Адам өмірі тақтадай тегіс болмайды. Түрлі жолдардан өтеді, басынан небір оқиғаларды кешіреді, сынақтарға тап болады. Ал, сынақтардың ең үлкені – ауыр дертке шалдығу. Бұндай сынақты әр адам әрқалай қабылдайды. Бірі дертімен күресуді жөн көрсе, енді бірі дертінен айықпастай көрініп. өмірден күдерін үзеді. Жан қиналысына шыдамай, өлімге асығудың жолын іздейді. Ауыр дертке шалдығып, мерзімінен бұрын жеңіл түрде жан тапсырсам дейтіндер үшін кейбір мемлекеттерде арнайы әдіс қолданылады екен.
Бірнеше жылдан бері әлемді «эвтаназия» атты термин жаулап келеді. Грек тілінен аударғанда ευ- «жақсы» + θάνατος «өлім» деген мағынаны беретін бұл термин ел арасында «жеңіл өлім» атты атаумен танылып кетті. Сонымен, эвтаназия – айықпас дертке шалдыққан науқастың өлімін жеңілдету немесе өмірін тоқтату деп аталады. Ғылымда эвтаназияның екі түрі бар: пассивті эвтаназия – ауруды мүлдем емдемеу, белсенді эвтаназия – арнайы препараттарды қолдану арқылы өлімін тездету.
Эвтаназия мәселесі алғаш XVI ғасырда Фрэнсис Беконның «жеңіл өлімді» таңдап, өз өмірімен қоштасқан сәтінен бері талқыланып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде эвтаназия әдісімен өмірін қиғандардың саны арта түсті.
Ал, ХХ ғасырда эвтаназия термині бүкіл елді жайлады. Содан бері, кейбір мемлекеттерде ауыр сырқатқа шалдыққандар эвтаназия әдісін пайдаланып келеді.
Гиппократ антындағы «Мен сұрап келгендерге ешқашан өлтіретін улы қоспаларды бермеймін және оларды жасайтын жолды ешкімге де көрсетпеймін» деген жолдар оның эвтаназияға қарсы келгендігін көрстеді.
Ал Сократ, Платон, Аристотельдердің пікірі Гиппократқа қарама-қайшы. Олар «жеңіл өлімді» қолдап, «Бұл әдістің өлім аузында жатқандарға пайдасы бар» деп есептеді. Сократтың өзі «цикута» атты адам ағзасына зиянды уды ішіп, өз-өзіне қол жұмсау арқылы өмірімен қоштасқан.
Қазіргі уақытта эвтаназия ойын пайдаланатын мемлекеттер саны артып келеді. Тек өлімді тездететін дәрі-дәрмектерді пайдалану екі дәрігердің бірлесіп отырып қабылдаған шешімінен кейін рұқсат етіледі. Және бұл шешімдер міндетті түрде Жоғарғы Сотта қаралу тиіс.
Эвтаназияны пайдаланатын мемлекеттер
Эвтаназия әдісін 2002 жылы заңды түрде рәсімдеген мемлекеттердің бірі Нидерланд болды. Ол мемлекетте эвтаназияны пайдаланудың өзіндік шарттары бар: адам аса қатерлі дертке шалдыққан болуы тиіс және шешімді науқастың өзі қабылдауы керек. «Өмір сүруді жедел тоқтату немесе өз-өзіне жеңіл түрде қол жұмсау» туралы заң Нидерландта 2002 жылдың көктемінде қабылданды. Заң қабылданғалы, өлім сұрап өтініш айтып келгендердің саны 15%-ға көбейген. Науқастар жасы 12 жастан басталады екен. Заң бойынша, 12 мен 16 жастағы жасөспірімдер ата-аналарының рұқсатымен ғана эвтаназияны пайдалана алады.
Эвтаназия әдісін пайдалануға рұқсат етілген мемлекеттердің қатарында Швейцария да көш бастап тұр. Бұл елде эвтаназиямен айналысатын арнайы «Дигнатис» атты клиника бар екен. Клиникаға швейцариялықтардан бөлек, шет ел азаматтары да өлім сұрап келетін көрінеді. Көбіне ондай өтінішпен келетін адамдардың мақсаты бір – емге құр босқа ақша шашпау. Егер де пациенттің рұқсатынсыз оған өлімін жеделдететін дәрілер ішкізілсе, заң алдында жауапқа тартылады.
Нидерландыдан соң 2002 жылы эвтаназияны заңдастыруды Бельгия да қолына алды. 2012 жылдың ақпанында Бельгия балалар үшін эвтаназияны заңдастыруды бірінші болып бастаған.
АҚШ-та да эвтаназияны заңдастыру жөнінде өтініштер айтылған. Нәтижесінде 4 штаттың соты рұқсатын берді. Ал бірнеше аймағында заңсыз деп танылған. Орегон штатының дәрігерлері 1997 жылдан бастап пациенттерге өлімді жеделдететін препараттарды пайдалануға рұқсат ете бастады. Оргегон АҚШ-тағы «Лайықты түрде өлу» заңын қабылдаған алғашқы штат болды. Орегоннан кейін Вашингтон, Вермонт және Монтана штаттары эвтаназияны заңдастыруды мақұлдады.
2014 жылдың маусымында Францияның Жоғарғы соты эвтаназияның медицинада пайдалануына рұқсат етті.
Люксембергке арнайы препараттарды қабылдау арқылы өз-өзін өлтіруге 2009 жылдан бастап рұқсат берілді. «Дәрігерлердің ар-ождан бостандығына құқығы» деп көрсетілген эвтаназия әдісі Бельгияның заңына ұқсас келеді. Осы жылдың шілдесінде эвтаназия әдісімен өз-өзіне қол жұмсаған 79 жасар Овидвия Гонзалес есімді азаматтың есімі анықталды.
