ҚҰРМАНҒАЗЫ РАХМЕТОВ. ЭТАППЕН ӨТКЕН ЕКІ АЙ

/uploads/thumbnail/20170709184503603_small.jpg

«Желтоқсан 86-1»

«Желтоқсан 86-2»

«Желтоқсан 86-3»

«Желтоқсан 86-4»

«Желтоқсан 86-5»

«Желтоқсан 86-6»


Маңғышлақтың 34 зонасына енді етіміз үйрене бастағанымыз сол еді,  сендердің істеріңді қайта қарайтын  болды деген желеумен Алматы жаққа этапқа алып шықты. Автазактан вагонзакқа отырып алып, «Алматы қайдасың» ?,- деп бірақ тарттық. Жігіттерге қашан, қай заманда бостандыққа шығып жатсақ, 9 – мамыр күні Алматы қаласындағы «Панфиловшылар» паркіндегі  «Жұлдыз» мейрамханасында бас қосатынымызды естеріне тағы бір салдым. Жол жөнекей Әлібек, Дүйсенбек үшеуімізді Ақтөбе түрмесіне тастап кетті. «Транзиткаға»  кіргізерде мойынымдағы бойтұмарыма бола дубактармен бір қырқысып алдым. Оным бекер  болды ма екен?, - деген ой түрменің ең шетіне үшеуімізді апарып тыққанда, қайта-қайта оралып қоймады.  ҰҚК-нің түрмесінен кейін, қайтадан Алматы түрмесіне Жармұхамет екеуміз бірге кірген болатынбыз. Ақ төсек, таза бөлмеге үйреніп қалған екеумізге, Алматы түрмесінің «карантині» қатты тиді. Әсіресе, Жарикке. Темекі шекпейтін адамның іші ыс пен темекінің түтіні толған камерада отыруы аса қиын. Арестанттарға шекпе деп шек қоя алмайсың. Әрбірінің өз тағдыр тауқыметі  жеткілікті дегендей. Түтінге тұншыққан Жарик кішкене ғана терезенің жанынан кетпейтін, көзім түссе, сұмдық аяп кетемін. ҰҚК түрмесінде бірге өткізген үш айдай уақыттың ішінде бір бірімізге кәдімгідей бауыр басып қалыппыз. Ортамызда  орта жастан асқан қазақтың «бухгалтері» болған еді. Суретін салайын десе барынша қашқақтайтын. Дегенмен, Жарик көрсетпей , білдірмей салып алған екен. Сол суретті көріп қалған «баландер» (тамақ тарататын) жігіт:

-  Әй мынау не қып жүр, екі ай жоқ болып кетіп еді?,- деп қалды. Сол жерде ғана  Жарик екеуміз бір бірімізге қарап, келешекте, жаныңдағы адамды әбден танып білмейінше, көп сөйлемеу керек екенін ләм-мим деместен, іштей ұғындық. Екеумізді екі хатаға лақтырды. Осы жерден Жарик екеуміздің жолымыз екі айрылды. Хатаға кірсем, сегіз жылды жастап алып қызылордалық Ерлан жатыр. Содан көп ұзамай этапқа шықтым. Бағытымыз Маңғыстау. Амандасып транзиткаға кіріп барсам, іші қарақұрым халыққа толы екен, статьямды сұрады. Алпыс бес дегенім сол еді, орталарынан бір орысым атып тұрып:

- Ты на кого руки поднял? На русского Ивана, - деп төніп келе жатқан жерінде табиғи рефлексім қосылып, шарт та шұрт төбелесе кеттік. Соншама көптің ішінен бір ғана қазақ  жігіті жерге атып түскенін байқап қалдым. Бірақ оның көмегінің  қажеті жоқ еді. Жақсы бір соққы жеген орысымның жүні жығылып, орнынан тұрып келе жатқан болатын. Бұндайды күтпесе керек, «строгачымның» түсі сұп-сұр, маған дейін бүкіл хатаға ауа райын жасап тұрса керек, басын төмен салбырап кеткен, танауының астымен «бум-бум»,- деп бірдеңелерін күңкілдеп барып орнына  отырды. Жаңа фуфайкамның бір түймесі үзіліп түскен екен, басқасы барлығы орында. Жанындағы «шестеркалары» тездетіп чифер көтеріп жіберді. Мені татуластыққа шақырғаны болуы керек, орталарына шақырды. «Корточкаға» отырып үйренбеген, аяғым талып, ебедейсіз қозғалып қалған кезімде, қос қолымен басын қорғап ыршып кетіп  өзінің абыройын арестанттар алдында әбден төгіп алды. Сақтықта қорлық жоқ деген, әлгі павлодарлық  Май ауданының жігітін жолсерік қып жаныма алып, вагонзакты ерттеп мініп«тукутук-тук, тукутук-тук–татып» кете бардық. Этапқа берген қара наны  «селедкасымен» жүрек жалғап алып, өзіме беймәлім дүниенің ішіне ақырындап еніп бара жаттық. Вагонзак - кәдуілгі  купе,  темір тормен қоршалып қойылған, тек төрт адамға арналған  жерге он екімізді бірақ тоғытқан. Отыра отыра, отыратын жерім ойылып қалған сияқты. Жігіттермен алмасып жоғары жаққа шығып, біраз жантайып алдым. «Селедка» да өз ісін жасады, аузым кеуіп, бір тамшы суға зар болып жатқаным сол. Тордың арғы жағында қызыл пагонды солдаттар суын берсе, дәретханаға уақытында шығармай әбден қанымды ішті. Декабрист екенімді біліп алған орыстың сержанты дәретке шығарғанда(қазақтардан «салабон» кезінде көп таяқ жесе керек), таз ашуын тырнадан аладының керін әбден көрсетіп бақты, дубинкасы бұндай «допты» көптен көрмеген болса керек, жонымды былай өтсе де,  былай өтседе «сипап» өтеді.  Әрең сұранып барып, таяғыңды толығымен жеп қайтқан кезде, ойланып барып тамақ ішуге тура келеді екен. Әскерде болған Одессам есіме түсіп, әттең, сол жерде кездескеніңде ғой, қолымның ұшын да тигізбестен «сушилкаға» кіргізіп, батареяның тістерін санатып қояр ма еді?...

Айғай шудан басымды көтеріп алсам, Қандыағаш стансасына келген екенбіз.  Айғайлап, шапқылап жүрген жастар, балалар терезенің ашық тұрған тесігінен арестанттарға шай, темекі т.б. лақтырып, өздерінше қолдау көрсетеді екен. Біздің купеге де бірдеңелері жеткен сияқты. Солдаттар вагонның терезелерін жауып,  ішінде дем алу қиындап кетті. Со кездері осы Қандыағаш стансасы ерекше есімде қалған еді. Қайтарымызда  осы Қандыағаш арқылы өткен едік. Осылай қарсы алып, осылай шығарып салған «қандыағаштықтарға»  бір екі жол естелігімді арнап, рахметімді жолдағаным, артық болмас.

