«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» күні: намыссыз қыз бен жігерсіз ұлдың мейрамы

/uploads/thumbnail/20170710020211277_small.jpg

Шет елдерде «Әулие Валентин» аталып келген мейрамның қазақша нұсқасы Қозы Көрпеш – Баян сұлу мейрамын тойлау қаншалықты маңызды?! Қашанғы қазақ шет елдегі дүниелердің қажет немесе қажет емес екендігін сараламай плагиат жасай береді? Қазақ халқы ежелден-ақ қыз бен жігіт арасындағы сезімді, махаббатты  өзгелерге жария қылмай, жасырын ұстаған. Қай қазақ қызы өз сезімін жігітке тура айтып еді немесе қай жігіт елдің көзінше «Мен саған ғашықпын» – , деп жүректегі сезімін айқайлап айтқан. Махаббаттың нағыз кереметі оны жасырын ұстауда емес пе еді?! Ал біз оны жарияға жар салып айтсақ махаббат сөзінің мән-мағынасын жоғалтып алатынымыз жалған емес.

Бұл аты шулы мейрам қазақ жерінде 1999 жылдан бастап тойланып келе жатыр. Сондағы мақсат жастарға махаббат сезімінің шынайылығы мен маңыздылығын түсіндіру деп ағынан жарылады ұйымдастырушылар. Осы күнге орай әр қалада, әр университет қабырғасында белгілі бір жұптардың арасында жарыс өтіп, марапатталып жатады. Бұл жерде ешқандай мән-мағына да, мақсат та көрінбейді. Бұл жердегі мақсат өзгеше секілді. Осы мейрамды жоғары деңгейде насихаттау арқылы жастардың санасына сіңдіру, бойын үйрету. Бұл мейрамның біз күресіп жүрген «Әулие Валентин» күнінен қандай артықшылығы бар.

Жастар «Әулие Валентин» мерекесіндегі сезімдерін «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» мейрамында да ашық білдіреді. Екі мейрамда да жігіттер өз арамдықтарын іске асыра алады, қыздар намысын аяққа таптайды. Міне, біз осы сорақылықтардың алдын алудың орнына керісінше әрекет жасап жатырған сияқтымыз. Осы мейрамға орай белгілі бір деңгейде тендрлер бөлініп, қаражат жұмсалады екен. Неге біз осындай арзан, бір тиынға да қажеті жоқ дүниелер үшін сонша қаражат жұмсауымыз керек. Кейбір ұйымдастырушылар  махаббат сөзінің мағынасын жастарға кең деңгейде түсіндіруді мақсат етіп отырмыз деп сұхбат береді. Махаббат сөзі тек қыз бен жігіт арасындағы сезімді ғана білдірмейтіні белгілі. Осы жағынан дәріптеуді негізгі мақсат етіп қойған болса мейрамның аты неге «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» деп аталады деген сұрақ та туындайды. Бұл мейрамды насихаттамасақ та бүгінгі жастар бір-біріне сезімдерін жасырып, сыйлық жасамай қалмайды. Біз келешек жастардың санасын қажет емес дүниелермен уламауымыз керек. Бұл мейрам осылай жалғасын тауып тойлана беретін болса аталған сорақылықтың алдағы уақытта толастамасы анық. Бұған дейін махаббат насихаттауды қажет етпеген, етпейді де. Бұл мейрам қазақ жастарының арасында жасанды сезімнің пайда болуына әкеліп соқтырары анық. Бұл лас мейрамды Қозы мен Баянның кіршіксіз сезіміне теңеп ластаудың  да қажеті жоқ.

Авторы: Әсел Өтешова

Қатысты Мақалалар