«Твиттердегі» өзінің жазбасымен әлемге танылған 7 жасар сириялық Бана Алабед есімді қыз Дональд Трампқа ашық хат жазды деп хабарлайды bbc.com.
«Сіз сириялық балаларға көмектесуіңіз керек. Себебі олар да сіздің балаларыңыз секілді бейкүнә бүлдіршіндер. Сириялық балалар да сіз секілді бейбіт елде тұруға қақысы бар» деп жазады ол.
Бана отбасымен бірге Алеппоның шығыс бөлігінен бейбіт тұрғындарды желтоқсан айында көшіру кезінде қашқан. Қазір олар Түркияда тұрады.
Бана «Твиттердегі» жазбаларын Башар Асадтың әскері Ресейдің қолдауымен қаланың шығыс бөлігіне кіре бастағаннан бастап жазды. Бана болған жағдайларды ағылшын тілінде шығарып отырды.
«Твиттер» аккаунтындағы жазбаларына көмектескен анасы Фатима Би-би-си-ге Бананың Дональд Трампқа жазған хатын жіберді.
Оның сөзінше Бана оны АҚШ-тың жаңа президентінің инаугурациясына дейін жазған. Себебі ол Трампты бірнеше рет теледидардан көрген.
Менің атым Бана Алабед. Мен сириялық жеті жасар Алепполық қызбын. Қоршауда қалған шығыс Алепподан шыққанша Сирияда тұрдым. Мен Сириядағы соғыстан зардап шеккен балалардың бірімін.
Қазір мен тыныштықта Түркияда өмір сүріп жатырмын. Алеппода мектепке барып жүрдім. Бірақ мектептің күл-талқанын шығарды. Кейбір достарым қайтыс болып кетті.

Олардың қазір менімен бірге бейбіт елде асыр салып ойнап жүргенін қалаушы едім. Мен Алеппода еркін ойнай алмадым. Себебі бұл өлімдер қаласы.
Қазір Түркияда көшеге шығып, қуана аламын. Мектепке бара аламын. Әзірше оқуды бастамадым.
Мына әлем баршамыз үшін өте маңызды. Сіз үшін де дәл солай.
Өкінішке орай, сириялық балалар қазір мен секілді өмір сүріп жатқан жоқ. Олар Сирияның әр бұрышында соғыстан көз ашпай, үлкендердің ісінен зардап шегіп жатыр.
Өтінемін, Сириядағы балалар мен халықты құтқарыңызшы. Сіз сириялық балаларға көмектесуіңіз керек. Себебі олар да сіздің балаларыңыз секілді бүлдіршіндер. Сириялық балалар да сіз секілді бейбіт елде тұруға қақысы бар. Егер сіз маған сириялық балаларға көмектесуге уәде берсеңіз, мен сіздің жаңа досыңыз боламын. Сирия балалары үшін жасаған көмегіңізді көремін деп үміттенемін.
Бана мен оның отбасы тұратын Түркия елі сириялық оппозицияны қолдайды. Трамптың сириялық кикілжің турасындағы ұстанатын позициясы әлі белгісіз.
Дональд Трамп Ресеймен қарым-қатынасты нығайтқысы келетінін бірнеше мәрте айтқан. Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды.
Дональд Трамптың сайлау алды кампаниясында ол Сирияға көмектесуді доғару керек деп айтқан еді. Бірақ жақында Сирияда қауіпсіз аймақтар құру туралы мәселені көтерді.
Иран, Ресей және Түркия Сириядағы ұрысты тоқтату үшін үш апталық келісімді нығайтуға ниетті екенін айтты.