Ақтаудың түрмесіне енгеннен-ақ Алматыдағы орысым жанданып сала берді. Өздерінің «строгачтарын» кездестіріп, «бұлар балабақшаларды өртепті, ананы-мұнаны істепті» деп,  бұрқыратпасын ба?!  Басыма  қою қара бұлт үйіріле бастағанын байқадым. Басында құндыз бөркі бар, қап тауының азаматы болмағанда, іс насырға  шабар ма еді?  Ол барлық жайды толығымен білісімен:
 - Эх, мужики кончяите базар. Это же чистейшей воды, крассная пропаганда, - деп бір ауыз сөзбен, бәрінің ауыздарына құм құйды. Іштей риза болып қалдым.
Ақтөбе түрмесінің дәм-тұзына рахметімізді айтып, Алматы жаққа аттандық.  Этап, вагонзак, тук-тук, тукутук-тук. Екінші күні  жолда  денемнің қызуы көтеріліп, аузымның суы құрып, әрең ғана сөйлеп жаттым. Жігіттерге  жақын арадағы түрмелердің біріне тастап кетулерін айтып, есімнен айрылып қалыппын.
Есімді бір жисам екі дубак екі қолтығымнан сүйрете алып келе жатыр екен.  Сол сүйреткеннен сүйретіп, транзиттік камераға бірақ тоғытты. Біраздан кейін есімді жисам, түрменің ішіндегі «больничкада»  жатыр екенмін. Әлі күнге дейін Алмагүл есімін естісем, құлағым елең ете қалады. Жамбыл түрмесінде  маған екінші бір өмір силаған, ақ халатты абзал жан – Алмагүл есіме түседі. Ыстық өкілін беріп, жоқ дәрілерді өзінің ақшасына сатып әкеліп, екі айдың ішінде қос өкпеме тиген суықтың ізін де қалтырамай, аяққа тұрғызған осындай қазақтың асыл жандарын, қалай ұмытуға болады?...
Мен ұмытқан емеспін, ұмытпаймын да. Тілеуіңізді Тәңірімнің өзі берсін, Алмагүл!
Оңтүстіктің ауа райының жылылығы, адам баласының өзара қарым қатынастарына да әсері бар болып көрінді. Желтоқсандық екеніңді білген дубактардың өздері кормушканы ашып, темекі, шайларын тастап кететін. Мұнда желтоқсандық Ерлан, Ермек Аманқос, Нұрлыбай, Әділді  кездестірдім. Үш-төрт күн бір хатада болдық. Әділ бауырымызды Алаңда «инкасаторлар» ішінен атып, аударылып қалған ішек қарынын қолымен жинап алып, жүгіріп жүрген батырымызды атып кеткендерді іздестірудің орнына, ішін тігіп үш жыл арқалатып қоя берген системаға не дейсіздер?  Қазір де оңалып кеткен жүйені көрмей отырмыз.

Ақкөңіл Ерланымыздың кешарын тазалап, аяқ киімсіз қалдырыпты транзиткадағылар. Аяғымдағы етікті шешіп беріп, мен жылы жаққа кетіп барамын ғой, тәпішкемен де жетемін,- деген басым Қостанай облысынан бірақ шығыппын да, Ерланым Қарағандыда қалыпты. Оны кейін этаптағылардан естідім.  Осындай жағдайларды өз көзіңмен көрген кезде, көппен көрген ұлы той – Желтоқсан86-ның қадыры мен қасиетін бойыңа барынша жиып, болмашыға бола шаша бергің келмей кетеді екен. Ауырып қалған кезде, осындай ыстық құшақ пен жылы шырай танытқан  жамбылдықтар, қазекем айтпақшы, Жамбылдың қасиетті жерінде бір аунап тұрғаным да,   Желтоқсан86-ның қасиеті мен құдіреті екендігін Қостанайдың «Құсмұрынына», 33 зонасына түскен кезімде байқадым.

