам ғылыми зерттеулердің авторы, Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мақтанышына айналған маңдайалды ғалымдарының бірі. 5 баланың әкесі, елімізге белгілі композитор, қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан Мұрат Ибраевтың жалғыз ұлы.
Түрмедегі Саят Ыбырайға сотталған жылы желтоқсанда Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толуына орай «Алаш жолы – Азаттық жолы» атты конференцияда «Алаш» төсбелгісі тапсырылды.
Ол сотталған күннен бері қарайғы 5 жылдың ішінде Қазақстан зиялы қауым өкілдері, ғалымдар оның бостандыққа шығуын сұрап жоғары билікке талай мәрте ашық хаттар жазды. Биылғы Ахмет Яссауи жылы құрметіне оған «кешірім» жасалар деген үміт те болды.
Осыдан бір жыл бұрын академик Асқар Жұмаділдаев та Саят Ыбырайға бостандық сұрап мәлімдеме жасаған болатын.
Серік Ахметов

Қазақстанның экс-премьері Серік Ахметовке осыдан бір жыл бұрын 11 желтоқсанда «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталып 10 жылға сотталды. Сондай-ақ Қарағанды облыстық соты Қазақстанның экс-премьер-министрі Серік Ахметовтің мүлкін тәркілеп, өзінің 5 жыл бойы мемлекеттік қызмет атқаруына тыйым салды.
Серік Ахметов 2012 жылдың қыркүйегінен 2014 жылдың сәуір айына дейін Қазақстан премьер-министрі қызметін атқарып, отставкаға кеткен. Бұдан соң ол қорғаныс министрі болып тағайындалып, былтыр қазан айында қызметінен босатылған еді.
Серік Ахметов оған дейін Қарағанды облысы әкімі (2009), премьер-министрдің бірінші орынбасары (2012) қызметтерін атқарған.
Бұл Қазақстанда премьер-министр қызметін атқарған саясаткерге тағылып тұрған алғашқы айып емес. 1994 жылдың күзінен 1997 жылдың күзіне дейін үш жыл премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдин қылмыстық қуғындауға ұшыраған еді. Оппозициялық пікірлерін білдіре бастаған Қажыгелдин 1998 жылы шетелге кетуге мәжбүр болды.
Серік Ахметовті азаматтық қоғам клан аралық саяси тартыстың құрбаны болды деп санайды.
Сейітқазы Матаев

Биылғы жылы ақпан айында Қазақстан журналистер одағының төрағасы, Ұлттық баспасөз клубы басшысы Сейітқазы Матаев «қаржылық қылмысқа қатысты күдікпен» тұтқындалды.
Қазанның 3-і күні Астананың Есіл ауданындағы №2 сотында Қазақстан журналистер одағының жетекшісі, Ұлттық баспасөз клубының президенті Сейітқазы Матаев пен оның ұлы ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаевтың ісі бойынша сот үкімі оқылды.
Матаев «қаржы жымқырды» және «салықтан жалтарды» деген айыптармен 6 жылға сотталды. Ал, оның ұлы ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев «қаржы жымқырды деген айыппен бес жылға сотталды. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, «Қазақтелеком» компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды. Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленді.
Қыркүйектің 27-сі күні «қаржы жымқырды» және «салықтан жалтарды» деген айып тағылған Сейітқазы Матаев соттағы соңғы сөзінде "Қазақстан журналистер одағы, ұлттық баспасөз клубы, ҚазТАГ ақпарат агенттігіне тексеру арқылы қысым жасаған адамдар» ретінде Нұрлан Нығматуллин мен Талғат Татубаевты да атаған еді.
Тұңғышбай Жаманқұлов

Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов 2 қарашада «69 миллион теңге жымқырды» деген қаржылық айыппен қамауға алынды. Алайда жұрт істің негізгі себебі оны Мәдениет министрімен арадағы қатынасы ушығып кеткен бюрократиялық қарым-қатынасында деп ойлайды.
Арада Мәдениет министрінің өзінің кепіл болуымен босаған Жаманқұловтың 8 қарашада Президенттен араша сұраған бейне жазбасы пайда болды. Ол, өзіне министр Мұхамедиұлының қысым жасағанын айтты. Жаманқұлов әлі қылмыстық жазаға тартылмаса да оған тағылған айыптар алынған жоқ.
Жаманқұлов еліміздің кино өнерінің дамуына да елеулі үлес қосты. Жаманқұлов - концерттік ұжым «Тамашаны» алғашқы ұйымдастырушылардың бірі. Ол 1974 жылдан педагогикалық қызметпен шұғылданып, Қазақ драма театры жанындағы студияда, Алматы мемлекеттік университетінде дәріс оқыды. 1979 жылдан Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік шеберлік бойынша сабақ беріп, жеке курс жүргізді.
Талғат Аян & Макс Боқаев

2016 жылы қарашаның 28-і күні Атырауда судья Гүлнәр Дәулешова азаматтық белсенді Макс Боқаев пен Талғат Аянға үкім шығарды.
Белсенділердің әрқайсысы бес жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Макс Боқаев пен Талғат Аян 24 сәуір күні Атырау қаласында жер реформасына қарсылық ретінде өткен жаппай митингтен соң қамауға алынған. Макс Боқаев пен Талғат Аянға бірқатар қылмыстық баптар (соның ішінде “алауыздық тудыру”, “заңсыз митинг ұйымдастыру”) бойынша айыптары тағылған. Азаматтық белсенділер бұл айыптардың ешқайсысын мойындаған жоқ.
Сәуір және мамыр айларында Қазақстанда жүздеген адам жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы митингілерге шыққан еді. Бұл кодексте ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беру мерзімі 10 жылдан 25 жылға ұзартылған болатын. Жер реформасына қарсы алғашқы митинг сәуірдің 24-і күні Атырауда өтті. Осы қарсылық шерулерінің нәтижесінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің кейбір баптарын енгізуге мораторий жариялады.
Нұрғали НҰРТАЙ