АҚПАРАТ ТІЗГІНШІСІ АБАЕВ ­- «АЛТЫН КӨПІР» МЕ, ӘЛДЕ...

/uploads/thumbnail/20170710010418486_small.jpg

2016 жылы 6 мамырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ақпарат және коммуникациялар министрлігі құрылып, оған Дәурен Абаев басшылыққа келген. Содан бері тұп-тура 11 ай өтті. Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы лауазымынан Министр орынтағына жайғасқан Дәурен Әскербекұлы содан бері қандай қызмет атқарды? Еліміздің ақпарат, коммуникация саласына нендей жаңалықтар әкелді? «Қамшы» порталының тілшісі саралап көрді.

Назарбаевтың шекпенінен шыққан шенеунік

Дәурен Абаев ақпарат саласына бөтен тұлға, жолдан қосылған әлдебіреу емес. 2001 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітіре сала 2003 жылдың тамызына дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында жұмыс істеп, жастай тәжірибеден өтті. 2003 жылдың мамыры мен 2007 жылдың мамыры аралығында Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы және Нидерланды Корольдігіндегі Елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарды. 2007 жылы мамыр –желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінде бөлім басқарды. 2007 жылдың желтоқсаны мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Протоколының бас сарапшысы, консультанты болды. 2008 жылдың желтоқсаны мен 2009 жылдың қазаны аралығында Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары, 2009 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы, 2011 жылдың қазанынан Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды. 2013 жылдың шілдесінен бастап баспасөз хатшылығына президент кеңесшілігін қоса атқарды. Байқап отырғаныңыздай министр лауазымына тағайындалғанға дейін Абаев сегіз жылға жуық ақпарат құралдары мен Ақорданың арасын жалғаған баспасөз қызметінде қызмет етті. Биліктің баспасөзге қатысты ұстанымынан хабардар, баспасөздің бас ауруларынан хабардар.

Дәурен Абаев министр қызметіне тағайындалған тұста үкіметте жасы одан кіші бір ғана министр болды. Алайда Қазақстан тарихында 30 жастың ішінде министр қызметіне тағайындалған тұлғалар сирек. Атап айтқанда 23 жыл бұрын алғашқы үкіметте небәрі 32 жастағы Алтынбек Сәрсенбаев Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрі боп тағайындалған. Бұл – қазіргі Дәурен Абаев басқарып отырған министрліктің сол кездегі атауы. Қазақстанда жастар арасынан Президент сеніміне ие болып, министр қызметіне келу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Мұндай бақыт көбіне тек «Назарбаевтың шекпенінен шыққан» шенеуніктерге ғана бұйырса керек. Мұндай жолмен қызметке келгендердің бір артықшылығы һәм жауапты тұсы – оның жұмысы тек өзінің ғана емес Елбасының да атақ-абыройына ықпал етеді.

 

«Ақпаратты тұншықтыруға келген «министр»

Дәурен Әскербекұлы министр қызметіне тағайындалған соң ақпарат әлемінде оған «Ақпаратты тұншықтыруға келген министр» деп ат қойып, айдар таққандар болды. Жасыратыны жоқ, соңғы кезде Қазақстанның ақпарат саласы миша былыққан. Билік пен халық екі жаққа бөлініп, мемлекеттік БАҚ-тың деңгейі төмендеп, оның «өшін» тәуелсіз БАҚ-тан алу үрдісі етек жайған еді... Сол үшін де әсіресе еркін ақпарат көздері жас министрден қатты қауіп күткен.

Билік үшін тәуелсіз БАҚ бітіспес «жау» болып тұрғанда, ал тәуелсіз БАҚ үшін Ақорда алынбас қамал болып тұрғанда Ақпарат министрінің алдында расында екі таңдау тұрды. Бірі – аяусыз тұншықтыру. Екіншісі – билік пен халық ортасында алтын көпір болып, мемлекеттің ақпараттық ашықтығын жүзеге асыру. Жұрт Дәурен мырзадан біріншісін күткен. Себебі биліктің сиқы, Президент айналасындағы кей басшылардың пиғылы сондай еді ол кезде... Оның үстіне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелеріне байланысты кей заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бастама онсыз да биліктен үмітін үзген тәуелсіз БАҚ өкілдерінің күдігін күшейте түсті.  

Абаевтың «алтын көпірі»

Міне, Дәурен Абаев мырза министр болғалы жылға жуықтады. Жұрт күткен екі қадам да әлі өткір күйінде. Әсіресе, Жанболат Мамай сынды жас ақпаратшылардың абақтыда отырғаны алаңдатады. Дегенмен екінші үміттің де орындалып жатқанына ел куә. Орталық коммуникациялар қызметін айтпағанда, Министр мырза журналист қауымының билік өкілдеріне қолжетімділігін айтарлықтай жүзеге асырды. Мемлекеттің ақпараттық ашықтығына қадам жасалды.

«Қазақстан» ұлттық арнасы, «Егемен Қазақстан» газеті сынды мемлекеттің ең басты ақпарат құралдарына жаңа басшылар келіп, құрылымдық өзгерістер жасалды. Жер мәселесі, тіркеу мәселесі сынды бұрын билікшіл БАҚ айналып өтетін өзекті проблемалар, халық айқайы мемлекеттік БАҚ-тан айтыла бастады.

Тиісінше ақпараттық қауіпсіздік мемлекеттік БАҚ-тарда дәріптеліп, Абаев келгендегі алғашқы жұмысы – шетелдік арналардан жарнама көрсетуге біржола тыйым салынды.

Министрліктің ең басты жаңалықтарының бірі ақпарат және телекоммуникациялар саласындағы заң жобасын әзірлеуі болды. Жұмыс тобының құрамында БАҚ қызметкерлері, байланыс саласы мен мемлекеттік органдардың өкілдері жұмыс істеді. Қоғамның да пікіріне құлақ түріп, азаматтардан ұсыныстар қабылдады.

Сондай-ақ, министрлік БАҚ, телерадио хабарларын тарату, байланыс және ақпараттандыру мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша заң жобасының тұжырымдамасын әзірледі. Тұжырымдама жобасымен 4 кодекс пен 12 заңға өзгерістер енгізу көзделуде. Тұжырымдама кең талқылаудан өтті. Оң әрі сын пікірлер ескерілді. Аталған бағыт бойынша жақын уақытта Заң жобасын жариялап, биылғы бірінші жарты жылдықта заң жобасын Парламентке енгізу үшін құжатты халықпен кеңінен талқылау жөнінде тапсырма берілді.

Отандық телевизияның сапасына, көрермен сұранысына да Абаевтың келуімен министрлік деңгейінде көңіл бөлінгенін айта кету керек. Отандық фильмдердің көрерменге барынша қолжетімді болуын, оларға сұраныстың ұлғаюына негіз салуыды, осы арқылы қазақстандық киноөнімдердің саны мен сапасының артуына қолдау көрсету мақсатында Наурыз қарсаңында жаңа «Ел Арна» киноарнасы ашылды.

Қаңтар айында «Уақытша тіркеу» мәселесі күнтәртібінде тұрған кезде де министрлік айтқан мерзімнен екі апта бұрын «электрондық үкімет» веб-порталында азаматтарды уақытша тіркеу қызметі пилоттық режимде іске қосып, коммуникациялық оперативтілік көрсетті.

Басқасы басқа, тәуелсіз бағытты ұстанған «Қамшы» порталына бұрындары министрлік тарапынан күн сайын бірнеше қоңырау шалынатын еді. Әсіресе, мемлекеттік саясатқа жылт еткен қарсы пікір айтылса, сол мақаланы сайттан алып тастауды, күйіп тұрған мәселелерді жазбауды жиі қадағалайтын. Ал қазір мұндай қоңыраулардың орынына сол мәселені түсіндіру жұмыстары және билік тарапының пікірі де халыққа жетсе деген өтініш айтылатын болды.

Көп қырлы коммуникацияшы

Министр қызметіне тағайындала сала Абаев байланыс пен ақпарат саласында цифрландыруды қолға алып, коммуникациялық жаңарулар жасады.

Өткен жылдың қыркүйегінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Kazsport» телеарнасын HD форматына көшіруді сәтті аяқтады. Осылайша, отандық телевизияның хабар таратуын жоғары сапаға көшіруге алғашқы қадам жасалды.

Басым міндеттердің бірі ретінде халықты Интернетке кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету белгіленді. Бүгінде ғаламтор пайдаланушылар саны 73%-ға жетті. Тұрғындар саны 10 мың және одан көп ауылдық елді мекендерде 3G стандартының мобильді байланысы ендірілді. 4G стандарты тұрғындар саны 50 мың және одан көп ауылдық елді мекендерде қосылды. 2017 жылдың соңына қарай еліміздің барлық аудан орталықтары 4G стандартымен қамтылатынын хабарлады.  «OTAU TV» спутниктік хабар тарату желісі еліміздің аумағын 100% қамтуды қамтамасыз етуге жұмыс жасауда.

Ақпараттандыру саласы бойынша Министрлік республикалық бюджетке салмақ салмай, квазимемлекеттік секторлар, жеке инвесторлар қаржыландыруды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірледі.

Дәурен Абаев министрлікке келген алғашқы тоғыз айда көрсетілген электрондық қызметтер 30 миллионнан асты, 17 мыңнан астам электрондық лицензия, 433 мың рұқсат құжаты берілді, 854 мың адам тіркелді. Бүгінде Мемқызмет тізімінде 739 атау бар, олардың ішінде 530-ын электрондық үкімет порталы және Мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады. Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін қажетті кеңестер алуға болатын 1414 бірыңғай нөмірі енгізілді. Сонымен қатар, Мемкорпорациядағы сыбайлас жемқорлық оқиғалары да атап өтілді. Бұл мәселені басшылықтың ерекше бақылауына алу тапсырылды.

Әлеуметтік желіде белсенді министр

Министр Абаевтің Facebook әлеуметтік желісінде достарынан тыс 10 мыңға жуық жазылушысы бар. Министр жазбаларына түсетін пікірлердің басым бөлігі оны қолдап отырады. Ол министрлік төңірегіндегі жаңалықтарды ғана емес, ел өміріндегі айрықша өзгерістерді, тың деректерді, тосын ақпараттарды бөлісіп, оқырманымен қазақ және орыс тілінде қатар дерек алмасып, пікірлесіп жатады. 

«Оппозициялық «Қамшыдан» Ақордаға дейін

«Қамшы» порталы қатарға қосылған 5 жылдан бері қал-қадерінше халықтың мұң-мұқтажын жазуға тырысты. Сол үшін болса керек, билік тарапынан «оппозиция» атанып соңғы жылдарға дейін «қара тізімде» жүретін. 2015 жылы Дәурен Әскербекұлы Президент баспасөз қызметінің жетекшісі, Президент кеңесшісі болып жүргенде дәл сол «оппозициялық Қамшы» порталын Ақордаға шақырды. Пікірлесті, ой бөлісті. Нәтижесінде «Ақорданың» алынбайтын қамал еместігін іспен дәлелдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбритания мен Францияға ресми сапарына тәуелсіз қазақтілді сайттар ішінен «Қамшыны» қосты. Мемлекеттік саясат пен көші-қон саласы жөнінде порталға арнайы кең көлемді сұхбат берді. 2016 жылы Алматыдағы Студенттер сарайында өткен «Көш және Көшбасшы» мерекелік концертіне де арнайы қатысып, қарапайым жұрт алдында билік ұстанымын жеткізді.

Содан бері «Қамшы» - халықтың да, биліктің пікір алаңына айналды. Біз тек өзіміз анық білетін жайттарды айтып отырмыз. Ал басқа да тәуелсіз, енді тәй-тәй басып келе жатқан БАҚ-қа қолдауы мен елдік, ұлттық шараларға белсене қатысуы, қолжетімді билік өкіліне айналғанының көрінісі болса керек. Бұл қадамдар ең алдымен мемлекеттің, биліктің халық алдындағы сенімін нығайтса, халық сөзінің де шенеуніктер құлағына жетуіне жол ашты.

Қорыта келгенде мемлекеттік БАҚ «Егемен Қазақстан», «Қазақстан» телеарнасы, тіпті тәуелсіз БАҚ-тағы жетістіктер - бүгінгі Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың еңбегімен тығыз байланысты. Әрине, билік пен халық арасында «Алтын көпір» болу үшін Министр мырзаның бағындырған белесінен гөрі алатын асуы көп. Елдің басты құндылығы – тәуелсіздікті сақтап, мемлекетті ары қарай жалғасты дамыту үшін атқаруға тиісті жұмыстар әлі де шаш-етектен.

Біз тек мыңнан бірін айттық. Нағыз таразы – халық!

Нұрғали Нұртай

Қатысты Мақалалар