ХАЛЫҚ ДӘУЛЕТТІ, ЭКОНОМИКАСЫ ҚУАТТЫ БОЛМАЙ ЕЛ ТҮБЕГЕЙЛІ ТӘУЕЛСІЗ БОЛА АЛМАЙДЫ

/uploads/thumbnail/20170709215705322_small.jpg

Әлихан Бөкейхан - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш Орда партиясының және Алаш автономиясының басшысы әрі премьер-министрі, ғұлама ғалым, ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.

Әлихан Бөкейхан біріншіден экономика саласының маманы. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды. Әлихан Бөкейхан мен оның Алаш Ордалық серіктері экономиканы, елдің әл-ауқатын арттыру мен кәсіппен шұғылданудың, нарықтық қатынастардың маңызын ел-жұртқа жеткізіп, халықты осы жолға бағыттап отырды.

Алаш қайраткері, Әлихан Бөкейханның серігі Ахмет Байтұрсыновтың,  «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіруіміз керек. Басқадан кем болмас үшін  біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік  керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек. Ұлтын керек қылып, халыққа қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай, кірісіп, істей берсе – ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы»,- дейді.

Бұл қазіргіше шағын және орта бизнесті дамыту. Еліміздегі қызмет көрсету саласы мен халыққа күнделікті тұтынатын тауарлардан бастап өндірісті жолға қою. Орта таптың қалыптасуы. Бұл жаңа жұмыс орындары мен елдің әл-ауқатының артуы. Мемлекет қазынасына түсетін салықтар. Салықтан түскен қаражатты тиімді пайдалану халықтың әлеуметтік әлжуас топтары мен денсаулық сақтау, білім беру, қарттар мен балаларға барынша жоғары деңгейде жағдай жасауға мүмкіндік береді. Алаштықтарша бұл нарықтық экономикада өзіміздің бәсекеге қабілетті ел екенімізді таныту болса керек. Адам капиталы ең басты байлық болып саналады.  Адамның сапасының көрсеткіші болып табылатын Білімді, денсаулығы мықты, әлеуметтік жағдайы жоғары, отаншыл, мейрімді, зерделі адамдар құраған қоғамы бар мемлекет қана дамыған елдердің қатарына кірмек.

 

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша

Мемлекет пен қоғам кәсіпкерліктің дамуына, ал кәсіпкерлер елдің дамуына яғни қоғамдағы барлық позитивті күштер бір мақсатқа бірігіп жұмылуы қажет. Сонда ғана қоғамды толық модернизациялауға болады. ХХІ ғасыр ғылым мен технологияға негізделген әлемдік экономиканы модернизациялау ғасыры. Бұл көштің алдыңғы сапында жүру үшін ұлт, қоғам түгелдей модернизациялануы тиіс.

Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлер палатасының жүргізген аудиторлық тексеріс нәтижесінде ҚР тауар өндірушілеріне берілген сертификат иелерінің көбі отандық тауар жасамайтын болып шықты. Басқа елдерде жасалған тауарларға "Қазақстанда жасалған" деген атаумен жапсырма жапсырып, көзбояушылықпен айналысқан. Тексерістен өткен 95 кәсіпорынның 40 ғана өздері тауар өндіретін болып шықты. Шенеуніктер ұрлап жатыр, жеп жатыр дейміз, олардан кәсіпкерлеріміз де қалысар емес. Елімізде өндірілген тауарларға жасалатын жеңілдіктерді пайдалану үшін ғана осындай қулыққа барып отыр. Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше екенін ескерсек, әлем тұрмақ өзіміздің ішкі нарығымызда да бәсекелестікке шыдай алмаймыз. Күнделікті халық тұтынатын тауар өндірісінің дамымай отырғанына сонда кімді айыптаймыз? Аштықта малға қараған қазақ өзен, көлден балық ауламады, егін мен көкөніс өсірмеді, өздерінің надандығынан қырылды дейтіндер аз ба? Бұл жерде де сондай жағдай ғой. Дайын тауарды өзіміз жасадық деп өз-өзімізді алдағаннан алаяқ кәсіпкерден басқа кімге пайда. Жаңа технологиялармен бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндіретін, жеріміздің қазба байлықтары мен қаржы саласына ие болатын, ұлтына жаны ашитын Отаншыл, мемлекетшіл кәсіпкерлердің жаңа легі "Ұлттық буржуазия" қалыптаспайынша экономикалық тәуелділікте қала бермекпіз.

