БАЛА ҚҰҚЫҒЫ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БІРІ

/uploads/thumbnail/20170709184459650_small.jpg

Әлемде әр 2 минутта бір бала зорланады. ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, дүниежүзі бойынша 5 минутта бір бала адам қолынан өледі. 2016 жылы Қазақстанда 183 балаға зорлық-зомбылық көрсетілген. Ал 18-ге толмаған әр үшінші қыз жыныстық бопсалаудың құрбаны болған.  Ол бойынша 111  адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы кездері балаларға жасалған қылмыстық оқиғалар жиілеп кетті. Педофилдің құрбаны болған 6 жастағы Виктория ауруханада есін жимастан көз жұмды. Ал 9 жастағы қызын соққыға жыққан Анар Төреге қатысты сот 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды. Осыған ұқсас, Нұргүл Докуованың да ісі қаралуда.  Өз әрекетіне өкінетінін айтып, соттан тізерлеп кешірім сұраған Нүргүл Докуова ана құқығын айырмауын өтінуде.

Статистика, өткен жылмен салыстырғанда 2016 жылы аталмыш факторлар азайғанын көрсетеді. ІІМ 2016 жылдың 3 тоқсанында кәмелетке толмаған балаларға  көрсетілген зорлық бойынша 711 қылмыс жасалғанын айтқан болатын.  Ал 2015 жылы дәл осындай 858 қылмыстық іс қозғалды.

Балаларға көрсетілген зорлық-зомбылық – физикалық, эмоционалды, сексуалды түрде болады. Мамандардың пікірінше, баланы ширату мақсатында жылулық, мейірім білдіріп, қамқорлық көрсетпеу де оған жасалған қиянат болып есептеледі.

Физикалық зорлық – балаға қасақана түрлі дәрежедегі жарақаттар салу.

Сексуалды зорлықбаланы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу, физикалық қатынасқа түспесе де, өзінің ұятты жерлерін көрсету, порнографиялық мазмұндағы бейне жазбалараға түсіру.

Эмоционалды зорлық – балаға дұшпан ретінде қарау немесе оны мүлде елемеу арқылы оның өзіне сенімділігін жоғалтуға себепкер болу, өзін басқалардан төмен санай бастауы, патологиялық мінездің қалыптасуы және сол арқылы қоғамға сіңісе алмауына соқтыру. Сонымен қатар, балаға қатты айқайлау, жеке басына тиісу, қорлау, көңіл бөлмеу, әрбір іс-әрекетін сынап-мінеу, балаға жаман  сөздер айту, оның көзінше үй жануарын азаптау немесе өлтіру жатады. 

Әлемдік проблемаға айналған аталмыш мәселені шешу үшін, дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы көп салалы бағдарлама жасауды ұсынып отыр. Яғни, ата-анаға қолдау көрсету, бала-тәрбиесінде бағыт-бағдар беру. Мұндай бағдарламалар баламен қарым-қатынасты түзетеді деп сенеді. Сарапшылар бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың ойынша, көп ата-ана баласына қол жұмсау арқылы оған тек физикалық қана емес, психологиялық ауруларға душар ететінінен бейхабар.

АҚШ-та жүргізілген «Қиын балалық шақтағы тәжірибе» (Adverse Childhood Experiences, ACE) атты зерттеу көрсеткендей, бала кезінде махаббат, жылу, қамқорлық көрмеген немесе жиі соққыға жығылған бала созылмалы ауруларға бейім болады. Ондай балалардан өскеннен кейін де психологиялық ауытқушылық байқалады. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әйелдердің 20%, ерлердің 5-10% бала кезінде жыныстық зорлықты бастан өткерсе, 20-25% балалардың физикалық зомбылықтың құрбаны болған. Психологтар бала кезден жиналған ауыртпалықты сыртқа шығармаса, эмоционалды тұрғыдан жапа шегетінін айтады.

 

Мен айтуға қорықпаймын

Ағымдағы жылдың шілде айында украиналық журналист Анастасия Мельниченко #Мен айтуға қорықпаймын хэштегін жазып, бұған дейін ешкімге тіс жарып айтпаған оқиғасын ашық жазды.

«Менің жасым алтыда болатын. Үйге туыс ағам келді. Ол мені тізесіне отырғызғанды жақсы көретін.  Мен бойжеткенде ернімнен сүюге талпынатын. Оның бұл әрекетінен қашсам, «тәрбиесіз» болып шыға келемін».

