...Атты емеспіз, жаяумыз
Жаяудан да баяумыз
Он бес күндей жүргенде
Омбы жаққа таяумыз.
Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді.
Осынау әнге салғызған
16-ның зары еді...
(«Самалтау» Қазақтың халық әні)
Биыл Қазақ ұлт-азаттық көтерілісіне 100 жыл толып отыр. Бұл оқиға 300 жылдай Ресей империясының боданында болған қазақ ұлтының тарихынан ойып орын алған елеулі серпіліс болған еді. Кеңес Одағы кезеңінде «Қазақ ұлты Ресейге өз еркімен қосылған» деген далбаса әңгімені естіп, оқып өстік. Естеріңізде болар, «өз еркімізбен қосылғанымызға» 250 жыл толды деп талай мейрамдап, тойлап, ісшаралар өткіздік. «Аққа құдай жақ» дегендей, уақыт бәрін орын-орнына қойып береді екен. Арам пиғылмен жасалған кез келген істің аяғы құрдымға кететіні белгілі. «Ленин біздің атамыз, саясында жатамыз» деп те ән салдық-ау. Сол Ленин қазір қайда? Сол Кеңес Одағы қайда кетті? Бір орталықтан басқарылуға қарсы болған 15 ел ақыры «Ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп, тәуелсіздіктерін алып, 15 дербес мемлекет болып кетті.
1917 жыл келіп, кедейлер теңдік алды деп қуанып, бай-құлақтарды қудаладық. Оның ізінен 1929-33 жылдар арасында қолдан жасалған ашаршылық, жұт, одан кейінгі ұлтымыздың жартысы жойылған репрессия, екінші дүниежүзілік соғыс, Тың игеру, 40 жылдай жасалған ядролық сынақтар және т.б. тарихи ақтаңдақтар қазақ ұлтын жер бетінен жойып жібере жаздады. Әйтеуір, әупіріммен аман қалдық. 1900 жылы бұрынғы Кеңес одағы территориясында 194 ұлт болған екен. (Статистикалық мәліметтерді қараңыз). 1990 жылғы санақ бойынша сол ұлттардан 101 ұлт қалған. Сонда 93 ұлт қайда кетті?! Жылына бір ұлттан жоғалып отырған екен. Ассимиляция (орыстандыру) саясатының ізі айқын көрініп тұрған жоқ па ?!
Жер бетінде өз тәуелсіздігін ала алмай, өз шекарасын сыза алмай, өз туын желбірете алмай жүрген қаншама ұлт бар. Біздің бағымызға орай егемендік алдық, тіліміз мемлекеттік тіл болды, шекарамыз сызылды. Астанамыз Сарыарқа төріне жайғасты. Сол үш ғасыр көрмеген қуаныштың буына мастанып жүріп, ұлттық өнеріміздің мәртебесін түсіріп алғандаймыз. Сөз тыңдайтын құлақ азайды, киелі сахна би алаңшасына айналып бара жатыр, домбыра мен қобыздың қадірі кетіп, сахнадан шеттеп қалды, ашық-шашық киінгенді мақтайтын, жабық киінгенді даттайтын болдық, сөйлегенді мылжың, үндемегенді білімсіз көрдік. Ақша адамнан биік мінберге шықты. Осындай кезеңде болашақ ұрпақты тезге сала алатын, тәрбиелей алатын ұлттық өнерімізден, тілімізден айрылсақ, болашағымызға балта шапқан болар едік, бұл келешектің алдында үлкен кешірілмес күнә болар еді.
Кез келген өнердің, тек қана өнердің емес, кез келген құбылыстың шарықтау шегі де, тоқырау шегі де болады. Күй өнерінің шарықтау шегі ХVІІІ-ХХ ғасырлар десек артық айтқанымыз болмас.
1997 жылы Ресейде, Еділ (Волга) өзені бойындағы қалаларда өткен І Халықаралық Түркітілдес халықтарының фестиваліне қатыстым. Сонда Шыңғысхан туралы кітап жазған, саха-жақұт ұлтының жазушысы Николай Лугиновпен таныстым. Түрі азиялық болғанмен, аты-жөні мынадай. Ол кезде жастау едім, тыныш отырмай, «сіздің түріңіз славян емес, неге аты-жөніңіз орысша» дедім. Ол кісі біраз ойланып, мұңлы жүзімен маған қарады да, көптеген тарихи мағлұмат айтып берді. Саха-жақұт халқының өмір сүретін жерінің табиғаты бай, жануарлар әлемі мол аймақ болған. Бұғы, бұлан, елік дегендей... Бұлғынның, сусардың терісінің өте құнды, қымбат, бағалы екенін білеміз. Айта берсе, табиғат байлығы жетіп артылады. Міне, сол шұрайлы жерлерді басып алу үшін, Ресей империясы неше түрлі айла-шарғыға барған. Ақыры, болмаған соң, ер адамдарын қырып, әйелдеріне зорлық көрсетіп, балаларын жетімдер үйлеріне өткізіп, шоқындырып, басқа есім берген. (Келімсектер америкалық үндістерді қалай жойғанымен ұқсастығын байқаңыз). Біз бір-ақ мысал келтірдік. Ресейдегі басқа ұлттардың тағдыры жайлы да көп деректер тауып оқуға болады.
Бұл әңгімені неге қозғап отырғанымды айтайын. Мұндай заман қазақтың да басынан өткен. Үнді елінің жанашыры Джавахарлал Нерудің «Отар халықтың тарихын отарлаушы ел жазады» деген сөзі бар. Қазақ ұлтының соңғы 300 жылдық тарихы қатты бұрмаланған. Енді, сол үш ғасырлық тарихымыз жоғарыда айтып кеткен күй өнерінің шарықтау шегімен тұспа-тұс келіп тұрған жоқ па? Ал, енді айтыңыздаршы, саясат пен тарихты, тарих пен күй өнерінің тарихын сабақтастырғанымыз дұрыс па, бұрыс па? Әрине, дұрыс, сабақтастыру өте қажет.
Күй деген не? Осы сұраққа жауап іздеп көрейікші! Қазақ көңіл сұрасқанда, амандық-саулық сұрасқанда «Көңіл күйің қалай?», «Күйлі-қуатты барсыз ба?» дейді. Күйі нашар адам отбасын қарай алмайтыны секілді, күйі нашар халықтың да тұрмысы оң болмайды. Керісінше айтсақ та болады: «Тұрмысы, әл-ауқаты нашар халықтың күйі болмайды». Демек, «күй» сөзі тек бір адамның ғана емес, бір отбасының, бір ауылдың, бір өңірдің, одан қалды жалпы бүкіл халықтың көңіл-күйі, күйініші мен сүйініші, қуанышы мен өкініші, тұрмыс-тіршілігі деп түсінген жөн. Күйшінің күйін тыңдай отырып, біз ұлттың тағдыр-тауқыметінен, тарихынан хабар аламыз.
Қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі тек соңғы жүз жылмен шектеліп қоймайды. Тәуелсіздікке ұмтылған ел Ресей империясына қарсы жиі-жиі көтеріліп отырған. Қазақ күйші-композиторларының күйлерінің аттарына зейінмен мән бере отырып, болашақ ұрпақ сабақ ала алады.
«Мүмкін емес тыңдауың
Елжіремей балқымай.
Сөзбен жазбай тарихын,
Күймен жазған халқым-ай» - деп Қадыр Мырзалиев ағамыз жырлағандай, қазақ халқының тарихы жайлы мол мағлұматты біз күй өнерінен таба аламыз. Енді, жоғарыда аталған кезеңде шыққан қазақ күйлерінің аттарына шолу жасай отырайық.
Ұлт-азаттық көтерілісі жайлы сөз қозғағанда біз бүкіл елді дүр сілкіндірген Исатай-Махамбет көтерілісіне соқпай кете алмаймыз. Махамбеттің «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Жұмыр, Қылыш», «Қайран Нарын» күйлері сол замандардан сыр шертеді, қазақ халқына ізгі ой тастайды.
Құрманғазы атамыз кедей болған жан, байлардың малын бағады. Бай мезгілімен ақысын бермейді. Енді, ол бала-шағасын бағу үшін байдың малын ұрлайды. Бай аулнайға немесе губернаторға шағымданады. Сөйтіп Құрманғазы бірнеше рет түрмеге түседі. Соны айғақтайтын күйлер бар. Атап айтсақ: «Пәбескі», «Арба соққан», «Көбік шашқан», «Қош, аман бол», «Түрмеден қашқан», «Қызыл қайың», «Аман бол шешем, аман бол», «Қайран шешем», «Ақбай», «Лаушкен», «Ертең кетем» және т.б Адайлардың көтерілісіне арналған «Адай» күйі, Исатай-Махамбет көтерілісіне арнаған «Кішкентай» күйі, «Кісен ашқан» күйі бодан елді бостандыққа жетелейтін күй, «Жігер» күйі қазақ халқына рухани күш береді, «Серпер» күйі қазақ халқының тәуелсіздік алатынына үміт ұялатады.

1916 жыл еді. Бірінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан кез болатын. Орыс әскерінің жендеттері қазақ даласына келіп, зорлықпен ер адамдарды окоп қазуға деген желеумен айдап алып кетіп жатады. Қазақ халқының басына түскен сол зұлматты көзімен көрген Сейтек «16-жыл», «Заман-ай» деп күйлер тартады. «16-жыл» атты күйі симфониядан кем түспейді. Сейтектің «Сексен ер» күйі де 1919 жылы Ордада болған қанды қырғында қаза тапқан сексен қазақтың батырына арналып жазылған. Қазанғаптың «Жұртта қалған» күйі де, Динаның «16-жыл» күйі де осы оқиғаға байланысты шыққан.
Қазақ айтады: «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді. Міне, биыл 2016 жылы Ақ патша Николай Романовтың билігіне қарсы тұрып, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісіне толған 100 жыл ұлтымызға нендей сабақ берді деген орынды сұрақ туындайды.
«Өткенге топырақ шашсаң, болашақ сені таспен атады» деген сөз бар. Біз тәуелсіздігіміздің баянды болуына бар үлесімізді қосуымыз керек. Қазақ ұлты жатса да, тұрса да бостандық алуды ойынан тастаған емес. Сол дербестік жолында талай батырларымыз басын тікті, қанын төкті, болашақ үшін жанын берді. Тәуелсіздікті ұлықтау – біздің қасиетті парызымыз.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Ерболат Мұстафаев