Кино - өнердің бір саласы, киноматографиялық техниканың негізінде қалыптасқан көркем шығармашылықтың бір түрі. Қазақ киносы Қазан төңкерісінен кейін пайда болса, қазақ киносының алғашқы қарлығаштарының қатарына Ленфильм студиясы түсірген «Амангелді» фильмін жатқызамыз. Осы фильм қазақ киносының тарихын бастаушы туынды болса, одан бергі жылдарда қазақ киносы «Қыз Жібек» , «Атаманның ақыры», «Біздің сүйікті дәрігер» , «Менің атым Қожа», т.б кинолармен толықты.
Соңғы кездері Отандық кино түсірушілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде бірнеше фильмдер, телесериалдар түсірілуде. Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмінің өзі көрермендер арасында өз бағасын алды. «Ағайындылар», «Қара шаңырақ» сынды Отандық туындылар көгілдір экраннан орын алып, халыққа көрсетілуде. Ұлттық арнадан көрсетіліп жүрген біршама сериалдардың барлығы дерлік тәрбие береді деп айта алмаймыз, көп жағдайда шетелге еліктеушілік басым болатынын да айта кеткен жөн. Ал өткенге көз жүгіртіп, тағылымы мол тарихтан сыр шертетін «Қазақ хандығы» сынды төл туындыларымыз өскелең ұрпаққа Тәуелсіздіктің оңай олжа болып келмегенінен хабар береді.
«Амангелді» фильмінен басталған қазақ киносының тарихы бүгінгі күнде өз жалғасын лайықты түрде тауып жүр ме? Осы тақырып аясында "Қамшы" ақпараттық агенттігінің тілшісі студенттер мен оқытушылар арасында сауалнама жүргізген болатын.
Соңғы кездері шыққан Отандық фильмдерге деген көзқарасыңыз қандай және тарихи фильмдер жайлы пікіріңіз.
Өмірбекова Роза Қалдыбекқызы, Филология ғылымдарының кандидаты, доцент:
- «Алмас қылыш» фильмі көңілімнен шықты, халықтың ыстық ықыласына бөлене отырып қуантты, тарихымызды қайта жаңғыртты. Тарихты бұрмаламай түсіргеніне рухымыз бір көтеріліп қалды. Отбасымызбен, бүкіл қазақ болып әлеуметтік желілерде өз пікірімізді білдірдік. Кино өндірісінің дамып жатқаны да үлкен қуанышқа бөлейді, еліміз жан-жақты даму үстінде және оған киноөндіріс саласы да өз үлесін қосуда.
Қазіргі күнде шығып жүрген қазақ кинолары жайлы не айта аласыз? Қай кино көбірек көңіліңізден шықты? «Құнанбай» фильмін көрдіңіз бе?
Акрамова Нәркес, ҚазҰУ студенті:
- "Киноөндіріс соңғы 4-5 жыл ішінде біршама деңгейге өскен. Ол байқалып та жүр. Өзім Отандық киноларды көру үшін кинотеатрларға жиі барып тұрамын. Көпшіліктің ұсынуымен «Құнанбай» фильмін көрдім, жалпы, түсірілу сапасы өте жоғары екен. «Алмас қылыш» фильмі жүрекке қатты әсер еткен кино болды. Қаншама еңбектің төгілгені көрініп тұр, киноның түсіру деңгейіне қарап білікті мамандардың жұмыс істегені анық байқалады"
Жас актер ретінде соңғы жылдары жарыққа шығып жүрген Отандық кинолар жайлы пікіріңіз қандай?
Отандық «Айналайын» сериалының жас актері Рамазан Амантай :
- "Жалпы кинолар жайлы айтатын болсам , қазіргі кинолар көбіне «кассаға» жұмыс істейтін болды. «Наурыз.KZ», «Келін де адам баласы» секілді фильмдер жарық көруде. Бір жағынан олардың жаппай шығып жатқаны өзімізге жақсы, себебі, өз ақшамыз өз айналымымызда және бұл жағдай киногерлердің арасындағы бәсекелестікке өз әсерін тигізді деп ойлаймын. «Қазақ хандығы» телесериалы маған ұнады, десе де ішінде одан да көп элементтерді, болған оқиғаларды көрсетуге болар еді деген ойдамын. Қазіргі киногерлердің ішінде Ақан Сатаевты мақтан тұтамын, одан кейін Нұртас Адамбаевтың талантынан гөрі табандылығы ұнайды, Нұрлан Қоянбаевтың креативке жақындығы көңілімнен шығады"
Киноөндіріс саласында жүрген киногерлерден кімдерді білесіз?
Емешова Гүлдариға, ҚазҰУ студенті:
- " Қазіргі таңда ең танымал кино түсіріп жүрген кинорежиссер Рүстем Әбдірашев пен Асқар Ұзабаевты жақсы білемін. Асқар Ұзабаевтың фильмдері ұнайды , алайда Рүстем Әбдірашевтің тарихи фильмдерінің орны бөлек. «Қазақ хандығы» телесериалының өзі өте жақсы түсірілген кино. Әсіресе, Қазақ хандығының бүкіл өмірін І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» романы желісі бойынша халыққа жеткізіп отыр".
Отандық киноөндірісте тарихи жанр, драма, комедия жанрлары кең өріс алуда, ал басқа да жанрлар Отандық киногерлердің назарынан тыс қалып бара жатқан секілді. Тарихи кинолар көрерменнің көңілінен көптеп шығуына байланысты және тарихты жаңғыртуға өз үлесін қосуы да ауыз толтырып айтуға тұрарлық жайт.
Пікір білдіру біздің міндетіміз, ал сараптау оқырманның еншісінде.
Қамшыгер: Айгерім Таубай