Ерлан Төлеубайдың "Тәңіртау" әні Татарстанның Қазан қаласынан шырқалды (АУДИО)

/uploads/thumbnail/20170710012123564_small.jpeg

Ән әлеміне тағы бір сазды әуен қосылды. Қазақтың бүкіл музыкасы - сағыныштың сазы. Алтай мен Атыраудың арасындағы ұланғайыр даланы мекендеген Алаш жұрты көп дүниені ән арқылы жеткізген. Сондай бір жүрек тербетер, мұңы мен сырын әуенге жасырған "Тәңіртау" әні жарыққа шықты. Ән авторы - Қазақ елінде азаматтық белсенділігімен, елдік, ұлттық мәселелерге бейжай қарамайтын мемлекетшіл ұстанымымен танылған Ерлан Төлеубай. Бұл күнде журналистика саласында есімі елге таныс Ерлан мырза соңғы кездері қазақ ән әлемінің де есігін еппен ашып,  халықтың дәстүрлі далалық сарынын жаңаша жеткізіп жүр. "Тәңіртау" әні Ерлан мырзаның туған жері Боғдаға арнаған кезекті сәлемі! 

Ерлан Төлеубайдың "Ауылға сағыныш", "Саған келдім атажұрт" сынды жан қалауымен жарық көрген әуендері Бибігүл Қилымхан сынды бұлбұл көмей әншілердің орындауымен жұрт жүрегінен орын тапты. Ал қазір тұсауы кесіліп жатқан "Тәңіртау" әні де арғы-бергі қазаққа жат емес, жақын атау. Ән сөзінің авторы - Қытайдағы белгілі ақын Ықылас Оразбай. Айта кетерлігі "Тәңіртауды" бұған дейін Ерекеңнің "Ауылға сағынышын" Татарстанның Қазан қаласында орындап, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырған Базарбай Мұратұлы орындады. Ол азамат та Боғданың күнгейінде Санжы облысы, Шонжы ауданы, Қарасай қыстағының тумасы. Қазір Ресей федерациясы, Қазан қаласы Консерваториясының вокал ән бөлімінде соңғы курс студенті. Бір қанша реткі республикалық,  халықаралық конкурстардың жеңімпазы. Австралия,  Түркия,  Ресейдің түрлі қалаларында көптеген конкурстар мен фестивалдарге қатысқан. "Кезінде әйгілі ғұлама,  Ақыт қажы Үлімжіұлының кітабы алғаш басылған көне Қазан қаласында менің әнім шырқалғанына өте қуаныштымын" дейді Ерлан Төлеубай мырза. 

Ән - халық қазынасы. Оның өміршеңдігі жұрт жүрегінен орын таба білуінде. "Қамшыгер" Ерлан Төлеубай мырзаның "Тәңіртау" әнін сол биіктен көру бәрімізге нәсіп болсын! 

 

Қатысты Мақалалар