Ақын, журналист Ерлан Төлеубай «Боғда» әтті ән жазды. Ол өзі жазған ән туралы:
«Тарихы тұнып жатқан алып «Тәңір тау» сахараның саңлақтары болған, садағы да сайгезі де алтын, алып сақтардың ата қонысы. Садағын бұзаудай мөңіретіп тартқан бабаларымыз бұл тауға «Тәңір тауы» деп есім қойып атау еткен.

Қилы жылдардың қиясы тарих бетіне, әр алуан әріптермен жазылды. Сонан кейін ұлы бабамыз Үйсіннің күл төккен құтты қонысына айланды. Бұл тауға бабамыз ат қойды баласы күл төкті, ергенекті ел болды. Түбі бір түркілерге де атақоныс мирас болды. X ғасырдан бастап тәңір тауы «Боғда» тауы деп аталды, Боғда бәлкім баба тәңірдің бір аты шығар.
Бабасы жазып баласы оқыған тарих бүгінге жетті, даласында сол бабасына тағзым етіп, Ұрпағы бүгін өркендеп өсті. Тауап еткен тауым, Тәңір тауым деп, Боз ордам Боғдам деп ғұмыр кешіп жатыр. Мен де сол Боғданың сұлу табиғатына, тұнық ауасына, асқар шыңдарына, қалықтаған қыранына қарыздар бір ұлы ретінде осы әнімді арнап отырмын», - дейді ән авторы.

Боғда – Алатаудың(Тәңір тау – Тянь-Шань) шығысқа қарай созылған жүлдесінде Үрімжі қаласының оңтүстігіндегі таудың аты. Боғда көлі Үрімжіден 97 км қашықтықта.
Тәңір тауының солтүстік баурайына орналасқан Боғда көлі қазір Қытай билігі тарапынан туристік аймақ ретінде қолданады. Тәңір тауының қиыс шығысындағы Боғда мұзды шыңының кеудесіндегі алтын жақұтпен айшықтаған айнадай жарқыраған, көркемдігімен көз сүріндіріп, баршаны өзіне баураған әйгілі Яхат көрініс ауданы. Ол Санжы обылысының Фукаң қаласының шығыс солтүстік таулы алқабына орналасқан. Оның оңтүстік жағы басын қысы-жазы ақ қар, көк мұз құрсаулап тұрған Боғда мұзды шыңы айбаттанып, еңселеніп көркем көрініс беріп тұрса, көлдің айналасы тау етегін балақтап, көмкеріп тұрған қарағай шыршалары етегін суға малып тұр. Боғда көлінің бас-аяғының ұзындығы 3400 метр, кеңдігі 1500 метр, көлдің су бетінің аумағы 4,9 шаршы шақырым болып, суының ең терең жері 105 метр айналасында, су қайнары мұз таудың ертінді суын қайнар етеді де, суы таза әрі мөлдір, тұнық болып, климаты табиғи төрт маусымдық климатқа жатады.

«Қамшы» порталында тұсауы кесіліп отырған ән жалғасын таба берсін деп тілейміз!