Түркіменстан үкіметі Ашғабат қаласында Арқадағқа (Түркіменстан президентінің ресми титулы – Жебеуші) ескерткіш орнатуға рұқсат сұрап президентке өтініш жасаған. Президент Гурбангулы Бердімұхамедовке бұл «халықтың өз бастамасы» деп түсіндірген. Ал «Халық тілегі – заң» деп мәлімдеген Түркіменстан президенті ескерткіш орнату идеясын мақұлдады. Азаттық радиосы жазуынша бүкіл елдегі мекеме, ұйымдарда жиналыс өтіп, жұрт монумент орнату бастамасын жаппай «қолдаған».
Бұл – Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылатын тұңғыш ескерткіш болмақ. Түркіменстан конституциясында президент болып қанша сайланса да шектеу қойылмаған. Гурбангулы Бердімұхамедов президенттікке екі мәрте сайланған. Ол билікке 2006 жылы бұрынғы президент, өзімшіл әрі паң әмірші деген аты шыққан Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң келген.
Бердімұхамедов бұрынғы басшының атымен байланысты нәрсенің бәрін, тіпті Ниязовтың алтыннан сомдалған ескерткішін де жойды. Бірақ Түркіменстанда «жеке басқа табыну» дәстүрі сақталып қалды. Енді Түркіменстанда Гурбангулы Бердімұхамедовтің есімі дәріптелетін болды.
Қамшы-ақпарат