Гомосексуализм насихатына қашан заңмен тыйым салынады?

/uploads/thumbnail/20170708153624613_small.jpg

Қазақ ұлты табиғи болмысында ұятын жапқан, салт-санасына шариғат үкімін сіңірген, азғындық пен тексіздікті ешқашан төріне шығармаған діні қатты, қаны таза ұлт. Ақпараттық ағынмен қоса дүлей буырқаныспен ел ішіне ентелей кірген батыстық тұрпайылық соңғы кездері қазақ елінде жиі-жиі көрініс беріп жүр. Әйелдердің ашық тән саудасы жайында қалып, ер мен ерді қосатын клубтар пайда болды тіпті. Жүрісі жасырын, мысық табандап келген адами азғындықты енді олар ашық жарнамалауға көшуде. Оның дәлелі кеше ғана тұтас қазақстандық БАҚ жазған ұлтты қорлаған жарнама. Оған ел ішінде журналистер қауымымен қатар, жұрт алдында жүрген бір қанша өнер қайраткерлері, блогерлер де наразылық білдірді. Осы тұста белгілі блогер Азамат Битанның "біржыныстылардың насихат жұмыстарына (жарнама, бейнеролик, т.б.)" шек қоятын қатал заң керек деп ашына жазған азаматтық пікірін ұсынамыз, оқыңыз, ой қосыңыз: 

Ресей мемлекеттік думасы гомосексуализмді насихаттауға қарсы заңды өткен жылы мақұлдап жіберді. Сол себепті бірқатар аймақтарда біржыныстылардың тарапынан қарсылық акциялары өтті. Десе де қазір тәртіп реттеліп келеді, себебі заң бар. Украина үкіметі аталмыш заңды 2012 жылы қабылдап қойған еді. Белоруссия үкіметі де аянып қалайын деп отырған жоқ. Қазіргі уақытта талқылау жұмыстары жүруде. Өзбекстан заңы да қатал. Ендігі кезекте Қазақстан батыл әрекет ете білуі керек.

Қарап отырсақ, бұл тақырып уақыт өткен сайын біздің елде де өзекті болып барады. Жағдай бұрынғыдай емес, өзгерді. Өзгергенде қалай өзгерді. Жарнама жұмыстарынан бөлек, балаларға күш көрсету арқылы арам ойына жету оқиғалары белең алды. Мұның бәрі де шектен шыққандықтан болып отыр. Енді ондайлар өздерінің лас саясатын жандандыра түсу мақсатында тұлғаларымыздың есімдерін пайдалана бастады. Осы себепті біздегі Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелері елдің ішіндегі ахуалға назар аударып, нақты әрі батыл әрекеттерге көшу керек деп ойлаймын.

Осы ретте айта кеткен жөн, Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл бұл мәселені бірнеше жылдан бері бекерден-бекер көтеріп жүрген жоқ. Бірақ жалғыздың үні қайдан шықсын. Мінеки, бір уақыт назар салыңызшы:

- «Еркек пен еркектің, әйел мен әйелдің үйленуі, бір-бірімен жыныстық қатынас жасауы – оның құқы дегенге қалай көнесің?! Францияда, сол сияқты әлемнің 11 елінде бұл сорақылық заңдастырылып кетті. Соның әсері бізге де жетті. Алматыда бірнеше гейклубтар бар. Астанада 4 гейклуб ашықтан-ашық жұмыс істеп жатыр. Облыс орталықтарында ашылуда. Өкініштісі, соған кіріп кеткен қазақ жастары да бар. Осының алдын алу үшін «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңға дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттайтын ақпаратқа тыйым салу туралы норманы енгізіп отырмыз әзірге. Бірақ бұл жеткіліксіз.

Таяуда Мәжілісте Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясы қаралды және мақұлданды. Мен сол кодекс жобасына екі ұсыныс бердім. Біріншісі – гейклубтардың қызметін бүкіл Қазақстан аумағында заңсыз деп танып, жабу, екіншісі – бір жынысты қатынастарға баратын адамдардың бұл әрекетін қылмыс деп қарау, соған байланысты жаза қолдану. Екеуі де өткен жоқ. Неге десеңіз, «халықаралық қауымдастық солай дейді, ЕҚЫҰ бұлай дейді» деген сылтаулар айтылды. Бірақ түбінде біз бұларды жабуымыз керек! Экономика сенің арыңнан, ұятыңнан, халқыңның дәстүрінен, келешек ұрпақтың имандылығынан қымбат емес! Ойлаңызшы, ер балаңыз ертең бір жігітті үйге алып келіп: «мынаған үйленем»,- деп тұрса, масқара емес пе?!

Мені қынжылтатыны – қазақ қоғамының салғырттығы. Осы мәселені ел болып, жұрт болып көтеру керек қой. Зиялы қауым нақты талаптар қойып, мәлімдеме жасаса, «Біз ұрпағымыз үшін алаңдаймыз»,- деп айқайлап тұрып айтса ғой. Оның орнына, «Бұл мәселені сіздер көтерген екенсіздер, жарайсыздар, қостаймыз» дейді де, қамсыз жүре береді. Рухани тазалық жолында ымырасыз күрес керек!»

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – адам баласының болмысына жат мұндай әрекеттерге дер кезінде тосқауыл қойылмаса береке-бірлігіміз ыдырап, саламатты, бай-қуатты ел болудан қаламыз. Олай болмасын десек заң керек. Құр сөз емес, нақты әрекеттердің уақыты келді, ағайындар!

 Азамат Битан (жеке блогынан)

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар