Осы жылы Ресейде 4 сынып оқушыларының орыс тілінен білімдері міндетті түрде тексеріліп, арнайы тест тапсырмаларын орындайтын болады, деп жазады Қамшы АА. Ал үлкен сыныптар өз қалауынша тапсыра алады.
Ресей мектептері оқушылардың орыс тілінен білімдерін тексеруге көшіпті. Рособрнадзор баспасөз қызметінің мәліметінше, орыс тілі бойынша Бүкілресейлік тест жұмыстары 4-сыныптар үшін міндеттеледі, ал қалған сыныптар үшін қатысу-қатыспау өз еркінде.
Рособрнадзор басшысы Сергей Кравцов айтып өткендей Ресей мектептерінің 70%-ы орыс тілінен тексеру жұмыстарының өтуіне келісімін берген. Мектептер үшін мұндай жұмыстар өзін өзі диагностикалау, сондай-ақ болашақ жоспарларға пайдалана алатын сыртқы бағалау үшін керек болады.
Сейсенбі күні Кравцов Бүкілресейлік тест жұмыстарының бастамасын жасау үшін мәскеулік гимназияға ат басын бұрмақшы.
Алдағы жылы Рособрнадзор БРТЖ-ын үлкен сыныптарға міндеттеп, қатарына басқа да пәндерді қоспақшы.
Бұдан бұрын Ресейде «Жаппай диктант қабылдау» акциясы өткен болатын. Акция барысында 866 қала мен 71 ауылдық аудандарды қосқанда жалпы саны 200 мың оқушы диктант жазған. Нәтижесінде, қатысушылардың 10%-ы ғана «өте жақсы» деген көрсеткішке ие болған. Кеңес басшысының жетекшісі Наталья Кошкареваның айтуынша, ресейліктер үшін қиынға соққан сөздер «коньяк» пен «стерлядь» болыпты.
Ал енді өз еліміздегі білім жүйесіндегі соңғы жаңалықтарға көз жүгіртіп өтейік. Наурыздың басында елімізде Ғылым және Білім министрлігі ақылға сыймайтын бағдарлама жасаған еді. ҰБТ-ға бірер айлар ғана қалғанда Қазақ тілін алып тастаған болатын. Қазақ тілі сұрақтары бұдан былай тест тапсырушыларға «Оқу сауаттылығы» деген пәннің ішінде көзге көрінер-көрінбестей кезігеді екен.
Тіпті, ұлттық тест орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов «Қазақ тілінің» ҰБТ-дан ресми түрде алынып тасталғанын мәлімдей отырып, «Мен орыс мектебінде оқимын делік. Сонда, маған ұлттық бірыңғай тестілеуде қазақ тілін тапсыру міндетті емес пе» деген журналистің сұрағына «міндетті емес» деп жауап берген болатын. Бұл нені білдіреді? Еліміздегі тілдің мәртебесінің бағасын анық көрсетеді емес пе? ҰБТ-дағы жаңалық қазақ үшін ғана емес, Қазақстан халқының болашағы үшін тиімсіз екені де белгілі еді.
Қарап отырсақ, Ресей билігі өз мемлекеттерінде тіл мәселесіне немқұрайлы қарамайынын анық көрсетіп тұр. Ал, біздің елімізде, өкінішке орай, ҰБТ-дан қазақ тілінің алынып тасталғанына көз жұма қарады, өзгеріс сол қалпында қалып қоя берді.