Мені біздің елдегі мемлекеттік мекемелердің концерт беру қызметі көптен толғандырып жүрген. Бүгінгі Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының Қарағанды өңірін аралай келгендегі концертін сырт көз ретінде тамашалап біраз ой түйдім. Бұл ұжым кеше Шахан кентінде (50 шақты адамға), бүгін Майқұдықта (20 шақты адам) кеш өткізді. Ертең Сұрыптау (Майқұдықтан сәл әрірек жер, Сортировка) елді мекенінің мәдениет үйінде концертін қояды.
Жоспарда көрсетілген, бекітілген концерттер. Комерциялық жоба емес. Әрине, жарнама аз, насихат жұмысы жеткілікті жасалынбаған соң келуші де аз. Мәдениет басқармасы "Өз боқтарыңды өздерің шұқыңдар" деген сыңай танытқан. Бөтен қалаға алдын ала билет таратушылар жіберіп, жарнамадан бөлек оның басқа да шығындарын өтеу қымбатқа түседі. Содан соң осындай жүрдім-бардым кештер ұйымдастырылады. Бұл мәселелер кәдімгідей мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Мәдениет басқармасы жылдың басында жоспар сұрайды, жылдың аяғында, квартал соңында атқарылған жұмыстардың есебін сұрайды. Жоспарлы концерттерге көмегін тигізе алмаса "жоспар орындамадыңдар" деп неменеге кіжінеді? Немесе "керемет, жоспар орындалды" деп неменеге қуанады?
Кешегі Шахандағы концертке Қарағанды облысы Мәдениет басқармасының өкілі барды дегенге сенбеймін. Себебі, анау Шахан тұрмақ, іргедегі Майқұдыққа келген жоқ. Ондай адамдар не үшін басқарма басқарып отыр? Әшейінде алашапқын болып жүретін жандайшаптары қайда?
Бұл кез келген филармонияның басқа жаққа барса басынан өткеретін жағдайы.
Енді басқа жағынан қарайықшы бұл мәселеге. Арқадағы дәстүрлі әншілер қайда? Бір терінің пұшпағын илесіп жүрген Ғалым Мұхамединнің (ҚР еңбек сіңірген артисі) жанынан неге табылмады? Мен айтайын, он әнші бар десек соның жетеуі тойда. Жетіскеннен жүрмеген шығар. Бірақ, той-томалақ аңдып жүргендері хақ. Бұл да өнерге деген өгей көзқарастың кесірі.
Мәдениет саласы ішінен іріп-шіріп жатыр. Анығы осы. Барлық салада сол. Бір күні ЭКСПО құрылысы секілді "гүрс" етіп құлайды-ау...