Мемлекеттiк бiлiм гранттары иегерлерiнiң тiзiмi 10 тамызға дейiн жарияланады. Бұл туралы Бiлiм гранттарын тағайындау жөнiндегi республикалық конкурстық комиссиясының отырысында ҚР Бiлiм және ғылым вице-министрi Тахир Балықбаев мәлiм еттi.
2014 жылғы 2-8 маусым аралығында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуге 87 593 (95,1%) түлек қатысты. Тестілеу бүкіл республика бойынша 155 пунктте өткізілді. Ең жоғары 125 баллды төрт түлек иеленді. 100 баллдан жоғары көрсеткішке 13 137 түлек қол жеткізген.
2014 жылғы орта балл 76,9-ды құраған. Ал, ең төменгі 50 баллды 20 236 (23,1 %) бала жинай алмады. Ал, кешенді тестілеу 19-22 шілде аралығында 42 тестілеу өткізу пункттерінің базасында (базалық жоғары оқу орындары), оның ішінде 3 ұлттық өнерге қатысты ЖОО және 3 Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты ЖОО-да өткізіді.
Жалпы осы жылы орташа балл 44.9% құрады. 50 балл шекті деңгейге 56 019 (66,303 %) түлек қол жеткізе алмады. Кешенді тест тапсырғандарда алдағы күндері өздері қалаған мамандықтарын таңдайтын болады,. Ескерте кетейік, білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін кем дегенде 50 балл және Ұлттық ЖОО-ларға түсу үшін кемінде 70 балл, соның ішінде бейіндік пән бойынша 7, ал, қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинау қажет. Гранттар ҰБТ мен АКТ сертификаттарының баллдарына сәйкес конкурстық негізде беріледі.
«Жалпы 2014-2015 оқу жылында жоғары бiлiмдi мамандарды даярлауға арналған мемлекеттiк тапсырысқа 34 115 бiлiм гранты бөлiндi», – дейдi министрлiктің баспасөз қызметі. Министрлiктiң мәлiметi бойынша, 12 мың орын техникалық ғылым және технологиялық мамандықтарға, 5 мыңнан астам грант – педагогикалық мамандықтарға, 2650 орын ауыл шаруашылық және ветеринарлық салаларға бөлiнiп отыр.
Мемлекеттiк бiлiм гранттары иегерлерiнiң тiзiмiн бекіту жөніндегі комиссияның ақпаратына қарағанда биылғы оқу жылына бөлінген гранттарды бөлу кезінде игерілмей қалған гранттарды жақын немесе салалық мамандықтарға бөлу жоспарланған. Атап айтқанда, Қыздар педагогикалық институтының дене шынықтыру мамандығы бойынша білім гранттары, Қостанай педагогикалық институтының кейбір білім гранттары басқа мамандықтарға берілетін болды. Комиссияның осылай шешім шығаруына аталған оқу орындарында бұл мамандықтарға талапкерлердің сұраныс болмаған. Сондықтан бұл гранттар сұранысы жоғары мамандықтарға бөлініп, грантқа үміткерлер үшін жаңа мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, сырттай оқу бөлімі мен қысқартылған оқу бөліміндегі сұраныс болмаған гранттар да сұраныс көп болған жақын мамандықтарға берілмек.