Жамбылдың 2-ші  зонасынан шыққан этаппен (отыздан астам арестанттар) «Құсмұрынның» карантиніне келіп кірдік. Бұнда бізден  Жеңіс, Құттыбек, Кенже отырған көрінеді.
Семейдің жігіттері «локалканың» сыртына келіп, танысып, темекі мен шай да тастап кетті. Уақытында зонаға шықтық. Мені семейлік  Мерхат деген жігіт қарсы алды. Ортада өзіндік беделі бар жігіт көрінеді. Семейлік жігіттер мен үлкен «срок» отырған Бейсен, Дархан ж.т.б жігіттермен таныстырып шықты. Он үш жыл отырған Бейсеннің  авторитетін пайдаланып, кочегаркада қиналып жүрген Жеңісті «баламуттың» жанына жұмысқа шығардық.  Бұл жер негізінен ағаш өңдеумен қатар мебель шығаратын фабрика екен. Жұмыс, жұмыс тек жұмыс. Кейіннен этаппен Шора, оның артынан Үсіпхан, соңынан Жамбыл келді. Иә , сол бесеудің бірі он бес жыл арқалап келген  - Жамбыл. Қайратқа ату жазасы берілгенін сонда естідік.  Алаңда жан алысып, жан берісіп жүрген сәттерде Савицкий деген телевидениенің бір жігіті қайтыс болғанын естігенбіз, соны нақақтан нақақ Қайраттың мойнына артып жіберген көрінеді. Қайратпен түрмеде бір камерада отырған Құттыбекке бәрімізден қаттырақ тигені анық. Иә, Қайраттың жайы бәрімізге де оңай тиген жоқ.
Прокурор досы бар бір журналист жігіт ату жазасын алған адам жайында жазбақшы екен. Көп ойланып, көп толғанса да, жаза алмай қойғаннан кейін прокурор досын мазалапты. Ақыр аяғында жалған іс ашып, әлгі жігітке ату жазасын бергенге ұқсайды. Ол жалған келісімді екеуі ғана біліп, жазып біткеннен кейін, шығарып алуға уәделескен екен. Соттың үкімі шығып, әлгі жазушыны жеке камераға қамап, ату мерзімін күтіп жатады. Жазайын десе ойы жан-жаққа қашып бастап қойған дүниесін аяқтай алмай жүреді. Прокурор досы жалғыз экземплярда газет шығарып, сол жерге өзінің некрологын бірінші бетіне шығарып, күнделікті жеткізіп тұратын газеттердің ішіне қосып жібереді. Газеттерді ақтарып отырып прокурор досының некрологына көзі түскен кезінде, байғұстың шашы бірден ағарып кеткен екен.

Әрине, тас түскен жеріне ауыр.

Көбінесе этаппен бірге келген жамбылдықтармен араласатынмын, Жамбылды да сол жігіттер қарсы алып алды. Ауыл жақтан хат, хабар жоқ. Зонаның ішінде біраз дүниені өзіміз күнде ішетін «шай» жайғастыратын көрінеді. Былай айтқанда «конвертируемая валюта». Бір келі шайын беріп Мерхат жерлесім бір ай жұмыстан «отмазка» алып беріп қойды. Таңертең тамақтан кейін «жилзонадан» ел қатарлы «промзонаға» өтесің. «Промзона» үлкен кәдуілгі «мебель» шығаратын фабрика. Балалардың ойыншық күрегінен бастап, сол заманның «модасына» айналған «стенкасына» дейін шығарады. Ағаштың түр түрі вагондармен келіп, түрлі түсті мебельдер вагонмен сыртқа кетіп жатады. Үш смена, қайнаған конвейер. Мерхат жерлесімнің арқасында фабриканы емін еркін аралап, жігіттердің «бендюжкаларына» кіріп, қою қызыл қара шайды ұрттап қойып, темекіні ауызға қыстырып-ап, ұзын сонар әңгімелердің қызығына батушы едім. Түскі тексеріс пен тамақтан кейін де сол өмір жалғасатын. Қаншама адам, соншама тағдыр тоғысы, ұшы қиыры көріне қоймаған алдағы алты жыл срок. Арнайы тапсырыстармен қызыл ағаштан жасалған бұйымдар,  әртүрлі формадағы  құрастырылған, ағаштан тегістей ойып жасалған  домбыра, қазақтың оюлы, әртүрлі шпоннан құрылып жасалған дөңгелек столдары, ... қысқасы , зергерліктің хас шеберлері  осында екен. Осындай бір кездесу он екі жыл отырған ұйғырдың орта жастан асқан азаматымен болды. Қолындағы кішкене ағаштан бір пішінді жонып жатыр. Келгенімді қош көріп, шай демдеуге де кірісіп кеткен. Қолыма алып қарасам, шахматтың ат  фигурасы. Сабы ағаш, жонатын жері темірдің  өткір түрі болса керек, ағашқа  лып-лып етеді. Бекер отырғанша деп мен де бір фигураны жона бастадым. Шахмат ойыны алыс Үндістанда шыққанымен есіме илоттардың спартасы  түсіп, солардың бас киім үлгісіндегі солдатты екі сағат төңірегінде ілдалдаға келтіргенім сол еді, қолымдағы фигураға көзі түскен ұйғырым алыстан сөз бастады. Қысқаша өмірбаяныма қаныққаннан кейін, мынандай жасай алатыныңды ешкімге айтпа, мен өзім саған «нөлевойды» алып берейін, сен маған аттың фигурасын ойып берші, қолыңнан көп нәрсе келетін сияқты деп, қайтадан шай демдеуге кірісіп кетті. Осы жолы дастарханға қай қуыстан  шығып жатқаны белгісіз тәттінің түрлі түстісі толып, кешке дейін ұзын сонар әңгімеге еніп кеттік.

