Қарағанды облысының 13 жастағы тұрғыны жеке тіс емханасында қаза тапты. Қайғылы жағдай осыдан 1 жыл бұрын орын алған. Алайда, қыздың ата-анасы медбикелердің жазасын әлі алмағанына налиды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.
КТК арнасының мәліметінше, Жансая Омарова кішкентай кезінен сал ауруына шалдыққан. Қызын ауруынан айықтыру үшін ата-анасы бәрін істеді: емдік қасиеті бар теңіздерге апарды, шетелдік мамандарға да қаралды, сондағы нәтиже – қыз өз еркімен тұрып-жүре алды, сөйлей алды. Алайда, тіс емханасында қайғылы жағдай орын алады деп ешкім ойлаған жоқ.
Маржанның әкесі қызын еске ала отырып, былай дейді:
«Оған наркоз жасады. Әдетте, алдымен сынақтан өткізуші еді, ондай ештеңе болған жоқ. 16 тісін жұлып алу керек деді. Бір күннің ішінде 16 тісін жұлып, емдеу мүмкін бе деп таңқалдық. Дәрігерлер бәрі жақсы болатынына сендірді. Біз сендік. Маманның аты маман ғой».
Қыздың жағдайы нашарлап кеткен соң, тіс дәрігерлері өз беттерінше көмек көрсетпек болды. Бұның бәрі видео камераға анық түсірілген. Тек бірнеше уақыттан кейін еш нәтиже шықпаған соң жедел-жәрдем шақырды. Өкінішке орай, тым кеш болды. Сараптама нәтижесі Жансаяның наркоздан анафилактикалық есеңгіреуге шалдыққанын дәлелдеді. Тергеу барысында да клиниканың анестезия өткізуге лицензиясы болмағанын анықтаған. Алайда, іс сотқа сол күйі жетпеген.
«Тергеу 1 жылға созылды. Бірақ нәтиже жоқ. Сарапшылар басқа да ауруханаларды, емханаларды тексеріп, уақытты созуда. Не үшін? Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі де айқын дәлел емес пе?» дейді адвокат Төлеубай Мусин.
Ал, емхана қызметкерлері өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетпекші. Қыз қайғылы жағдайда қаза тапты деп сылтауратып отыр. Оның үстіне, лицензия болмағаны үшін айыппұл төлеу керек екен. Алайда, Жансаяны қабылдаған анестезиолог қайта даярлау курстарынан өтіп, балаларға наркоз беруді жалғастырып жүрген көрінеді.
«Жансаяға дейін жезқазғандық бала да екі рет емделген, дәл сол препараттарды қолдандық, нәтижесі де жақсы болған» деп ақталды тіс емханасының директоры Ерлан Анажбаев.
Қаза тапқан қыздың ата-анасы тіс дәрігерлерін қатаң жазалауды талап етіп отыр. Полицей қызметкерлері республикалық сараптаманың жеткіліксіз екенін алға тартып, тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал, отбасы қорғаушысы ондай тергеудің қажеті жоқ екенін айтады. ІІД басқа ақпараттарды беруден бас тартты.