"Алматыметроқұрылыс" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Tengrinews.kz агенттігі "Алматы метросындағы 2014 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланған екі станцияның іске қосылуы 2015 жылдың басына шегерілді" деп хабарлады. Компанияның сөзінше, метроның жаңа станцияларының ашылуы келесі жылға қалуына басты себеп: "станциялардың пайдалануға берілу мерзімінің кейінге шегерілуіне метро салынатын жердегі үйлерді сүрудің ұзаққа созылып кетуі" Яғни, сүрілетін үйлердің иелері баспаналарын мемлекет ұсынған бағаға сатуға келіспеген.

Бұған дейін қала әкімі Ахметжан Есімов Алматы метросындағы жаңа "Сайран" және "Мәскеу" станциялары 2014 жылдың бірінші желтоқсанында ашылатыны туралы мәлімдеген болатын. 1988 жылдың қыркүйегінде басталған Алматы метросының құрылысы бірнеше рет тоқтап, араға ширек ғасыр салып, алғашқы жеті станциясын 2012 жылы 1 желтоқсан күні іске қосқан. Метро ашылғанда жыл сайын бір станциядан қосылатыны айтылған болатын.
Қамшы-ақпарат