Үнді аңыздары бойынша, билеуші Шерам дегенге  шахмат ойынымен бір данышпан таныстырып, үйреткен көрінеді. Ол ойынға аса қызығушылық танытып, тез арада игеріп , оның өзгешелігіне, әр түрлі әдемі комбинациялардың байлығына риза болады. Ал осы ойынды ойлап шығарған дана оның қол астында екенін біліп, билеуші оған ерекше алғыс білдіргісі келіп,  данышпанның кез келген бұйымтайын орындауға уәде береді. Ондай болса,  шахмат тақтасының бірінші шаршысына бір, екінші шаршысына екі, ал келесі шаршыларға бұрынғыдан екі есе артық  төрт, 8, 16, 32, 64 ... (1 + 22 + 23 + 24 + … +642 , сөйтіп 64-ші тақтаға дейін толтырып берсеңіз болды дейді. Билеуші осы санның қанша екенін білмей, оны данаға лезде беруді бұйырды. Магараджа есептеушілері бұл санды түні бойы есептеп, таңертең ғана математикалық шешімге келіп, оның мүмкін емес екенін әміршіге түсіндіреді. Себебі данышпан айтқан сан бүкіл Үндістанның бидай дәндер санына, тіпті бүкіл әлемнің бидай дәндері санына жетпейді екен. Бұл сан - 18 квинтильон бәленбай квадрильон түгленбай  триллион бәленше   миллиард  түгленше  миллион осынша мың ...,- деп миын ашытып жібердім-ау деймін, ертең ертерек келуімді сұрап, қалтама  көпшіліктің қолына түсе бермейтін фильтрлі темекісін тықпалағанына қарап, мен де өз өнерімнің нарқы мен парқын өзімше бағамдап, маңғаздана шығып бара жаттым. Кешкісін болған әңгіме жайын Мерхатқа айтып едім, ол осы зонадағы шахмат жасаудың королі екенін жеткізді. «Жігітке сегіз өнердің өзі де аз, үйренгің келсе үйреніп ал, өмірде артық болмайды, оның үстіне «блатной» темекі мен шай ешқашан артық болмайды»,- деп құптап, ағалық ақыл кеңесін айтқан еді.   1575 жылы Мадридте король Филипп II-нің хан сарайында испандық Рюи Лопес және Альфонс Серонаның италяндық Джованни Леонардо мен Паоло Бои арасындағы өткен шешуші ойын тарихта алғашқы халықаралық турнир болып саналады. Онда испандық шахматшылар жеңіске жеткен. 1836 жылы Лабурдоннеде әлем бойынша шахмат туралы «Паламед» деген журнал шығарылды. Кейіннен 1837жылы Ұлыбританияда және 1846 жылы Алманияда осы тектес журнал жарыққа шықты. 1851 жылы Лондонда тұңғыш рет халықаралық турнир өткізілді. Онда Андерсен деген шахматшының жұлдызы оңынан туып, жеңімпаз атанды. Тіпті, ол екінші халықаралық турнирді де бағындырған. 1867 жылы Парижде өткен үшін додада Колиш жеңімпаз атанды. Матчта алға шыққан Стейниц алғашқы әлем чемпионы атанды.

