ҚҰРМАНҒАЗЫ РАХМЕТОВ. БОСТАНДЫҚ НЕМЕСЕ КӨРГЕН ТҮСТЕЙ ӨТКЕН ЕКІ ЖЫЛ ЕКІ АЙ

/uploads/thumbnail/20170709184614394_small.jpg

«Желтоқсан 86-1»

«Желтоқсан 86-2»

«Желтоқсан 86-3»

«Желтоқсан 86-4»

«Желтоқсан 86-5»

«Желтоқсан 86-6»

«Желтоқсан 86-8»

Замандасқа хат

Сол баяғы күшейтілген, қылмысты еңбекпен түзеу "Құсмұрын" колониясы, қысқаша-33ші зона. Алғашқы аласапыранның (этап) басылып, басқа салғанға көндіге, орныға, ортаға икемделе бастаған шағымыз. Аз да емес, көп те емес – жеті желтоқсандықпыз. Үлкеніміз Шора Қарабаев, кезінде ҚазМУ проректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары (60,65,170-1,146 бап, мемлекеттік айыптаушысы-Кулбаев, 6 жыл). Жасы үлкен демесең, қазірде бәріміздің дәрежеміз де, құқығымыз да тең. Барлығымыз да ұйымдастырушы, басбұзар, алқаш, наркомандармыз – бас еркінен айырылған. Жұмысқа шөгір, ақынжанды, марқұм Қайратпен бір камерада отырған - Құттыбек Аймаханов(60,65бап, мемл. айыптаушы-Усенбаев,5 жыл). Мұқтардың поэмаларын жатқа оқитын, театр көркемсурет институтының студенті, ұзын тұра - Дәулетов Жеңіс (60,65 бап,мемл.айыптаушы-А.Ақжарқынова,4жыл) .Жұмыс пен ыңылдап ән салудан жалықпайтын,әп-әдемі дауысы бар - Отарбаев Кенже (60 бап, мемл. айыптаушы-Қарақұлова,5 жыл). Осында отбасын құрған, сәулет құрылыс техникумының студенті, атышулы бесеудің біреуі, "тяжеловесіміз"-Тайжұмаев Жамбыл (60,65,173-1 бап, мемл. айыптаушы-И.Д.Баймұхаметов,15жыл) . Ауыр ойлармен, көңілдің кірлеген жерлерін күмбірлеген домбырасымен ашық та асқақ дауысымен таңға ән салатын, театр көркемсурет институтының студенті - Сейтімбетов Үсіпхан(65 бап, мемл. айыптаушы-И.Ж.Бахтыбаев,3 жыл).

Барлығына емші – уақыт, осылайша ақырын-ақырын сырғып өтіп жатыр, күн өткен сайын бостандықты бір табан жақындатып... Промзонада жүріп, сол Үсіпханның бостандыққа рақымшылықпен шығып бара жатқанын естіп, не сенерімді не сенбесімді білмедім. Сыр бере бастаған қос өкпемді қолыма алып, барынша ұшып келемін. Аяқ асты арқам қозып, бостандықтағы замандастарға деген сағыныш пен үміт оты лаулап, көптен оралмай кеткен ой мен орамдар өлең шумақтарына айналып кете барғаны...

Таудан құлап

Аққан судың арыны,

Тас бұзады

Деген мына өмірде.

Дарыны кең

Адамзаттың баласы

Жара салған

Пендешілік көңілге.

Иә,замандас,
Көңілдерде көп арман

Сағым болып,

Қол созады сонардан.

Жете алмай,

Жеткізе алмай жүрмейік.

Келешекке,
Керегінше солардан.

Уа, замандас,

Көңілде көп сұрақтар.

Жауап қайда,

Жүректерде  тұрақтар?

Шындық қайда,

Әділдік қайда көмілген?!

Төріне ме,көріне ме заманның...

Тек уақыт,

Тарих қана сұрақтар.

Уа, Ұлы Дала

Аққулары қайдасың?

Қане таста,

Жеке бастың пайдасын.

Халқың мынау,

Сендерден үміт күткен

Ордасында,
Бақыт тойын тойласын!

Құсмұрын.1988 жыл.

Түрмеде өткен екі жыл екі ай

 

22 ақпан менің өмірімдегі ең жарқын күн. 1989жыл, Қарағанды, "Долинка" зонасы. Таң атпай бөлмеге жақсы хабар келді, 71 ден "грев" келіпті. Жерлестерім зонаға, менің атыма, Талғаттан үлкен сәлемімен қоса, қомақты қонақсый жіберіпті. Палатаның үлкені Серік(пистолет) өзіне артылған жүктерді  жөн - жоралғысына сай,  жан жаққа жөнелтуде.