Тарихи тамыры терең кез келген елде ұлттық буржуазия мемлекеттің тірегі, іргетасы болып саналады. Олар, тіпті, бүкіл мемлекеттік құрылымда ірі саяси-экономикалық потенциалы арқылы шешуші рөл ойнайды. Елдің негізін құрайтын ұлттан бастау алатын осы топ, ұлттың елдің белгілі кезеңінде жан-жақты дамуы үшін ықпалға да ие бола алады. Кезінде қазақ даласындағы ірі феодалдар ру-тайпаның қорғаны болу арқылы, ұлттың ұйытқы күшіне айналды. Ал 300 жыл жалғасқан отарлық езгіден енді ғана еңсесін көтерген Қазақстанда ұлттық буржуазияның қабырғасы биік қаланып, бағыты айқындалып үлгерді деуге бола ма? Жалпы, қазақта ұлттық буржуазия бар ма? 

 

 «Жер, жер және жер. Жерсіз отан жоқ. Әлихан Бөкейханның ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді», - деп көрсетілген екен.

 

Алаш көсемi жердi жекеменшiкке беруге үзiлдi-кесiлдi қарсы болып, қауымдастық меншiкке берiлуiн қолдады. Оның сырын «Бiздiң қазақ жердi меншiктi қылып алса, башқұртша көршi мұжыққа сатып, бiраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келедi!» деп түсiндiрдi. 

Жалпы қазақ қауымында жердің жеке меншігі болмаған. Оны біз қазақтың Ресей империясына бодандыққа түскенге дейінгі тарихынан, дәстүрі мен тұрмыс дағдысынан көре аламыз.

Елдің басшысы ханы, қағаны, биі, ру басы  - Мен басқаларыңнан жоғарымын, биікпін демейді, керісінше елдің кез-келген азаматы, адамымен тең дәрежеде сөйлесіп, оны қабылдап мәселесін әділ шешетін. Халық та соған орай оны құрметтеп, бастарына көтеретін, осындай басшымыз бар деп  соның айтқанын, шешімдерін бұлжытпай орындап, бірліктерін бекемдеп, жұмылған жұдырықтай болатын. Көшпелі қоғамдағы кез-келген ру басы, биі, батыры, байы өздерінің қандастарымен, аталастарымен, руластарымен, тайпаластарымен, барша ұлтымен бірге бәрін де тең көріп астамсымаған, мастанбаған, паңданбаған, әділетсіздік, озбырлық, әлімжеттілік жасамаған, Оның мынандай себептері бар. Бірінші бір ауылда, аймақта бір рудың, атаның ұрпақтары топтасып өмір кешеді. Бар ауылдасы бір атаның балалары, қалайша оларға озбырлық жасамақ, бәрі өз туысы, бір дастарханнан ас ішіп жасы үлкенін тыңдап, әрдайым кеңесіп отырған. Қандасына басқа ұлттың, басқа тайпаның, қала берді басқа атаның тепкісіне бермеген. Басы дауға қалса бәрі бірге жауап берген, басына іс түссе бәрі бірге көтерген. Сондықтан да ру мүшелерінің жауапкершілігі өте жоғары болған. Өзі байқамай шалыс баспау үшін, қандастарының басын дауға, барша ағайынын жауға қалдырмау үшін әр қайсысы өздерінің сөзіне, ісіне, барынша қатты мән берген. Сән салтанатын асыруға тырысқан. Астындағы аты, үстіндегі киімі, басындағы үйі келісті кербез болуға барын салған. Ұжымдық жауапкершілік деген осы. Бір ауылда бір атаның балалары қалайша бір біріне жалшы болады. Біреуі аузынан ақ майы ағып отырғанда екіншісі аш отырмайды ғой. Осының негізі жерде жатыр. Біріншіден жер қазақ қоғамында жекеменшікке берілмеген. Жер рудікі, тайпанікі. Жер ортақ болғандықтан ру басы, байы аталастарына тәуелді. Мал бәленшенікі деп аталғанмен руластарының қажетіне жаратылады.  

 

Еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруда болашақтағы басым бағыттардың бірі ауыл шаруашылығын дамыту болмақ. Әлемдегі азық-түлік пен ауыл шаруашылық өнімдеріне деген сұраныс артып келеді. Әлемде 9 орын алатын жерімізді ұқыпты пайдалана білсек ішкі сұраныспен қатар әлемдік нарыққа астық түрлері мен мал шаруашылығынан   алынатын азық-түлікпен,  шикізаттан алынатын сапалы тауарлар ұсынатын боламыз.

Ә.Бөкейханның «Егістікке жоңышқа салсаң, бидай жақсы өседі»,- деген мақаласында ең басты байлық жер құнарлылығын сақтау екендігін  Мәскеу губернесі, Волокалам оязындағы сол кездегі жағдайды баяндай келе, мал бақ, егін сал, әдіс қыл, шебер бол, мерген бол, еңбекке, білімге жалын. Еңбекке, білімге жалынған еуропалықтар – міне бес жүз жыл болды – жұт, аштық жоқ. «Жаңбыр жоқ болды, егін шықпады, қар қалың болды, мұз жауды» деп ел боспайды. Мал бақса, егін салса тізгіні өзінде, «құдай» демейді. Егінде де, малда да құдайдың жұмысы жоқ. Егінді алам, малды жұтқа, топалаңға, қасқырға бермеймін деп  білімге жалынып еуропалық еңбек қылады. Түзу мылдықты мергендей, қыран бүркітті аңшыдай қанжығасы қандалады, аузы майланады.

Қазақ кедейі, сен қашан осы жолға түсе аласың? Бір жерді «құдай» деп жырта берген, о жер тозған, отырған жерді көң, қорда төгіп жаңартатын мұжықта қорда жоқ. Қорда неге жоқ? – Мұжықта мал жоқ дей келе олардың жоңышқа егуі арқылы жерді тыңайтуы арқасында мол егін алып отырғанын жазады. Және түсінікті тілмен барынша анықтап, жүйелі жеткізеді.

Сарыарқаның күнгейінде арық тартып, егін екпеген өзен мен бұлақ жоқ. Бір тақия тары салып, оны қауға тартып, құдықтан суғарған. Қарқаралы оязы Шұбартау елінде  қазақ көп. Өзенге тоған қазып егін салған ел одақтасып, осы күнгі саяси тілде кәператип (кооператив) болып іс қылып отыр. Осыларды кәператип жолына бастап егін салатын жабдық, жақсы тұқым беріп, инженер жіберіп тоғанын түзетіп, жоңышқа салатын жолды көрсетіп жіберетін Наркомзем(нің) жер бөлімі болуы керек. Өзендегі егіншіні аймақ-аймақ қылып бөліп, тоғанын түзеп, диірменін салып, жоңышқа салғызып өнер көрсетсе, қазақтың шаруасы түзеліп, қасқа жолға түсіп жөнеп кетеді. Аш отырған ел тіршіліктен таяқ жеп, бұрынғы Волокалам  мұжығынша қаңғып кетеді. Не біз жұтадық «әкел» деп ауызын ашып қарап отырады. (Қосшы» газетінің 1924 жылғы №509 саны)

Әлихан Бөкейханның осы мақаласындағы көтерген мәселенің бүгінгі күндегі шынайы көрінісі, өткен жылы ҚР Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ауылшаруашылық жерлерін түгендеу жұмыстарына байланыстыҮкімет отырысында Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласы экономика тарабында маңызды басымдылыққа ие болып табылатынын еске салды. Алайда «Жер қатынастарын ескіше тиімсіз реттеу жердің өндіріс факторы ретіндегі әлеуетін шектейді. Жақында ғана орын алған жерлерді түгендеу жұмыстары 9 миллион гектар жеріміздің қолданылмай бос жатқанын көрсетті. Күллі әлемде азық-түлікті қалай өндіруге болатыны  іздестірілуде, ал бізде 9 миллион гектар айналымнан шығарылып тасталған»,- дегенді айтқан  Президент, ірі жер пайдаланушылар жерді жалға алады. Ал оның жерді қалай пайдаланып жатқанын, құнарлылықты сақтай ма, жоқ па, жердің өнімділігі үлкен бе, жоқ па, оны ешкім қарамайды. Ол шөп қорыған ит сияқты – алғысы келеді, алады, қалай пайдаланарын білмейді.Осылайша, Қазақстанның барлық шұрайлы жерлерін қатардан шығарамыз, ол жерден алуға болаттының бәрін алып аламыз, сосын сорға айналған құнарсыз жердің мәселесін жылы жабамыз»,- деді Елбасы.

Онымен қоса ұзақ жылға жалға берілген жерлердің мақсатына сай пайдаланылмауы жиі ұшырайды. Қала маңындағы көптеген бос жерлерді үлкен көлемде алып алып оны бөлшектеп тұрғын үй салу мақсатында сатып пайда табу табыс көзіне айналып отыр. Қазақстан азаматтарының Конституциялық құқығы бар 10 сотық жерін қала маңынан бос жердің жоқтығынан ала-алмай отырғанда кейбір азаматтардың мыңдаған гектарды ауыл шаруашылық мақсатына деп алып тұрғын үй құрлысы үшін қымбат бағаға сату белең алған құбылыс.

Патшалық Ресейдің отарлау саясатына орай қазақтың шұрайлы жерлерін переселендерге беріп жатқанда Алашордашылар «Қазақстанда келімсектерді қоныстандыратындай артық жер телімі жоқ», - деп ғылыми тұжырымдама жасап, дәлелдеп берген болатын.

«Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек» - деді.

Ә. Бөкейхановтың жобасы бойынша «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма киім болып киілуі керек», - яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке толық қол жеткізу керек.

Ол біріншіден отандық өндірісті жолға қою. Елбасы «отыны мен азық-түлігін сырттан таситын мемлекет тәуелсіз мемлекет емес»,- деді. 100 пайыз болмаса да 80 пайыз халық тұтынатын тауарларды өз ішімізде өндіру міндеті тұр. Бұл Ұлттық қауіпсіздігіміздің бірден-бір кепілі болмақ. Отандық өндірісті дамытатын көптеген бағдарламалар бар. Ауылшаруашылық саласы бойынша егін, мақта, көкеніс, мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды ірі қара малдарын өсіруге субсидия беріліп келеді. Импортты айырбастау жөніндегі отандық кәсіпкерлердің тауар өндірісін жандандыруға пайыссыз немесе төмен пайызбен несиелер, салықтық жеңілдіктер қарастырылуы керек. Шикізатқа ғана тәуелді экономиканың қиын жағдайын бүгінгі таңда көз көріп отыр. Басты бағыт экономиканы әртараптандыру болмақ.

Біз соңғы уақытта постиндустриялды қоғам құру мен елді иновациялық-индустриялды 5 жылдықтар шеңберінде экспортқа шығаратын тауарлар өндірісіне бағытталды. Негізінен біз өзіміздің ішкі нарығымызға бағытталған тұтынушылық-тауарлық бағыттың басым бағыт деп танып, осыған сәйкес қимылдауымыз керек еді.

   

«Алаштықтар Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құрамыз»,- деді. Ешқандай жер асты, жер үсті байлығы болмаса да, ұлттық салт-дәстүрге негізделген ғылымның арқасында экономикасы барынша дамыған мемлекет болғанын көріп отырмыз. Жапонияның ұстанған бағытының дұрыс екенін көрегендікпен көре білген Ә.Бөкейханов пен оның серіктерінің сол кездегі көзқарастарын бүгінгі Жапонияға қарап айтуға болады.

    Мемлекет құраушы ұлттың мүддесін қорғап, либералды, демократиялық, еркін нарықтық қатынастар мен толеранттылыққа негізделген қоғам құрып, дамудың даңғыл жолына түсуді мақсаты деп білді.