Шахмат демекші, құмар ойындары, оның ішінде картаға жолама деген ақыл кеңесті  сроктың басында құлаққа құйып алған болатынмын. Жамбылдық жігіттердің проходына бара қалсам екі жігіт ойынға қатты кірісіп кеткен екен, қызықтап қарап тұрдым. Ойын бітісімен маған қарап, тақтаның екінші жағына отыруды ұсынды. Аралас-құралас, әңгімеміз де жарасып қалған азамат болатын. Ойымда түк жоқ  кереуетке қонжия кеттім. Бұл шахмат ойынын ойнамағалы да біраз уақыт болған еді. Фигураларды тақтаға жинай бастаған едім, мен жай ойнамаймын, тек “интереске” ойнаймын дегенінде, төбеме жай түскендей болып, дегенмен, бойымды тез жиып алдым. Қалтамдағы портсигарымды шығарып қалсам  жеті тал сигарет қана бар екен. Әр партияға екі талдан, үш партияға алты тал, ал кеттік дедім. Сол кездері зонаның жағдайы қиындау  болатын. Шай-пай азайып, темекі магазиннен жоғалғанына біраз болып қалған. Анда санда сыртпен байланыс қиындап, режимнің күшейіп кететіні болып тұратын жайт. Қарсыласым жарайды деп келісімін берді. Ойын басталып та кетті. Жиырма минутқа жетпей жеңілгенін мойындады. Қызықтың көкесі енді күтіп тұр екен. Жамбылдан келген этап өзара қарым қатынастары мықты болатын, аяқ астынан чифер көтеріліп, шудың шөбі де иісімен отрядты жайлап ала жөнелді. Екінші партия оңайға тимеді, бір сағаттан астам уақыттан кейін жеңілгенін мойындады. Түрі біртүрлі өзгеріп кеткен, жамбылдықтардың  да өзара шүйіркелесуіне қарап бір нәрсенің өзгергенін байқау қиын емес еді. Әйтсе де, үшінші партияны біраз создым да, көңіліне қарап, беріп жібердім.  Қолын созып, жеңілгенін мойындап орнынан тұрып жатып:

Шахматты жақсы ойнайды екенсің, қайдан үйрендің, разряд бірдеңең бар ма?,- деп сұрады. Жоға, кезінде ойнағанмын. Ауданаралық оқушылар арасындағы шахмат ойынынан жарыста  (бірінші класста ) “сегіз жасар - чемпион”,- деген атағымнан басқа дәнеңем жоқ дедім. Ризашылығын білдіріп тағы қолын ұсынып жатты. Кейіннен естідім, сөйтсем, әлгі жігітім “двойканың” (Жамбылдағы зонаны солай атайды, сол кездері зоналар өзара цифрмен айтылатын) шахматтан кәсіби чемпионы болып шықты. Сол кездесуден кейін өзіме енді құмар ойындарын ойнамауға тағы да іштей серт бердім . “Целинныйдың” астындағы түрмеде өзіме енді “зарикті” қолыма алмаймын дегенімнен бе, мұнда да нарды ойнына қызығушылығым  мүлде жоқ болатын.

Бір күні бір күніне ұқсас, іркес-тіркес мұндағы өмір осылай өтіп жатты. Жұмысқа Жамбыл (Тайжұмаев) соғып тұратын. Екеуміз қосылып алып  желтоқсандықтарды  аралап шығатынбыз. Біз мұнда жетеуміз. Ұзынтұра Жеңіс (Дәулетов) жұмысын ауыстырғалы өңі кіріп, жап-жақсы болып қалды. Балашка екеуі  суреттерін салып, сыртқа да шығып қоятын болып алыпты, анда-мұнда темекілерін де ұстатып кетіп тұрады. Проректорлығы  мен  лекциялар, қағаз жұмыстарын мұнда қолына күрек ұстап, кірпіш құюға алмастырған Шора (Қарабаев) ағамызды көру қиын-ақ. Жас балалардан қалыспай, тырысып бағуда. Цехтың іші біресе суық, біресе ыстық. Күлдің ұнтағы өкпеңді қабады. Намысына тырысып тарамыстай болып алған. Бас бармағына қағаз жабыстырып алып, шпонның түр түрін қиюластырудың шебері болып алған Құттыбектің (Аймаханов) жұмысы да оңай емес, конвейерден қалмауы керек.