«13 жасымда дүкеннен шығып, үйге қарай беттедім. Екі қолымда азық-түлік салынған сөмке. Қарама-қарсы бағытта келе жатқан ер кісі қатты жылдамдықпен келіп, екі аяғымның ортасынан ұстап,  жерден көтеріп алды. Мен қатты есеңгіреп қалдым. Не істеу керектігін білмедім. Ол мені жібере салып, өз жайымен кете барды», деп ағынан жарылды.

Аталмыш бастаманы түрлі елдердің әйелдері іліп әкетті. Өзінің бала кезде көрген қорлықтарын ашық жазды. Оның ішінде Қазақстандық қыз, келіншектер де көп. Алғашқыларының бірі - Динара Қасымбекова болды.

Динара Қасымбекова: «Үлкен, екі қабатты үй. Оның бір бөлмесінде 10 жасар қыз кітап оқып отыр. 15 жасар жиені өте қызықты «ересектердің ойынын» ойнауды ұсынады. Барлығы ерінмен сүйісуден басталып, шешініп тастап, бір-біріміздің денемізді мұқият қарап, физикалық жақындасумен аяқталды. Әлі күнге дейін еске түсіргім келмейді. Тазаруды қалаймын... »

Айнұр Әбсембетова: «Мен 9 жаста болғанда, үш түн қатарынан студент ағамнан барынша қорғандым. Менімен жыныстық қатынасқа түсуге талпынды. Қорғанатын заттарды дайындамай, көз ілмейтінмін. Тырнаққа арналған қайшы, қысқыш, кемпірауызды жастығымның астына тығып қойып жүрдім. Келесі бөлмеде ата-анам ұйықтайтын. Анам менің неліктен тоқтаусыз жылай беретінімді түсінбеді. Мен қорықтым. Ұялдым. Мен үшін барлығы таңсық еді...Айта алмадым...Қалай түсіндіру керектігін білмедім. Анам шапалақпен тартып жібергенде ғана жылауымды тоқтататынмын».

Бұл - ресми статистикадан тыс бүлдіршіндердің  үнсіз қорлық көріп отырғанын тағы бір мәрте айғақтайды. Психолог Оксана Чолак ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнатуға шақырады. Ол үшін оны кез-келген жағдайда, баз қалпында жақсы көретініңізді жиі білдіріп отыру қажет дейді. Сол кезде бала сыр сақтамай, өміріндегі барлық жағдайлармен анасымен бөлісіп отырады. Бұл оң, солын танып қалған жасөспірімдерге қатысты. Ал мектеп жасына дейінгі балалардың физикалық, сексуалды немесе психологиялық зорлыққа тап болғанын білу үшін, оның іс-әрекетіне, әрбір қимылына зер салуға кеңес береді.

Оксана Чолак, психолог: «Кішкентай балалар бастан өткергенін, іс жүзінде басқа адамдарға немесе ойнағанда ойыншықтарға қайталайды. Оның бойында агрессия, шамадан тыс қорқыныш пайда болса дабыл қағу керек. Кез-келген ата-ана қайғының алдын алғысы келетіндігі орынды. Сондықтан, оқыс оқиғалар кезінде оның өзін қалай ұстап, қандай әрекет жасау қажеттігін ертегі арқылы түсіндіру керек. Мәселен, кішкентай қоянға белгісіз аю жақындағанда, ол дереу қашып кетті. Себебі, оның анасы оған танымайтын жандармен мүлде сөйлеспеуді үйретті деген секілді. Бала өзін сол қоянның кейпінде сезінеді. Бұл оның әлемге деген кіршіксіз көзқарасын кірлетпеуге  және психикасына зақым келтірмеу үшін қажет.  Ал қиын жағдайға тап болғанда, бастан өткергені туралы есте қалған сәтті басқа жарқын істермен алмастыруға тырысу керек. Бірақ, өкінішке орай бала ешқашан бұрыңғыдай бола алмайды».

Оксана Данииловнаның тәжірибесіндегі әр бесінші емделуші жақын туыстарының тарапынан сексуалды бопсалауды бастан өткергендер. Психолог, балаға мұндай зорлықты көбіне бөтен адамдар емес, жақын туыстары, көршілері, жақсы араласатын құрдастары баратынын айтады. Көп ата-аналар ол туралы білсе де, үнсіз қалады. Себебі, қазіргі қоғамда өзгеге үлгілі, бақытты отбасы болып көріну маңызды. Ең үлкен қателік те осында. Қылмыскер өзіне тиісті жазасын алмай, жиіркенішті әрекетін басқа балаға қайталайтынын ұмытпау қажет.