Тар қапастағы кішкене де болса жинаған атыма сай, масаттандым ба, көрші "локалкадағы" құдаммен бөлісуге шет шығып отырдым. Бір екі ауыз сөзге жеткізбей  зонадағы рупордың айғайлап қоймасы бар ма, сотталушы - Рахметов Қ. сені ДПНК-ға келуіңді талап етеміз. Бас аяғымды жиып үлгерместен  қару жарақ асынған солдаттар жетіп келіп, ай-шай жоқ, екі жақтап қолтықтай отырып, дедектетіп алып барғаны. Түкке түсінсем бұйырмасын. Келе сала  қай жерде тұратынымды, қандай көлікпен жететінімді сұрастыруда. Түсінбегендіктен де болар, мен сол баяғы, әдеттеніп алған жайыма салып, оларды да алыс үш әріпке жұмсап жатырмын. Сен бүгін бостандыққа шығасың, - дегендеріне де сенерім жоқ. Қалайша, 7 жылға жайғаса бастаған көңілімді, 2 жылдан енді асты дегенімде,  "бостандық", - деген (үш ұйықтасаң түсіңе енбейтін) бақыттың «форточкадан» кіргендей қағып тұрғанын. Палатаға  келсем  дастархан жаюлы, төңірегі толған - тағдырластар: Юра Потылицын (Өскемен); Александр Злодеев (Қостанай); Нұрсұлтанов Мырзабек (Семей); Тұрысбеков Сәкен (Талдықорған); Солтанбеков Нұрмұхамбет(марқұм) тағы да көрші палаталардан келген қонақтар, ине шаншар жер жоқ. Барлықтары да көкейлеріндегі жақсы ниеттерін жеткізіп бағуда. Бостандыққа деген барлық арыз бен ниеттерін жеткізуге тырысуда. Көп отырғызбай, айыл жыйғызбастан еніп келген әскерилер, тағдырластарыммен асыға-үсіге қоштасуыма ғана мұрсат беріп, дедектете тор темірдің сыртына ала жөнелгені. Түрме атаулыға апыл-ғұпыл енген басым, тура сол сияқты, апыл-ғұпыл бостандыққа да алып шықты. Түкке түсінсем бұйырмасын. Үстімде қап-қара зона формасы, қара құлақшын, қара фуфайка, қара шалбар, қара керзі етік, қолымда "кешарым", қалтамда бір-екі тал темекім, тұтатайын десем, шырпым да жоқ...
Зонаны күзететін "вышканың" үстіндегі қазақ солдаты екен, жағдайымды түсінді ме ,бір тал сіріңке сұрағанымда, қорабын лақтырып жібергені. Жаратқан ием  жар бола көр, - деп отыра кеттім. Темекімді аузыма апарып, шырпымен тұтата бергенімде ғана сыртта екеніме көзім жетіп, құшырлана ішке тартпасым бар ма. Сонда ғана бостандықтың дәмін сезінгендеймін. Десе де, ішкі костюмымның қынына тығылған, "лезвиелерімді" тексеріп қоямын. Шынымен, олар да жанымда екен. Ендеше, қорқынышым артта қалып, терең бір дем алып, қайдасың Қарағанды, - деп, кешарымды сол жерде өртеп, ішіндегі керегін қойныма салып алып, тартып отырдым. Автобекетке келсем бәрінің көзі менде көрініп, Абай деген жазуы бар автобусқа отыра салдым. Жанымда қазақ жігіті, мен оған жағдайымды түсіндіріп әлекпін, ол да түсінгендей, менімен Қарағандыға баруға келісімін берді. Автобустан түскен сәтте мен одан көз жазып қалдым, қорқып қашып кеткен де болар. Таксист жігітке Қарағанды деп едім келісе кетті. Қалаға жақындағанда мен де еркінсіп, қарындасым мен күйеу балам тұратынын айтып, торт пен коньяк ала салшы ,- деп ақша ұсындым.Ол дүкенге кіріп, барын алып келді, қазақи азамат екен. Айтқан мекен жайға әкеліп тастады. Жатақхана. Білетінім, кенже қарындасым - Бақыт, жақында тұрмысқа шыққан. Күйеу балам - Асан мен жездем – Сләмбек жақында «свиданкаға» келіп кеткен болатын. Түрім қорқынышты болар, сұрағандарымның бәрі Бақытты білмей шықты. Бір кезде ғана қаршадай қара қыз танитын болып шықты, жармасып алғаным бар ма. Ол алғашында қорыққанымен, кейіннен тұратын жатақханасына апаруға келісті. Екеуміз  такси ұстап  КарМУ-дың жатақханасына тартып тұрдық. Сүйіншісі сенікі, - деп дос қызын жатақханасына жіберіп , өзім далада тосып тұрдым. Олар жатақханада болмай шықты. Күйеу баламның курстастарды алдымнан күтіп алып, бөлмесіне апарып, асты-үстіме түсіп жатыр. Мен сенер сенбесімді білмеймін. Қарсы алғандар заң факультетінің студенттері...

Осыдан кейін байқап көр, заңның қандай екенін?!...

P.S: Қарындасым Бақыт  мені көре сала, Сен қашып шыққан жоқсың ба?, - деп өз көзіне өзі  сенбегені  әлі күнге есімде. Жоқ. Мен ешкімнен, ешқашанда қашқан емеспін. Мені босатты, кейіннен толығымен ақтады.

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар