Батыстың Ресейге қатаң санкциясы жалғаса берсе, әлемдік экономикаға ауыр тиіп, мұнайдың құны 1 баррель үшін 200 долларға дейін шарықтауы мүмкін. Ондай жағдайда Еуропада газ қымбаттап, өнеркәсібі дамыған жетекші елдер ІЖӨ-нің 2,4 - 3,5 пайызынан қағылады. ҚазАқпараттың мәлімдеуінше бұл туралы Oxford Economics консалтингтік компаниясының сараптамасында жазылған.
«Ресейдің мұнай мен газына эмбарго жарияланса, ол жағдайды қатты күрделендіруі мүмкін, Батыс елдерінің көшбасшылары оған жол бермеу үшін барын салып отыр», - дейді Oxford Economics сарапшысы Адам Слейтер. Себебі, мәселе ушыққан жағдайда әлемдік нарықта энергия тасығыштардың тапшылығынан еуроаймақ 2015 жылдың басында ІЖӨ-нің 3,5 пайызын жоғалтады, ал АҚШ-та бұл көрсеткіш - 3%, Жапонияда - 2,4 пайызға жетпек.
«Brent» маркалы мұнайдың орташа құны 2014 жылғы баға бойынша баррель үшін 108,8 долларды құрап отыр (Bloomberg деректері). Бағаның шарықтаған кезі 2008 жылдың маусымында тіркелген (1 баррель - 147,5 доллар). Экономистердің айтуынша, сол 2008 жылғы мұнай бағасының өсуі жаһандық дағдарыстың басты себебі болған.
«АҚШ-та 1974 жылдан бастап, барлық экономикалық дағдарысқа мұнай бағасының өсуі себеп болып келеді», - деп жазған америкалық сарапшы Джеймс Хэмилтон. Еуропада мұндай даму көрсеткішімен 2014 жылдың екінші жартысында техникалық рецессия болады. Нақтырақ айтқанда, ең бірінші Венгрия, Польша, Түркияның экономикасы зардап шегеді. Газ құны 15 пайызға өсіп, мұнай шамамен 10 пайызға көтеріледі. Ал Америка мен Азияда мұның салдары шектеулі болуы мүмкін. Мамандардың пікірінше, АҚШ пен Жапонияның ІЖӨ 2014 жылдың соңына қарай тек 0,5 пайызға төмендейді.
“Қамшы-ақпарат”
Пікір қалдыру