 

Қылмыс пен жаза

Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің құқығы қорғалған және оны бұзған адам әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылады. Егер балаға қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірілсе, ҚР заңының 104-бабына сәйкес айыпталушы 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге күш қолдану әрекеттерi  арқылы тән немесе психикалық зардап шектірсе, елу айлық есептік көрсеткіштен, жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстарына тартылып немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

120-бапқа сәйкес, кәмелетке толмаған баламен жыныстық қатынаста болу 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығына айыруға және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге аластатылады.

Мәжіліс депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева педофилдерді өлім жазасына кесуді сұраған. Дәл осы мәселе турасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дариға Назарбаева да өз пікірін білдірген еді. Ол ана ретінде педофилдерге өлім жазасы лайық деп санайтынын алайда, халықаралық конвенцияға сәйкес ондай шешім қабылданбауы мүмкін екенін айтты.  

Педофилдерді өлім жазасына кеспесе де, химиялық піштіру жасалынады. Ағымдағы жылдың сәуір айында президент Нұрсұлтан Назарбаев «Балалардың құқығын қорғау мәселелеріне қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес, 2018 жылдан бастап қылмыстық істі тексеру барысында айыпталушы психологиялық сараптамадан өтеді. Егер оның кәмелетке жасқа толмағандарға әуестігі бар ауытқушылығы расталса, химиялық жолмен піштіріледі.  Мұндай әдіс көптеген елдерде қолданылады. Мәселен, Ресейде 2012 жылдан бастап аталмыш заң күшіне енген. Педофил өз келісімімен піштіруге рұқсатын берсе, түрмеге тоғытылмайды.  

АҚШ-та қоғамға қауіпті, бұрында қылмыс жасаған, әсіресе балаға қатысты заң бұзған азаматтар туралы барлық ақпаратты арнайы сайттан таба аласыз. Осылайша жұмыс берушілер, ата-аналар үйіне кезекті бала күтушіні немесе мұғалімді алмас бұрын, оның өткенімен таныса алады. Сонымен қатар, балаға зорлық көрсету бойынша сотталған американдықтар, түрмеден шыққаннан кейін де, құқық қорғау органдарының қадағалауында болады. Олардың балалармен жұмыс істейтін мекемелерде қызмет жасамауын, балалар көп шоғырланған аймақтан алшақ тұруын бақылайды.  

Білу маңызды

Қазіргі таңда ұялы телефонға түрлі бағдарлама орнату арқылы балаңыздың қайда жүргенін анықтауға болады. KidControl (Баланы бақылау), «Где ребенок» (Бала қайда) қосымшасын телефонға енгізіп, оның қай аймақта жүргенін бақылай аласыз.  Ол үшін kidcontrol.ru сайтында өз кабинетіңізді ашып, ғаламторға қосылған телефон, планшет немесе компьютерден кез-келген уақытта балаңыздың жүрген аймағын қарап отыруға мүмкіндігіңіз бар. Аталмыш бағдарламалар GPS , Wi-Fi және GSM қолданады.

Елімізде қиын жағдайға қалған балалар мен жасөспірімдерге арналған ақысыз телефон желілері бар. Зорлықты бастан өткерген бала, оған куә болғандар немесе баланың құқығы бұзылды деген күмәні бар әрбір азамат ҚР Білім және ғылым Министрлігінің балалардың құқығын қорғау комитетінің сенім телефоны  - 8 (717)2 74 25 28 нөмеріне хабарласа алады. Сонымен қатар, 105 жедел желісі жұмыс істейді.

Қазақстанның барлық облыстарында дерлік «Кәмелет жасқа толмағандардың бейімделу орталықтары» бар. Олар құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс атқарады. Аталмыш орталықта тәрбиешілер, психологтар жұмыс істейді. Құқығы бұзылған бала орталыққа түссе, дереу қажетті құзырлы органға хабарласады.

Бүлдіршіндердің ең бақытты балалық шағында агрессия, зұлымдықпен бетпе-бет келуі, өмірдің жаман тұсын ерте көруі дүние жүзін алаңдатып отыр. Себебі, бала – болашақ, бала – баға жетпес қазына. Сарапшылар оларға қатысты сабырлы, мейірімді болуға шақырады. Қоғамды дендеген мәселенің шешілуіне әркім осылай үлес қоса алады.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет 

Қатысты Мақалалар