Дубай – әлемдегі ең әдемі де, елді қызықтырарлық қала. Ол жерде орналасқан аспан тіреген ғимараттар, қымбат көліктер және бірнеше тонна алтындар – барлығы да керемет көрінеді.
Сонымен қатар Дубайда жыл бойы ауа-райы бір қалыпты болып тұрады, алайда, күннің де дағы бар. Дәл сол сияқты Дубай да еш мінсіз емес. «Қамшы» порталы Новая эпоха порталында жарияланған Дубай жайындағы жаға ұстатарлық 15 деректің қазақша нұсқасын назарларыңызға ұсынады.
Аптаған ыстықта жұмыскерлер күніне 14 сағат жұмыс жасайды

Дубайда құрылыстың қарқыны жылдан-жылға үдей түсуде. Алайда, құрылыс үшін де адамның күші керек екендігі рас. Дәл сол адамдар өте ауыр әрі қолайсыз жағдайда, 48 градус ыстықта күніне 14 сағат жұмыс істеуге міндетті. Әдетте ол жаққа қыдырып барған саяхатшыларға мұндай ыстықта 5 минуттан артық күннің астында жүрмеуге кеңес береді. Осының салдарынан қайғылы жағдайлар көптеп орын алады, дегенмен Дубайда ақша көп және олар барлық мәселенің бетін жабады.
Көпшіліктің көзінше сүйіскені үшін түрмеге тоғытылады

Интернетте тараған түрлі фотолар жұртты адастырып, бұл жерде либералды тәртіп орнаған деген ойға алып келеді. Алайда, мүлдем олай емес. Мұсылмандарда тәртіп өте қатал. Мысалы, қоғамдық жерлерде сүйісуге болмайды, тіпті, қол ұстасып жүруге де тыйым салынған. Мұндай тәртіпті бұзған саяхатшылар ірі көлемде айыппұл төлеуге міндетті немесе түрмеге тоғытылады.
Жыныстық құлдыққа салыну

Жыныстық әрекет, есірткі, алкогольге қатысты барлық нәрсеге бұл жерде заң өте қатал. Көшеде қыздар қолдарын ашып жүрсе де жауапқа тартылуы мүмкін. Алайда, түнгі уақытта барлығы да мүлдем өзгеше. Әлемде кеңінен тараған жезөкшелік ісі бұл жерде де кеңінен етек жайған: өз қызметін сағатына 500$-ға ұсынатын 30 000 астам жезөкшелер бар. Иә, Дубайдың бағасы осындай. Ең сорақысы бұл жерде жезөкшелік кәсіпті заңсыз болғандығына қарамастан қолдап, дамыта түсуде.
Ірі су қоймаларын орынсыз жұмсау

Дубайдың негізгі орналасқан жері шөл дала. Яғни, ауыз су мәселесі мұнда өте күрделі. Алайда, ақша көп болғандықтан бұл мәселені де шешу түк те емес, тіпті, бұл жерде суды үнемдеудің орнына оңды-солды шашу үстінде.
Мұнай біткеннен соң Дубай мысқа оранады

Егер қолыңызда қара алтын болса, шөл даланың ортасынан зәулім сарай салу түк те емес. Таяу Шығысты негізінен асырап келе жатқан да сол – қара алтын. Дегенмен, ол да бір күні бітеді. Шамамен 20 жылдан соң мұнай жетіспеушілігі басталып, оның бағасы шарықтап кетеді. Сол кезде Дубайдың жағдайы не болмақ екен?!
Жабайы нәсілшілдік

Біз нәсілшілдікті адамдар дұрыс емес деп ойлайтын ХХІ ғасырда өмір сүріп келеміз. Алайда, Дубайда жағдай мүлдем бөлек. Нәсілшілдік бұл жерде өте қатты дамыған. Бұл қалада адамдармен оның төлқұжатына қарап араласады. Мысалы, бір жұмысты америкалық, еуропалық азамат пен өзге елдің адамдары бірдей істеуі мүмкін, алайда олардың ақысы екі түрлі, америкалық пен еуропалық азаматтың алатын ақысы екі-үш есе көп болып келеді.
Құлдыққа жегілу

Сыртынан қарағанда Дубай өте әсем қала, бірақ оның ішін ақтаратын болсаңыз тозаққа түсіп кеткендей боласыз. Үндістан, Пәкістан, Қытай елдерінен жұмыс іздеп келген адамдар бұл жерде тікелей құлдыққа жегіледі, бірақ барлығы да заң жүзінде іске асырылады. Олардың төлқұжаттарын алып қояды да, арзымайтын ақшаға өте қиын жұмыс істеткізеді.
Қоғамдық ортаны ластау

Өте ірі құрылыстың салдарынан түрлі химиялық қалдықтар қалады да, оларды теңізге алып барып тастайды. Мемлекет бұл іске қала қарайды? Олар үндемейді, себебі өз бастарына бәле тілеп алуы әбден мүмкін.
Көлікті қатты айдау – өлімге әкеліп соқтырады

Дубайда қымбат әрі сирек маркалы көліктер өте көп. Оларды мінген адамдар, әрине, жылдам жүргенді ұнатады. Алайда, оның салдарынан өте көп қайғылы жағдайлар орын алып жатады.
Дубайда барлығы да жасанды

Дубайда тұрып, жұмыс істеген адамдардың көбісі бұл жердегінің барлығы да жасанды екендігін айтады. Жасанды ағаштар, жасанды күлкі. Бай-бағландар өздерін король санауы үшін Дубайды жасанды етіп салған. Бұл жерде бірнеше уақыт тұрған адамдардың айтуынша, бұл жасандылықтың барлығын адамдарды қызықтырып, олардың ақшасын алу үшін жасаған.
Ақшасы жоқ адамдарға заң өте қатігез

Иә, Дубайда көңілді кештер мен қымбат көліктер көп, бай адамдар көп. Алайда, өз күндерін көре алмай жүрген бейбақтар да өте көп. Көбісі Дубайға жағдайларын жақсарту үшін барады, бірақ бұл жерде заң соншалықты қатал, бір айыппұлды кешіктіретін болсаң, түрмеден бір-ақ шығуға болады. Егер, бір компания құрдымға кетсе, оның қызметкерлері де бірге құрдымға кетеді. Олардың баспаналарын тартып алып, түрмеге жабады.
Сонапур – жұмысшылар геттосы

Сонапур – кедей жұмысшылар шоғырланған Дубайдың ауданы. Жылдан-жылға бұл аймақта құлдыққа жегілушілердің саны артып, геттоға айналып барады. Бұл жерде 150000 аса жұмысшылар адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр. Кішкентай ғана бөлмеде 8-9 адам тұрады. Гигиеналық тазалық пен тағам мұнда ұмыт қалған. Мемлекет бұл мәселені қалай шешуде? Олардың ойынша, бұл адамдар зәулім қонақ үйлер мен аспан тіреген ғимараттар салып жатқанда ешқандай да мәселе жоқ.
Жыртқыш аңдар бұл жерде жабайыға жатпайды

Дубайда ақшасы көп адамдар қаражаттарын қайда жұмсарларын білмей, біреулері алтынмен апталған көлік сатып алып жатса, енді біреулері көк қағаз толы хаузда жүзеді. Ал, ең таңқаларлығы – кейбір адамдар үй жануарларының орнына жыртқыш аңдарды ұстайды. Ал олар қоғамдық ортада өте қауіпті.
Дубайда сөз бостандығы деген – аңыз

Бұл жерде өз ойыңды тек биліктегілерге ұнайтындай етіп қана жеткізуге болады. Бұлай болмаған жағдайда құпия полиция қызметкерлері өз жұмысына кірісіп, барыңнан айырады немесе ауызыңды жабады, кейде түрмеге тоғытады.
Дубайды диктаторлар басқарады

Мұның бәрін кімнің басқаратынын білесіз бе? Біріккен Араб Әмірліктері – Халиф ибн Зайд әл-Нахайан басқарған федералды монархия. Алайда, ол жердегі барлық маңызды шешімдерді Дубай әмірі, вице-президент әрі премьер-министр Мұхаммед ибн Рашид әл-Мақтум қабылдайды. Барлық қаражатты да өз бақылауында ұстайды және де құзіреттілігі өте жоғары адам. Ал бұл адам жайында жаман ойласаңыз, ауыр жазаға тартылуыңыз әбден мүмкін.
Аударған: Назерке Лабихан