«Қамшы» порталы Мал сатумен айналысатын ағайынды үш азамат Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы мен Қадылбек Әлімханұлының өлімі турасындағы іспен оқырмандарын үздіксіз ақпараттандырған еді. "Қамшы" порталы Марқұмдардың бірі Қадылбек Әлімханұлының ағасы Қамет Аждардың інісіне арнауын назарларыңызға ұсынады.
(Інім Қадылбек Әлімханұлының қазасына арнаймын)
Сен кеттің отыз тоғыз өркеніңде,
Бағыңның бауы жасыл көркемінде.
Жазықсыз, қапиада қандықолдар,
Жаныңды байлады ажал желкеніне.
Сөгілді қабырғасы дүйім елдің ,
Өрескел іс болды жұрт күйінетін.
Мезгілсіз үш арыстың күні бітіп,
Үдетті жүрегімнің күйік отын.
Күн күйіп , ай тұтылды аспанымда,
Тау құлап, тас мұжылып асқарымда.
Аттанған арман қуып азаматтар,
Арманы жеткендей боп бастарына.
Арамдық арандады тілектерді ,
Таптады адал ниет жүректерді.
Қаскөйдің қаны бұзық қастандығы,
Абайсыз біріктірді білектерді.
Болса да жұрт тілегі амал болмай,
Мәңгіге көз жұмдыңдар аман болмай.
Ауылдың іргесінде әспенсіді,
Қанішер әшкерелейтін адам болмай.
Заң бар ма, заң атқарар адам қандай?!
Көңілде күдік қалды бағамдалмай .
Мерезі жемқорлық дендеп алған,
Қайран ел төмендеді бағаң нардай.
Кетпедің айлар бойы сен есімнен,
Кеңесем байсал тұлға елесіңмен.
Екеуміз құлын-тайдай тел өсіп ек,
Іздеді туған жерің сені өсірген .
Іздеді туған халқың тұғырыңда ,
Тасбастау қанып ішкен тұнығың да.
Жылады Қарашоқы - қарт анамыз,
Кінәсіз арандалған қылығыңа .
Жылады шер көкірек аталарда,
Егілді қам көңілді аналарда .
Тұңғыйық айна көлің жоқтау айтып,
Азалы әуен қалды жағалауда.
Қимады бұл сұмдыққа құрбыларың,
(Мезгілсіз өшірген-ай түн шырағын ).
Аңдамай арандалған ажалыңа,
Не дейін босағанда "күн шырағым" .
Көрістің мехнатпен күліп күнде,
Бұлаңдап алдаған-ай үміттің де.
Отаным, Атажұртым деп жүргенде,
Қыршының қиыларын біліппіз бе ?!
Іздеді әділдікті тұрсын ағаң ,
Шындықты таппай қөңіл тыншымаған.
Жазықсыз қан төгіліп жатса қырда,
Айырмай ақ-қараны кім шыдаған.
Күш салды еркін бауырың, адал ағаң ,
Күдікті сейілтуге қаумалаған .
Қанды қол табылса да амал қанша,
көңілде көп сұрақтар мазалаған .
Премьер көңіл бөлді үкіметпен,
Сөз сөйлеп Қалмұхамбет жылы леппен.
Ұлықтар тектейміз деп ниет етіп ,
Жойылды қарақшылар күні біткен.
Өткен күн көрген түске айналама,
жүрекке мәңгі дерт боп байлана ма?!
Бір минут кетер емес көкейімнен ,
Кінәсіз атылғаның айдалада .
Қош, қош, кош көңілімді жұбатайын ,
Артымнан ерген інім құба тайым .
Елім деп іздеп келген ен даладан,
Қас надан атып кетті құралайын .
Қош дейін, қош ағайын жыламайын,
Көңілде кем болғандай бір арайым !!!
Аққуы атылғанмен уа Дәриға-ай,
Толқытып барып-барып тұнар айдын,
Қош дейін қайғырсам да құламайын.
Қамет Аждар
2016 жыл, 22желтоқсан.