Қостанай облысының Сарыкөл ауданының орталығында орналасқан «Олимп» емдеу-сауықтыру кешенінде естіген жанның жағасын ұстататын оқиға болған. Туған күн кешін көңілді өткізгісі келген аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері жұртшылықтың көзінше тыр жалаңаш бассейінге шомылған, полиция майоры қызметінен кетті, деп хабарлайды Baq.kz
Бір қызығы, «Олимп» емдеу-сауықтыру кешенінің қожайыны майордың ерсі қылығы туралы аудандық ішкі істер бөліміне шағым түсіргенімен, оны әріптестері жылы жауып қойыпты. Тек қана «Сарыкөл» аудандық газетінің бас редакторы Айжан Мусатова мен облыстағы белді басылым «Наш Костанайдың» араласуымен тәртіп сақшысы лайықты жазасын алып отыр.
Жоғарыда аталған сауықтыру кешені қызметкерлерінің көз алдынан сол күнгі болған оқиға әлі кетер емес.
«Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері, полиция майоры Ерболат Утебаев өзінің 5 әріптесімен біздің кешенге келді. Бұл былтырғы жылдың соңында кешкі сағат 22.00 шамасы болатын. Тәртіп сақшылары майордың туған күнін атап өтпек болған екен. Олар барлық кешенді жалдап алған. Ал, біздің қызметкерлер бұл жерде ішімдік ішуге қатаң тыйым салынғанын айтты. Кешен сауықтыру саласына бағытталғанын жеткізді. Оны естіген тәртіп сақшылары тез кетіп қалды. Ал, соңында қалған майор суға шомылып салқындағысы келген болуы керек, жылдам шешіне бастады. Осы сәтте бассейн қызметкерлері бұрынғы тәртіп сақшысына суға түсетін арнайы іш киім киюді ұсынады. Арнайы киімі болмаған майор мырза көп ойланбастан тыр жалаңаш шешініп, суға қойып кетті. Бұл кезде ол жерде ересектермен қатар балалар да болатын», – дейді «ТРИО» ЖШС негізін қалаушылардың бірі Саак Мелоян.
Шектен шыққан бұрынғы тәртіп сақшысының ерсі қылығына шыдай алмаған сауықтыру кешенінің әкімшісі сол арада 102-ге хабарласып, көмек сұрапты. Ал, оқиға болған жерге жеткен тәртіп сақшылары әріптестерінің қылығын бұрмалап көрсетіп, шақырғандарды кінәлі қылып кетіпті.
«Сол күні мен тренажер залында жаттығу жасап жатқан едім. Бір кезде адамдар шулап кетті. Келсем, әлгі ер адам киініп үлгеріпті. Бірақ, барлық жұртты боқтап, аузына түскенін айтып жүрді. Ал, шақырған тәртіп сақшылары жеткенше ізін суытып үлгерді», – дейді Сарыкөл ауданының тұрғыны, оқиға куәгері Зина Кинган.
Бірақ, келесі күні бала-шаға мен тұрғындардың зәресін алған майордың ісіне қатысты шындыққа жанаспайтын деректер шығады. Ол жерде ешқандай тәртіп сақшысы болмаған. Тек бейтаныс ер адам қызмет ақысын төлемеген деген ақпарат таратқан. Осылайша өз абыройларын ойлаған полицейлер істі жылы жауып қоймақ болыпты.
«Мені таңғалдырғаны полиция қызметкерін дәрігерлік тексеруден өткізіп, ішімдік ішпеген деген анықтама дайындаған. Мен оның аяғынан әрең тұрғанын көрдім ғой. Қоғамдық тәртіпті қадағалайтын сақшыларымыз осындай ұятсыз іске барса, басқасынан не үміт күтеміз», – деп қынжылады аудандық «Сарыкөл» газетінің бас редакторы Айжан Мусатова.
«Жергілікті «Наш Костанай» газетіне «Олимп» емдеу-сауықтыру кешенінде өз қызметін асыра пайдаланып, бассейнге тыр жалаңаш шомылған Сарыкөл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкеріне қатысты мақала шыққан соң кең көлемде қызметтік тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексерістің нәтижесі бойынша тәртіптік кеңес жоғарыда есімі аталған тәртіп сақшысын қызметінен босату туралы шешім шығарды. Сонымен қатар, осы бассыздыққа көз жұма қараған аудандық ішкі істер бөлімі бастығының 2 орынбасары да тәртіптік жауапкершілікке тартылды», – дейді Қостанай облыстық ІІД баспасөз хатшысы Елена Кашарина.
Пікір қалдыру