Бүгін Астанада, Мәжілісте депутат этикасы бойынша кеңес өтті. Кеңесте Мұхтар Тінікеев бұдан бұрын ғаламторда таралған, қоғам тарапынан наразылық тудырған видеоға қатысты түсініктеме жасады. Ол барша қазақстандықтардан кешірім сұрап, депутаттықтан бас тартатынын айтты. Кеңесте М.Тінікеевтің мәлімдемесі қаралып, барлық жағдайды ескере отырып оның шешімімен келісті.
Естеріңіз сала кетейік, бұдан бұрын «Қамшы» порталы Тінікеевтің шулы бейнежазбасы туралы жазған болатын. Экс-депутат «Бұл ескі видео. Екі жыл бұрын болған. Бұл әзіл» деп айтып, артынша өтірігі ашылып қалған еді.
Бірнеше мәрте шақырылымның депутаты болған Тінікеев несімен есте қалды?
Мұхтар Тінікеев 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні қарсаңында Астана қаласының атауын «Нұрсұлтан» деп өзгерту жөнінде депутат Сәт Тоқпақбаевтың бастамасын қызу қолдап, Қазақстан президентін Санкт-Петербург қаласын салған Бірінші Петр патшаға теңеген.