«Боко харам» ислами тобының жауынгерлері 2014 жылы Чибок қаласында тұтқындалған 82 оқушы қызды босатты.
Чибокта тұтқындалған 276 қыздың 100-і әлі де құлдықта. Мемлекет басшысы Мохаммад Бухари бұл көрсеткішті жақсы жаңалық ретінде хабарлаған, алайда қуанышты хабар болып көрінгенімен шын мәнісінде жағдай мүлдем біз ойлағандай емес еді.
Зорлықпен некелесу, азаптау, қорлау
2009 жылдан бері «Боко харам» 800-ге жуық әйелдер мен қыздарды құлдықта ұстады. Әскерлер өз құрбанын қалаған жерлерінен алып қашып жатты: алқап болсын, орман, бақша болсын, суға барса да, мектепке барса да, әйел заты кез-келген уақытта жауынгердің қармағына түсіп қалатын.

Тұтқыннан құтылған қыздар міндетті түрде медициналық тексеруден өткен
Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы құлдықтан босаған бірнеше қыздармен тілдесіп көрді. Олардың тұтқындағы өмірі нағыз тозақпен тең.
Ол жерде қыздарды физикалық қана емес, психологиялық тұрғыдан да қинаған, қыздар мәжбүрлі түрде үй шаруасымен айналысты, бақша тазалады, дала сыпырды. Тіпті, көбі ұрланған қыздарды тасушы болып қызмет атқарған.
Тұрмыстағы өмір – тозақпен тең

Мариам Али Мейанга, 2016 жылдың қарашасында тұтқыннан босатылған. Қолындағы 10 айлық сәбиін тұтқында жүргенде босанған
«Боко харам» лагерінен қашып шыққан 15 жастағы қыз небәрі 4 аптаның ішінде болған тұрмыстық өмірдің зорлығы жайында айтып берді.
«Біздің некемізді қиған соң мені үңгірге тұрғызды, алғашында оған, яғни күйеуіме қасарысуға күшім жетіп жүрген. Кейін ол мені пышақпен қорқытуды шығарды, тапаншасы да ылғи қалтасында жүретін, айқайласам, өлтіретінін айтып қорқытатын. Мен үндемедім. Әр түнім оның айуандығын көрумен өтті. Оның күші де тасып тұратын, 30 жастағы еркек қой. Менің тек жылаудан басқа шарам қалмады».
Күштеп исламға кіргізу

Құлдықтағы әйелдер, сурет 2014 жылдың мамырында түсірілген
Көбіне жауынгерлер христиан-әйелдерін ұстап, оларды өліммен қорқытып исламға кіргізетін. Дәл осындай жағдай басынан өткен әйел өзінің қалай қиналғанын, азапталғанын айтып берді. Оны оралған сыммен әбден сабап, ақыр соңында қыз исламға кіруге мәжбүр болған.
Мәртебелі тұтқындар

Неміс журналисті Вольфанг Бауэр Нигерияда біраз уақыт аялдап, исламдықтардан қашып құтылған қыздармен тілдесіп қайтқан.
Қыздардың айтуына қарағанда, олардың кейбірі «Боко харам» лагеріндегі беделді қызметкерлер болған.
«Чибоканың көп қыздары «Боко харам» лагерінің басшысы Абубәкір Шекаудың сүйікті әйелінің қызметшісі болған, сол себепті ол қыздардың беделі өзге тұтқындардың жанында жоғары болған» деп жазды өз блогында тілші.
Еркіндіктің тұтқындағы өмірден айырмашылығы жоқ
Тұтқыннан қашып шыққан қыздарды үй іші көбіне қабылдаудан бас тартып жатады екен.
Биб-би-си тілшісі Алистер Литхед нигерлік жауынгердің тұтқынынан қашып шыққан 17 жастағы Зарамен сөйлесіп көрді.

Бостандықпен қауышса да, қаршадай қыз тұтқындағы өмірін сағынатынын айтты.
«Олар бізге таңдау жасауға мүмкіндік берген – тұрмысқа шығу немесе күң болу. Мен тұрмысқа шықтым», - деді Зара.
Бостандыққа шыққан соң Зараның жағдайы одан әрі нашарламаса, жақсара қоймады, себебі қыздың аяғы ауыр болып қалған. Оның туыстарының кейбірі христиан, кейбірі мұсылман болды.
Әлі де дүниеге келмеген сәбидің тағдыры отбасылық отырыста талқыланды, нәтижесінде баланы босанатын болды. Ең сорақысы бала дүние есігін ашқан соң басталды. Ұлының есімін Усман деп атаған.

«Ауыл тұрғындары мені жезөкшеге балап, жандарына жақындатпайтын. Ұлым аурып қалса да, өзім жүгіретінмін, жақындарым көмектескен емес. Қақпадан шыға бере жұрт мені көзімен атып, табалайтын да тұратын.
Сөйтіп жүргенде улы жыланның шаққанынан ұлым қаза тапты, отбасым бұған қатты қуанды. «Боко харам» қанының ізі де қалған жоқ деп төбелері көкке жеткен» деп жанайқайымен бөлісті Зара.
Жақындары тарапынан туындайтын күмән

Құлдықтан босатылған қыздар. Ендігі өмірлері не болмақ?
Құлдықтан босап шыққан қыздардың жағдайлары мәз болмайды. Бостандықтағы қыздар өз жақындарынан қолдау күтеді, бірақ туыстары оларды қабылдай ма? Бұл жағы қиын еді.
Нигерия тұрғындарының ең басты мәселесі – бойларындағы күдік. Тұтқыннан қайтып келген қыздар шын мәнінде жәбірленуші ме, әлде қылмыскер ме? Не болмаса, қылмыс жасауға мәжбүр болған жәбірленуші ме?
Ауыл үлкендері қыздардың қылмысқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін бірнеше жылдарын жұмсаған.
8 жыл бойы «Боко харам» тобының жауынгерлері бірнеше мыңдаған қыздарды тұтқында ұстады, олардың тең жартысы өлтірліді.
Қайтып оралғандар өмір бойына моральдық тұрғыдан миларына зақым келгендер.
Дайындаған: Гүлім Жақан