Алматыда Қазақстанның мемлекеттік туының авторы Шәкен Ниязбеков дүниеден өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміне сілтеме жасай отырып.
Шәкен Ниязбеков 76 жасқа қараған шағында 15 тамыздан 16 тамызға қараған түні қайтыс болды. Қоғам қайраткерімен қоштасу рәсімі 18 тамыз күні Әбілхан Қастеев атындағы мұражайда өтеді.
Шәкен Ниязбеков 1938 жылы 12 қазанда Жамбыл қаласында (Тараз) туған. Ленинградтың В.И.Мухин атындағы жоғары көркем-өнеркәсіптік училищесін тәмамдаған.
Ол кезінде мемлекет және қоғам қайраткері, Алматының "Құрметті азаматы" деген марапатқа лайық деп танылды. 1992 жылы Шәкен Ниязбеков Қазақстанның мемлекеттік туының авторы атанды. Сондай-ақ ол Алматының елтаңбасы мен Бауыржан Момышұлы монументінің де авторы. Бұған қоса Шәкен Ниязбеков кеңестік кезеңде "Волго" автокөлігінің дизайнын жасаушылардың құрамына да қатысқан.
Қамшы-ақпарат