Үсіпханның (Сейтімбетов) цехтарына кірудің өзі бір күш. Кенже (Отарбаев) жұмысы да жаман емес сияқты.

Үш сменді  жұмыстың арасында уақыт тауып кейде бас қосып қалатын кездеріміз де болып тұрады. Ондайда: Шора статистикасын айтып, лекция оқығанды ұнатады. Ауру қалса да , әдет қалмайды деген . Ауылдан, қаладан, қыздарынан келген хаттарын айтып, интермедиялық көріністер мен Шахановтың поэмаларын жатқа оқып Жеңісіміз де қалыспайды. Құттыбек сиясы кеуіп үлгермеген өлең жолдарымен бөліседі. Кенже тәп тәуір дауысымен ауылдағы тойларға  бір саяхат жасатып алса,  Жамбыл жұғымды әңгімесі  мен тұшымды ойларын ортаға салып  қойып, анекдоттарын да жіберіп қойып отырады. Домбыра мен гитараны қатар игерген Үсіпхан түрлі-түрлі тілдерде әндерімен  көңілді бір сәт қош етіп, таңды атыратынбыз. Күнді түн, түнді күн  алмастырып өтіп жатқан заманымыздың  бірінде,  Алматы қаласының политехникалық институты студенті, түнгі әлемнің жұлдызы - Шолпан есімді (көркі затына сай) қыздың , алдында әлі он төрт жылы бар Жамбылды іздеп келіп, заңды некеге тұруы баршамызға ерекше әсер етті. Бостандыққа деген ұмтылысымыз бен болашаққа деген үмітіміздің отын жағып қана қоймай, сезім мен сенімімізді бір биікке көтеріп тастаған еді.  Сыртымыздан декабристер деп атайтын «құшмұрындықтардың» сөздері  дөп тиіп,  Жамбыл мен Шолпан жаңа өмірге бірге, қолтықтаса  қадам жасап бара жатты. Орыс революционерлерінің артынан қиыр Сібірге аттанып, олармен өмірдің барлық қиыншылықтары, ыстық суығына бірге көнген арулардың  бейнесін  Шолпанның  жүзінен көргендей әсер алып, мектеп қабырғасында жатталып қалған орыстың ұлы ақыны - Пушкиннің өлеңдерінің   жібі ағытылып кеткенін байқамай қалыппын:

Во глубине сибирских руд

Храните гордое терпенье,

Не пропадет ваш скорбный труд

И дум высокое стремленье.

Несчастью верная сестра,

Надежда в мрачном подземелье

Разбудит бодрость и веселье,

Придет желанная пора:

Любовь и дружество до вас

Дойдут сквозь мрачные затворы,

Как в ваши каторжные норы

Доходит мой свободный глас.

Оковы тяжкие падут,

Темницы рухнут – и свобода

Вас примет радостно у входа,

И братья меч вам отдадут,   - деп тоқтап , Чаадаевқа деген өлеңімен жалғастырып ала жөнелдім.

Любви, надежды, тихой славы

Недолго нежил нас обман.

Исчезли юные забавы

Как сон, как утренний туман.

Но в нас горит еще желанье

Под гнетом власти роковой

Нетерпеливою душой

Отчизны внемлем призыванье.

Мы ждем с томленьем упованья

Минуты вольности святой,

Как ждет любовник молодой

Минуты верного свиданья.

Пока свободою горим,

Пока сердца для чести живы,

Мой друг, отчизне посвятим

Души прекрасные порывы!

Товарищ, верь: взойдет она,

Звезда пленительного счастья,

И на обломках самовластья

Напишут наши имена!

Иә. Дауысымды біреу-міреулер естіп қойды ма деген оймен жан жағыма қарасам, өзім жалғыз екенмін. Өмірдің осындай бір белесінде айналаң құжынаған адамдарға толы болса да, тағдырдың тауқыметін әр кіміміз өзінше  ғана тартатыны анық.

(Жалғасы бар)

Қатысты Мақалалар