Рим Папасы Франциск алғаш рет өзінің өлімі жайында көпшілік алдында сөз қозғады. Baq.kz-тің хабарлауынша, понтифик журналистерге берген сұхбатында 2-3 жыл көлемінде дүние салатынын айтқан.
Оңтүстік Кореядан Ватиканға қайтқан сапарында Рим Папасы ұшақта отырып тілшілермен әңгімелескен. Атақ-абыройға байланысты қойылған сұраққа 77 жастағы дін өкілі: "Мен нәпсіме ерік бермес үшін өзімнің өмірде жасаған қателіктерімді, күнәларымды жиі ойлаймын. Өйткені, атақ пен абыройдың уақытша екені белгілі. Енді екі-үш жылдан кейін мен арғы дүниеге аттанамын" деген. Ол сондай-ақ, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға шамасы келмеген жағдайда тақтан бас тартатынын мәлімдеді.
Айта кететін болсақ, Рим папасы Ватиканның билеушісі. Ватикан Еуропада орналысқан, бір қаладан тұратын әлемдегі ең кішкентай ел. Рим католик шіркеуінің орталығы болып табылады. Ватикан қала-мемлекеті – католик шіркеуінің орталығы ғана емес Рим папасы орналасқан мекен. Ватикан азаматтығын тек жеті жүздей адам ғана алған. Ресми тілдері: латын және италиян тілдері. Ватикан – абсолютті теократиялық монархия. Мемлекет басшысы – Рим папасы. Оның қолында барлық билік (заң шығару, атқару, сот төрелігі) шоғырланған. Бұған қоса Рим папасы сыртқы елдермен қарым-қатынасты да жеке өзі шешеді.
Қамшы-ақпарат