«Әлихан Бөкейхан жапондардың тәжiрибесiн үлгi ете отырып, қазақ елiн қысқа уақыттың iшiнде мәдениетi мен экономикасы өркендеген әлемдегi жетекшi мемлекеттердiң қатарына жеткiзудi ойлады. Оның кәмiл сенiмiнше, қазақ елiнiң дүние жүзiндегi қуатты агроөнеркәсiптiк мемлекетке айналатындай зор әлеуетi бар. «Қазақ» газетiндегi мақаласында ол халқына отырықшылық тұрмысқа көшiп, қолынан келетiн ең жақсы кәсiбi – мал шаруашылығын өркендетуден бастауды ұсынады: «Еуропада Швейцария жұрты жерi Түркiстан, Алтай, Алатаудай ғұмырында қар кетпейтiн биiк тау, малға жақсы, егiнге жаман, адамы отырықшы болып қалада отыр, шаруасы мал бағу. Жер аз болған соң малдың басын азайтып, сүйегiн асыл қылып мал бағып тiршiлiк қылып отыр».

Алаш көсемi қазақты егiн, мал шаруашылығын жедел дамыту үшiн кооперативке бiрiгуге шақырды. Оған үлгi ретiнде Әлихан тағы бiр Еуропа елiнiң үздiк тәжiрибесiн келтiредi. 1924 жылы «Ақ жол» газетiнде шыққан мақаласында «Дания – Еуропадағы кiшкене мемлекеттердiң бiрi. Жерi бiздiң қазақтың бiр оязының жерiнен аз, адамы – орташа екi облыстың елiндей. Данияда жалпы жұрттың күнелткенi – егiн салу мен мал бағу... Жалпы елдiң бiлiмi молдығынан, кәператипке сүйенiп iстегендiгiнен байлық Дания елiне күйедей жаққан. Бiздiң Ресей мұжығынан Дания мұжығы 19,5 есе бай. Бiздiң Ресей мұжығы олақ егiншi, Дания мұжығы шебер малшы келедi... Бiздiң қазаққа қазiргi кезде баласын оқытатын мектеп, жерiн гүлдететiн су, елге қызмет қылатын... май алатын, жүн жуатын, терi илейтiн, ет сататын, мал өсiретiн, егiн салатын кәператип керек» деп жазды.

Әлихан ұлттық экономиканың ауыр өнеркәсiп саласын тұрғызып дамыту қазақ елiнде жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесi – земствоны енгiзу қажет деп санады: «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмелiп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта iстетпек».

«Гәп егiн салғанда, мал баққанда ғана емес: егiн сал, мал бақ, кен қаз, бiрақ – шебер бол!» деп үндедi соңына ерген алты алаш халқын Әлихан Бөкейхан. (Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, PhD, Еуразия ұлттық университетi «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры) Осыдан асырып не айтамыз.

Менталитеттері Батыстан гөрі бізге жақын, Шығыстың тез қарқынмен дамыған елдері адам ресурстарын дамыту мен компанияны және жалпы экономиканы тиімді басқарудың жаңа механизмдерін дайындауда жергілікті халықтың мәдениетін (тіл, дәстүр, менталитет) кеңінен пайдалану арқылы қол жеткізді. Мысалы, Батыстың индивидуализміне кереғар, Шығыс халықтарының менталитетіне тән Жапонияның «Z теориясы» - компанияны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырып, өз алфавитін (иероглиф) өзгертпей, оны қоғамның барлық салаларына тарату арқылы ана тілін пайдаланудың қоғам дамуындағы талассыз артықшылығын  дәлелдеді. Әр адамға шаққанда еңбек өнімділігі әлемде алдыңғы қатарлы Жапонияның әлемдік нарықтағы автомобиль өнеркәсібі мен электроникадағы үлесі отыз пайыздай, жаңа технологиядағы - 25 пайыз.

 

Әлихан Бөкейханов еліміздің  мал шаруашылығы жөнінде ғылыми тұжырымдама жасап, осы саланы өркендетудің тиімділігін дәлелдейді. (Материалы по экономическому обследованию районов сибирской железной дороги. Животноводств. Выпуск №1. Овцеводство в районе Заподного участка Сибирской железной дороги. Томск. Товаричество «Печатная»)

    Ғасырлар бой қалыптасқан еліміздегі мал шаруашылығын тиімді дамыта білу біздің елдің болашақтағы басым бағыты болуы тиіс. Біз дәстүрлі жолман әлемдік нарыққа экологиялық жағынан таза, қауіпсіз мал өнімдерін ұсынамыз. Дүниежүзіндегі азық-түлікке деген сұраныс арта береді. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктеріне орай аграрлық саланың болашақта ең жетекші салаға айналатыны күмәнсіз.

    1896 жылдан 1091 жылдар аралығында Ф.А.Щербинаның басқаруындағы экспедиция құрамында Семей, Ақмола, Торғай уездерін аралады.

    Осы экспедициядан кейінгі қортынды жазбасында осы аймақтың экономикалық жағын көтеруді қарастырады. Онда әсіресе Қарқаралы уезінің шеткі аймағы Шу өзенінің маңы егіншілік пен мақта өсіруге қолайлы екенін айтып, жергілікті жұрт көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, оның жұт болған жылдардан кейінгі қиын әлеуметтік жағдайын баяндайды. 1899 жылы дәл жұт болған жылдың көктем айларында осы экспедиция сол аймақтан өткен.

(Әлихан Бөкейхан. Шығармаларының толық жинағы. 2 том. Сарыарқа. Астана, 2009.)

    Ничьи денги. Семей облысындағы қырғыз(қазақ) капиталының жұмсалуы жөнінде.

Дала генерал-губернаторлығы 1895 жылы Батыс – Сібір бөлімшесіне 6000 р процентсіз 12 жылға берілді. Қырғыздар 2880 р минимум 4 процентпен есептегенде жоғалтты. Мұндай мысалдар өте көп. Семей уезінде 700 мың қазақ бар. Қазақ капиталының 50 мыңы қыздар гимназиясын салуға жұмсалмақ, ерлер гимназиясында бірнеше ғана қазақ баласы оқиды. Егер олай болса ол неге керек»,- деп ойын қорытады.

Бізде бюджет қаржысын тиімді пайдалану бойынша мәселелер бар. Жылда бөлінген қаржының біраз бөлігі игерілмей қалады. Оның үстіне жемқорлықтың кесірінен қаражат талан-таражға түсіп жатыр. Қаншама шенеуніктер сотталып жатқанымен нәтиже аз. Билік пен бизнестің бірігіп кетуі біздің әділетті түрде өркендеуімізге кедергі келтіріп келеді. Ал халық пен билік арасында әлі күнге дейін бір-біріне деген сенім жоқ. Бизнестегілер болса қаражаттарын шет елдерге, офшорлық аймақтарға тығып әлек. Бұл осы үш тағанның бір-біріне деген сенімнің жоқтығы. Сенім жоқ жерде елдің болашағы да бұлыңғырлана түседі.

Алаш Орда партиясының бағдарламасы мен Алаш автономиясының қабылдаған қаулысында алым-салықтар туралы былай делінеді. (Сибирские вопросы журналы. №47-48, 1908 г.)

Алаш Орда партиясының бағдарламасындағы экономикаға байланысты басым бағыттар мен сол кездегі экономикалық мәселелерді шешу жолдары айқын да нақты, әділетті түрде қарастырылады.

Қазына ақшасын орынсыз жерлерге жұмсамай, тек халық мұқтаждықтарына жұмсалсын.

Алым-салықтар әр адамның түсіміне (кірісіне), дәулетіне қарай алынсын.

Сіріңке, керосин, шекер секілді халық тұтынатын заттар арзан болсын. Қазынаға акциз алынсын. Акциз тауарды көп қымбаттатпасын.

Шетелден Русия империясына келетін халық тұтынатын тауарлар баж салығы есебінен тым қымбат. Пішен шабатын, егін оратын, жер жыртатын, астық бастыратын машиналар өте қымбат. Баж салығы жоғары болғандықтан мұсылмандарға керекті Зәмзәм шариф, тәсбиық, жайнамаздар Ресейге аз келуде. Тауарлар арзан болуы үшін баж салығы төмен болуы ләзім.

Жұмысшылар яғни еңбек қатынасын реттеу жайында «Жұмысшыларға өздері тілеген кеңшілік, еркіншілік берілсін. Сондай-ақ оларды дүниеге мұқтаждық етпейтін, лайықты өмір сүруді қамтамасыз ететін заңдар шығарылсын.

 

Білімге жалынған жұрт орман бағын қалай қориды?

Қоңыздың, шыбынның, көбелектің баласы – жұлдыз құрт шөптің бетіне, алманың, лимонның, өріктің гүліне түсіп, жапырағын жеп, бақты, орманды гүлдетпей, жылғы өсімінен қалдырады. Шегіртке түскен, егінді, орманды жоқ қылып жібереді. Шыбын, көбелек, қоңыздың балаларының бір жылда Солтүстік Америкаға келтіріп тұрған шығыны мынадай:

Шөпке    160 миллион сомдық,

Бидайға  400  миллион сомдық,

Мақтаға  112 миллион сомдық,

Темекіге  10 миллион 600 мың сомдық,

Баққа        54 миллион сомдық,

Қантқа     10 миллион сомдық,

Халық ағашына  2 миллион сомдық,

Әртүрлі шөпке  11 миллион 600 мың сомдық,

Етке, майға, теріге   450 миллион сомдық,

Қазына ағашына     200 миллион сомдық (шығын)

Жоғарыда жазылған шаруаның бір жылғы кірісі 11 миллиард 106 миллион болды, осының жүзден онынан бастап жартысына дейін қоңыз, көбелек, шегіртке, шыбын жеген шығын болады.

Жерге симайтын осы шығыннан Америка қалай құтылып отыр? Америкаға бір лимон баққан адам өзге жерден бір жақсы тұқым лимон ағашын ала келген. Осы ағаштың жапырағында, гүлінде, дәнінде бір өзін жайлайтын, осы ағаштың жатып ішері – бит ере келіп, Калифорниядағы лимон ағашына жұт бола кеткен. Бұрын жылына 80 мың арба лимон сататын аймақ 6-ақ жүз арба сататын болып қалған, жүзден 7-ақ қалған. Бұл жұттан қалай құтылуды іздеген.

Осы сынды алма ағашына және лимон ағашына зиянкестік келтіретін жәндіктерден құтылған көптеген мысалдарды дәлелге келтіріп, өзіміздің Түркістанда да бақ бар, онда да өрік, мейіз, алманы жеп жұтатын жауы бар. Америка әдісін қылып онан қорғанған адам жоқ. Бұл бізде білім жоқтығы дей келіп, өзімізде де осындай шараларды жасауға мүмкіндік барын айтып, сынға алады.  (Қыр баласы. «Ақ жол» газеті, №499, 02.11.1924 жыл.Ташкент).

Осы мақаладан түйеріміз жаңа технологияларды игеріп, интелектуалды ұлт қалыптастыру. Бұл ұлттың салт-дәстүрімен қабысқан білім мен ғылымды және еліміздің барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, капиталға айналдыратын қоғам мен тұлғалар. Яғни адам капиталын қалыптастыру. Яғни 100-деген  миллион тонна мұнай мен метал өндіріп,  миллиондаған тонна бидай өндіргеннен де пайдалырақ болатын Стив Джобс, Билл Гейтс, Марк Цукерберг сынды адамдарды тәрбиелеген тиімді емес пе?! Бұл зерделі ұлт қалыптастырудағы негізгі мақсат болуы тиіс. Қазақстан азаматтарының көп бөлігі бай-қуатты болғанда ғана өзімізді толық тәуелсіз сезінеміз. Еркін ойлай білетін, қаржылық тұрғыдан тәуелсіз, шығармашылық, рухани деңгейі жоғары азаматтар мемлекеттің, елдің нағыз патриоттары бола алады.

Алаш Орданың және оның басшысы Әлихан Бөкейханның экономикалық ұстанымы бойынша халықтың, мемлекеттің тәуелсіз болып тұруы мен саяси, әлеуметтік дамуының негізі тікелей экономиканың жағдайы мен дұрыс экономикалық саясаттың іске асуында жатқандығын үнемі көрсетіп отырды. Сондықтан Алаштықтардың экономиканы, халықтың әл-ауқатының арттыруын көздеген сол кездегі саясаты жүз жыл өтсе де өзінің маңызын жоймай, керісінше уақыт өте келе мұның бірден-бір дұрыс жол екеніне қазіргідей әлемдік дағдарыс орын алған кезде  көзіміз жетіп отыр.

Ардақ  Беркімбай.

Журналист-зерттеуші.

Қатысты Мақалалар