Қазіргі уақытта бұндай заңды қабылдау Германияда да қарастырылуда.
Енді эвтаназия әдісіне біздің елдің көзқарасы қандай? Заң не дейді?
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақату жүйесі туралы» кодексінің 141-бабына сәйкес эвтаназияға жол берілмейді. ҚР Конституциясының 1-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары». 15-бапта «ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ» делінсе, 12-бапта «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес адам құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріледі» делінген. Осы баптарға сүйенсек эвтаназия Қазақстан заңына қайшы келеді.
Бұл жөнінде заңгер Айзат Мұсағұлова өз пікірін білдірді:
«Эвтаназия дегеніміз – аурудың беті бері қарамайтын жағдайларда дауасыз нақастың өз өлімін жеделдету туралы өтінішін қандай да бір іс-әрекетпен немесе құралдармен, оның ішінде дәрілік немесе өзге де заттарды енгізу арқылы, сондай-ақ, оның өміріне дем беріп тұрған жасанды шараларды тоқтату арқылы қанағаттандыру болып табылады. Бірақ, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР 2009 жылғы 18 қыркүйектегі N 193-IV Кодексінің 141-бабында «Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады» делінген. Сондай-ақ, ел Конституциясының 15-бабында «Әркімнің өмір сүруге құқығы бар. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға қақысы жоқ» деп анық жазылған».
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Салидат Қайырбеков: «Біздің елімізде «Эвтаназия» тақырыбы төңірегінде әртүрлі қарсы аргументтер қалыптасқан. Тіпті, біздің менталитетіміз де эвтаназияға қарсы. Ал келесі бір нақты аргумент ол – дәрігер ролі. Гиппократ антын қабылдап, ақ халат кигендердің барлығы да кез келген жағдайда да, кез келген аурумен соңына дейін күресуі керек. Әйтпесе, дәрігерлерге деген теріс көзқарас қалыптасады. Немесе дін тұрғысынан қарайық. Қазақстан халқының 90%-ы ислам және христиан дінін ұстанады. Ал бұл екі дін де эвтаназияны адам өлімі ретінде, күнә есебінде қарастырады. Қазақстан Республикасының Ата заңы бойынша «халық – мемлекеттің басты байлығы», - деп пікірін білдірді.
Ал эвтаназияға шариғат үкімі не дейді?
Дінімізде кісі жанын алмақ тұрмақ, жыбырлаған жәндікке де зиян тигізуге болмайды. Адамның өмірі қандай ауыртпалық болмасын, сақталынуы тиіс. Исламда өлім арқылы қиындықтан құтылу деген ұғым жоқ. Қасиетті Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер! Расында Алла сендерге ерекше мейірімді» делінген. Демек, Алланың берген өмірін ешкімнің жасанды тәсілдермен құртуға хақысы жоқ. Сондай-ақ, «Бақара» сүресінің 195-аятында: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді» деп көрсетілген. Егер науқас адам дәрігерден өзін ажалынан бұрын о дүниеге аттандыруды сұраса, ол өзін өлтіргенмен тең. Бұның үлкен күнә екенін түсінетін дәрігер өзге адамның ажалын өз мойнына алудан бас тартары анық. Пайғамбарымыздың (с.а.у) «Алланың харам еткен нәрселеріне пенде бой ұсынбайды», - деп ескертіп кеткен.
Алла тағала Құранда: «Өз-өздеріңді өлтірмеңдер (және соған апаратын бұзықтыққа бармаңдар). Расында (сіздерді бұған тыйған) Алла сендерге ерекше мейірімді» («Ниса» сүресі, 29-аят), дейді.
2015 жылдың 16 мамырында Мекке қаласының пәтуа шығару кеңесінің мүшелері бас қосып, ауыр дертке шалдыққан науқастарды эвтаназия әдісімен өлтіруге тыйым салды.
Мұсылман халқының дәрігерлері науқастың өзі немесе туыстары «жеңіл өлім» әдісімен өтініш айтып келген жағдайда, мұндай қадамға бармайды. Егер науқастың миы жұмыс істемей, өлім үстінде жатқан болса, кеңес мүшелері онда ол науқасқа қандай да бір ем қабылдамауға рұқсат берді. Сондай-ақ, дәрігер науқастың жанын аман алып қалу мақсатында қандай да бір дәрі-дәрмек қолдануына болады. «Себебі, Алла Тағала уақытша болса да адамның өмірін дәрігердің септігімен ұзартуы мүмкін» дейді пәтуа шығару кеңесінің мүшелері.
Денсаулық – Алланың бізге жіберген жалғыз аманаты. Біз өзімізге аманат етіп тапсырылған кез-келген дүниеге үлкен жауапкершілікпен қараймыз, оны сақтаймыз, бүлдіріп алмауға барынша тырысамыз. Олай болса, денсаулығымызды да дәл солай күткеніміз абзал.
Өмірді сыйлайтын да Алла, қайтарып алатын да Алла. Сол секілді кез-келген ауруды жіберетін де Алла, аурудан толығымен айықтыратын да Алла. Исламда адам баласы қандай ауыр дертке шалдықса да, бар жағдайға сабырлық танытады. Өлімге асығудан гөрі, өмірге деген құлшынысы биік тұрады. Алланың құдыретіне деген сенімі мол болса, өмірден үмітін үзбейді.
Гүлім Жақан