Бүркіт: «Депутат емес, жақсы әке болғым келеді»

/uploads/thumbnail/20170709184615485_small.jpg

Айбек Жансейітов. Бұл – отандық әнші, екі баланың әкесі Бүркіттің азан шақырып қойған есімі. 1978 жылы Тараз өңірінде дүниеге келген Айбек мырза бүгінде халықты көңілді әндерімен қуантып жүр. Әншінің өнермен айналысамын деген шешімін отбасы құп көрмей, тіпті Алматыдан  Таразға қайтаруға тырысқан. Алайда Бүркіт ешкімге дес бермей, дегеніне жетті.

«Әкем әскери адам. Ал ағаларым бизнесте жүргендіктен, өнерді көп түсіне бермейді. «Не жүріс мынау?!» деп ұрысатын кездері болды. Мен әу бастан бұл істің қолымнан келетінін білдім. Тек уақыт қажет еді. Қазір әке-шешемді «Бүркіттің ата-анасы» деп таныстырғанда, марқайып қалады. Бұл күнге қажырлы еңбекпен ғана жеттім. Ниет те ақ болу керек».

Әншілерге қардай аппақ ниеттен бөлек, көңілді әндер де керек. Ән – адам  өміріне тікелей әсер етеді деп сенеді Бүркіт. Мұны ол өз өмірлік тәжірбиесінен айтып отыр. Бірнеше жыл бұрын Бүркіттің репертуарында – «Бақытымды таба алмай жүрмін» немесе  «Жауапсыз махаббат» деген сарындағы әндер көп еді.  Ол әншінің өміріне кері әсерін беріп, көп уақыт бойы өмірлік жарын таба алмай жүрді. Репертуарында көңілді әндер пайда бола салысымен, бақытын тапқан. Қазір Зейін, Омар есімді балалары бар.

«Өмірдегі ең үлкен мақсатым – балаларымның бойына нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді сіңіріп өсіру. Қартайғанда балаларыңың саған қалай қарайтыны,  тәрбиеге байланысты. Қазір жігіттермен «Ассалаумағалейкум, қалың қалай?» десең  «Барлығы ок» деп қарап тұрады. Сондықтан, баланың тәрбиесіне үлкен мән беру керек. Соңғы уақытта қос жыныстылар мен жынысын ауыстырғысы келетін жігіттер де көбейіп келеді. Олар да өздері туралы ашық мәлімдей бастады. Оған ғаламтордың көп әсері бар. 18-ге толмағандарға заң жүзінде кейбір сайттарға кіруге тыйым салу туралы үкіметке ұсыныс жасау керек. Ал өзім әке ретінде  балаларым 18-ге толмағанша үйдегі ғаламторды өшіріп тастаймын».

Әріптестеріңіз секілді депутаттыққа сайланып, аталмыш мәселелерді көтергіңіз келмей ме деген сауалымызға, әнші үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді.

 «Мен өз елімді сүйемін. Сайлауға қатысып, азаматтық борышымды өтеп жүрмін. Қазақстанда не болып жатқанынан хабарым бар. Алайда, әр адам қолынан келетін іспен айналысу қажет».

 

Сұхбаттасқан Әсем Әлмұханбет

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар