Министр намазханалардың жабылуы туралы түсініктеме берді

/uploads/thumbnail/20170709184613412_small.jpg

«Қамшы» порталы бұған дейін белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың «намазханалардың жабылуы» жайлы көтерген дабылын жариялаған еді.

Бүгін, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын ел аумағындағы намазханалардың жабылу себебін түсіндірді. 

Вице-министрдің айтуынша, үш жыл бұрын қабылданған ережеге сәйкес, намазxаналар мемлекеттік органдардан үш жүз метр шалғай жерде орналасуы тиіс. Алайда болашақта аталған ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін.

«Бұл ереже 2013 жылы қабылданған болатын. Ол кезде Дін істері агенттігі болған. Сол ережеге сәйкес, құқық қорғау, әскери және тағы басқа мемлекеттік органдардың 300 метрлік радиусында сондай діни орындар (намазxаналар -авт.) орналаспауы керек. Енді, уақыт өзгеріп жатыр ғой. Мысалы, кейбір жерлерде ол орналасқаннан кейін онда басқа бір мекемелер ашылып жатыр. Мысалы, осыған байланысты Астана қалалық дін істері басқармасы тексеріс жүргізіп, сол нормалардың орындалуын қадағалап отырады» деді Б.Арын.

Вице-министр сондай-ақ әлеуметтік желілерде xалықтың намазxаналардың жабылуына қатысты алаңдаушылығынан хабардар екенін жеткізді. Осыған байланысты алдағы уақытта ережеге өзгерістер енгізілуі әбден мүмкін. «Біз осы мәселеге қатысты барлық ұсыныстарды қарап жатырмыз. Болашақта ережелерге өзгерістер енгізілген кезде сол ұсыныстардың барлығын қараймыз. Дәл қазір тек сол ережеге сәйкес келмейтін намазxаналар ғана жабылды. Дегенмен, әрбір факті бойынша тексеріс жүргізіледі»- деп атап көрсетті вице-министр.

Еске сала кетсек, Қайрат Жолдыбайұлы өзінің алаңдаушылығында «Намаз оқитын адам әйтеуір бір жолын тауып, Алла міндеттеген парызын оқиды. Бірақ қай жерде? Бейберекетсіздікке өз қолымызбен итермелемей, өз еліміздің қадірін түсірмей намазхана ашуға не кедергі?! Ашуға емес, бар намазхананы жабуға не себеп? Экстремизмнен сақтану ма? Намазхананың бұрышына "бұл жерде уағыз айтуға болмайды" десек, жеткілікті емес пе? Кіммен сөйлессем, барлығы биліктің бұл шешіміне наразы. Мұсылмандарды билікке наразы көңілге итермелейтін мұндай істерге кім жауапты? Жоқ әлде "Кәпір билік" дейтін такфирилерге өз қолымызбен дәлел дайындап беріп жатырмыз ба? Олай болса, тәкфирилермен күресіп, босқа шабылып қайтеміз?!», - деген еді. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар