Ішкі істер министрлігінде министр Қалмұханбет Қасымовтың төрағалығымен қорытынды Алқа отырысы өтті. Оған министрліктің орталық аппараты, аумақтық ішкі істер департаменттері, жергілікті полиция қызметінің облыстардағы және Астана мен Алматы қалаларындағы басшылық құрамы қатысты.
Алқа отырысында ішкі істер органдарының 2017 жылғы қаңтар-наурыз айлары аралығындағы жедел іздестіру және қылмыстық-процессуальдық қызметінің қорытындылары қаралды.
Жиында бірқатар аумақтық ішкі істер департаменттері мен жергілікті полиция қызметі басшыларының есебі тыңдалды.
Министрліктің Алқасы өз кезегінде таяудағы басым бағыттарды айқындап, Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында және көрмені өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аударды. Сондай-ақ тұрғындардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын тиімді жүргізу, ішкі істер органдарындағы тәртіп пен заңдылықты нығайту бойынша жедел іздестіру және қылмыстық-процессуальдық қызметтің сапасын көтеру міндеттері де талқыланды.
ІІМ-нің Алқа отырысының қорытындысында министрліктің орталық апппараты қызметі және аумақтық департаменттерінің басшыларына қаралған мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.