Алматы облысында қайтыс болған үш азамат ісі тағы күнтәртібіне шықты. Бұл жолы жәбірленушілер емес, үш бірдей азаматты азаптап қасақана кісі өлтіріп сотталғандардың туыстары сотталушылардың жазасын жеңілдетуді сұрап апелляциялық шағым түсірген.
Сот Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында таңғы сағат 10:00-де басталды. Сотқа қатысқан «Қамшы» тілшісі сот залына келген жәбірленуші тараптың көп екенін байқады.
Аталған үш азамат, 1979 жылғы Долданұлы Жарқынбек, 1973 жылғы Зарлыханұлы Мұқият пен Әлімхан Қадылбек есімді жігіттер Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданынан 40 бас мал сатып алып, оны екі жүк көлігімен 17 қыркүйек, сенбі күні, Алматы маңындағы Ұзынағаш базарына шығарған.

18 қыркүйек күні Алматы облысы Ұзынағаш кентінің базарына мал сатуға келген үш жігіт жоғалып, 23 қыркүйек күні олардың өлі денесі Жамбыл ауданының аумағынан табылған еді. Көп өтпей іске қатысты екі адам күдікті ретінде ұсталғанда, марқұмдардың туыстары қылмыскерлердің саны екі адаммен шектелетініне сенімсіздік танытқан болатын. Көп өтпей қылмысқа қатысты үшінші күдікті бар екені белгілі болған еді.
Атышулы істің соты болғанға дейін жәбірленуші тарап соттан әділдік күтіп, қандықол қылмыскерлерге барынша қатаң жаза тағайындауын сұрады.
«Осы істі аяғына дейін жеткізе алатын мемлекеттік органдарға, «Нұр Отан» партиясына сенемін. Бұл қылмыс екі адамның ісі еместігін толық тексеріп, халықтың разылығын алады деп сенемін», - деп әу бастан құзырлы орындардың қызметіне сенім артқан еді айуандықпен өлтірілген үш азаматтың туысы Тұрсын Әмірбайұлы. Ол, сот алдында «Біріншіден, осы топтық қылмыс түгелдей ашылмай, біз, разы емеспіз. Екіншіден, марқұмдардың туыс туғандары атынан қылмыскерлерді түгелдей атуын, көздерін құртып, өлім жазасына кесуін талап етеміз!», - деп сұхбат берген еді БАҚ өкілдеріне.
Олардың бұлай талап етер жөндері де бар, себебі қылмыс жалпақ жұртқа естілгенде қоғамда қатты дүмпу қозғады.

Аталған қылмысқа байланысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев: «Алматы облысында қылмыскерлер ұсталғаны белгілі болды, тергеу шаралары жүріп жатыр. Бұл халықты алаңдатып отырғандықтан, бұл жайында бізге мәлімет берсеңіз» деп, Қалмұхамбет Қасымовқа істі толықтай өз бақылауына алуын тапсырған болатын.

Тіпті, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: ««Алматы облысында үш ағайын мал үшін өлтірілді, 9 бала жетім қалды. Бұл қасірет. ІІМ мұқият тергеу жасап, кінәлілердің бәрін жазаға тартатынына сенемін», - деген еді.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да Мәжiлiс отырысында Ішкі істер министрі Қ. Қасымовтың атына депутаттық сауал жолдады:
Адал еңбегiмен бала-шағасын асырап жүрген есiл азаматтардың айдың күннiң аманында қарақшылардың қолынан айуандықпен қаза табуы жанымызды жабырқатып отыр. Кеше ғана жер қойнына тапсырылған қыршындардың отбасыларының қайғысына ортақтасып, көңiл айтамыз. 8 баланы жетiм қалдырып, көз жасына қалған қарақшылардың әдiл жазасын алуын Парламент Мәжiлiсiндегi "Нұр Отан" фракциясы айырықша назарында ұстайды деп сендiргiмiз, жұбатқымыз келедi", - дедi депутат Б.Тiлеухан.
Алматы облысының әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев те: «Бұл іс облыс басшылығының жіті назарына алынды», - деп мәлімдеген еді.
Оқиға болғаннан кейін екі ай өткенде 29 қарашада сот қылмыскерлерге жаза кесті. Мал сатумен айналысатын ағайынды үш азамат Жарқынбек Долданұлы, Мұқият Зарлыханұлы мен Қадылбек Әлімханұлын өлтірді деген негізгі айыпталушы Талғат Сүлеймановқа сот өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Ол жазасын ерекше түзімдегі колонияда өтейтін болады. Ал, Т. Сүлеймановтың сыбайласы Мұрат Оңалбаев 25 жылға бас бостандығынан айырылып, қатаң түзімдегі колонияға жіберілетін болды. Қанды қылмысты көріп, құқыққорғау органдарына хабарламады деп айыпталған малшы Бақыт Байқасымовқа сот төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бұдан бөлек, сот шешімімен Т. Сүлейманов пен М. Оңалбаев әрқайсысы қайтыс болған әр азаматтың отбасына 10 миллион теңгеден моральдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Осы үкімге жәбірленуші тарап та, сотталушылардың туыстары да келіспеген. Жазаны жеңіл көрген жәбірленуші тараптан гөрі сотталушылардың туысқандары ширақ қимылдап, қарсы сотқа берді.
Апелляциялық сот 29 қарашадағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды:
Сотта көзіне жас ала сөйлеген жәбірленуші Тұрсын Әмірбайұлы төмендегідей пікір білдірді:
Ал, Жәбірленушілер өкілі Еркін Бейсекей 29 қарашадағы сот үкімінің әлі орындалмай жатқанын айтты.
Шағымданушылар адвокаты болса қорғауында Оңалбаев қылмыс жасамаған деп санайды:
Ерлан Төлеубай