Мұндай жағдай әлі күнге дейін болмаған. Полиция бөлімшесіне дәлел ретінде Радионовск көшесінде орналасқан дүкеннен 50 келілік қант жеткізілді. Қант толы қаптың ішінен «құтқарыңыздар, біз құлдықтамыз» деп жазылған қағаз шықты, деп хабарлайды kp.ru басылымы. Мәліметтің қазақша нұсқасын Қамшы ақпараттық агенттігі оқырман назарына ұсынады.
Біз дегені кімдер? Нақты қай жерде? Барлығы белгісіз, ешқандай адамның тегі, телефон нөмірі көрсетілмеген. Алғашында тергеушілер мұны біреудің қалжыңы деп ойлаған. Алайда дүкен қызметкерлерінің айтуынша, ондағы адамның ешқайсы мұндай хабарлама жазып, қапқа салмаған. Кейіннен Курск облысындағы қант жеткізуші адамдармен хабарласып, мұндай қағаздың қаптың ішіне қалай түскендігі жайында анық-қанығын білмек болған.
Белгілі болғандай, дүкенге қантты аптасына бір рет алып келеді екен. Оны кондитер цехында түрлі тәтті тоқаштар мен торттарды пісіруге пайдаланады. 50 келілік бір қап қант біткеннен соң кондитер қызметшісі екінші қапты ашып, ішінен сұр түсті қағазды тауып алған. Дүкен қызметкерлерінің айтуынша, бұл жерге жеткізілетін қанттың сыртында үнемі ақпарат жазылған қағаз болатын, алайда дәл осы қапқа мұндай қағазды жабыстыруды ұмытып кеткен екен.
12 сәуір күні оқиға орын алған жерге құқық қорғау органдары келіп, тергеу жұмыстарын жүргізіпті. Тәртіп сақтау қызметкерлері «Коллективист» деп аталатын қант зауытының ұжымын тергеп, барлық қоймаларды тексеріп, айналаны түгелімен шолып шыққан. Дегенмен, құлдықта жүрген ешбір адам табылмапты. Сонымен қатар, бұл жерде жұмыс істейтін адамдардың саны да аз екен.
«Мұнда қант өндіру жұмыстары мерзімді болып келеді және зауыт қызметкерлері оны қыста тоқтатып қойған, демек бұл өнімдердің тұрғанына бір жылдай уақыт болған. Сонымен қатар, қантты бұл жерге басқа жерден де алып келуі әбден мүмкін, ал сыртындағы жапсырма қағазы Курсктікі. Ал, Любимовкада ораналсқан қант зауытына қатысты айтатын болсақ, бұл жер бірнеше уақыттан бері жұмыс істеп келе жатыр, ұжымы тұрақты, олардың арасында ешқандай да келімсектер жоқ, бәрі де жергілікті тұрғындар. Бұл жерге жұмысқа кіру соншалықты оңай да емес», - деп мәлімдеді құқық қорғау органы.
Ендігі кезекте, құқық қорғаушылар көмек сұрап жазған адамның кім екенін және қашан таратқандығын іздестіруде. Хабарламаның жазылғанына тым ұзақ уақыт болуы да әбден мүмкін.
«Коллективист» атты қант зауыты Курск облысы, Большесолдат ауданындағы Любимовка ауылында орналасқан. Жақында ғана зауыттың басшылығы ауысқан болатын. Экс-басшысы Курск облысының ірі кәсіпкерлерінің бірі болатын, алайда бірнеше күн бұрын «Иволга-центр» компаниясы дағдарысқа ұшыраған. Бірнеше миллиард қарызға кірген компания ақшаны ресейлік банктерден және шотландиялық Royal Bank of Scotland банкінен алғаны белгілі болды.
«Біз полицияға арыз жаздық. Қант салынған қап дүкеннен тәркіленіп, зерттеу жұмыстары басталды», - деп мәлімдеді дүкен басшылығы.
Аударған: Назерке Лабихан