Талғардағы сел шайып кеткен су құбырын қалпына келтіруге 64 млн теңге қажет. Tengrinews.kz жаңалықтарының жазуынша бұл туралы Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков айтқан.
Оның мәліметінше, 28 шілде күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс басқармасы, сәулет және қалалық су арнасы өкілдерінің қатысуымен комиссия отырысы өтті. Зақымданған су құбырының ұзындығы 500 метр екені анықталды. "Кеше Гүлдала ауылдық елді мекеніндегі терең ұңғыманы қалпына келтіру керек деген ортақ тұжырым жасадық. Су таратқыш жүйесі бұзылған, үш насосы жұмыс істемей тұр, су сору кезінде 50% су беріледі. Су тарату құбырының сел шайып кеткен 500 метрін қалпына келтіру үшін 64 млн теңге қажет болады. Бірақ жаңбыр, сел кезінде лай су жүретін болады", - дейді облыс әкімінің орынбасары. Сол себепті су ұңғымадан берілетін болса, оның құны жоғары болатынын айтады.
Әзірше төрт елді мекенге 18 су тасушы жұмыс істейді. Су шайған "Спутник" лагеріне дейінгі жолға уақытша жөндеу жүргізу үшін тағы 60 млн теңге қажет болатын көрінеді. Селден келген жалпы шығын толық есептелмеген. Еске салатын болсақ 17 шілде күнгі табиғи апат кезінде Талғар ауданына қарасты бірнеше елдімкен ауызсусыз қалды. Сел ағындары орман шарушылығындағы 3 үйді, «Джержинец» жұмыс істемейтін балалар лагерінің құрылысын, «Спутник» пионер лагеріне апаратын автожолдар учаскелерін, өзен арнасына жақын орналасқан дәмхананың 2 жазғы терассасын, сондай-ақ «Алматы қаласы – Қорғас қаласы» жолындағы автомобиль көпірін шайып өтті.
Қамшы-ақпарат
Пікір қалдыру