Орыстың осы сөзі арып-ашып жол жүріп келе жатып бір асығыс, екі үсігістің арасында асқазан алдау үшін шала-шарпы күйінде бір-екі толғап, жұтып жіберетін жүрек жалғардың атына жақсы келеді. Одан да гөрі көбінесе арақ ішетін адамның айғыр стаканмен толтырып құйып, тартып жібіріп, тыжырынып жатып қос танауының астына тыққылап жататын өңештен өтерінің анықтамасы ретінде орынды қолданылады. Жақсы жері, мұның нақты бір жағдаятқа, тағамның түріне байланысты айтылу керек деп қақиып қалатын дәстүршілдігі жоқ. Астау-астау ет, тегеш-тегеш шұбат дейсің бе, әлде қатқан нан, тістелген жарты құрт, ит жемейтін ащының түрлері, тақа дым табылмаса қара су да қысылтаяңда закуска қызметін атқарып жүре береді. Сіз де солай ойлайтын боларсыз, мен өзім закусканың осы көп қырлы "қасиетіне" тәнтімін. Сілекейлеріңіз шұбырмай тұра тұрсын, арақ туралы айтайын деп отырған жоқпын...
Қор болған бүгінгі қара домбыра ұстаған қазақ ұлттық өнерінің Иелері! Кешегі дархан даланың еркін ұлдары, дегдар тұқымнан шыққан уызына жарыған бағылан ұлдардың қадірлі меймандары! Бүгін Сендердің қандай күйге түсіп жүргендеріңді көрсем, жаным жабырқайды. Әрине, дала өнерпаздарының да барлығының дәрежесі бірдей болмаған. Оның ішінде де небір кезбелері табылатын. Алайда, қай өнерпаздың да нәпақасы халықтың үстінде еді. Осыдан-ақ білуге болады қазақ үшін әнші, күйші, жыршылардың беделі мен тұғыр-тағының қандай болғанын. Сол беделді жасайтын халық қой!
Дала өнерпаздары көбіне өз өнерлерін сауын айтып шақырылған ірі ас-жиындарда, той-мерекелерді көрсететін. Арнайы шақыртумен келіп қыстап қалатын, құдайы қонақ болып түсіп айлап жататындары да көп еді. Бірақ солардың ешқайсысы да етекте отырып төрдегі төрелерге өнер көрсеткен емес! Есті қазақтың тұсында олардың да орны тқренің қасында, төрде еді. Ол аз десеңіз тақымдарының астына қос-қос құс жастық салынатын, сал-серілерге оң жақта отырған үкілі қыз, топтан таңдап сұлу келіншектерге шәй құйғызатын. Ал, ұзақ сала жыр айтатын жыршылардың шайын естияр кісіге құйғызып, көп ішінен көтермеші сайлайтын. Ал, босаға – құлдың орны болатын. Қайран, заман, сөйткен ұлт мүлкінің Иесін қандай күйге түсірдің?!

Қазіргі ұлықтар жағасы жарқыраған шенді-шекпенділерді күткенде, елге келген "құрметті қонаққа" қонақасы бергенде, тіпті құда күткенде де өнерпаз еңсесі түсіп есіктің алдында тұрады. Бүгінгі қазақтар үшін бұл жазылмаған заңға айналып кеткен. Оны айтасыз, күнделікті өтіп жататын түрлі жиындар мен думандарда ағасымақ біреуі шақырып алып: «Әй, бала, қазір біздің үйдегі жеңгең сөз сөйлейді, содан соң сен қатырып тұрып бір ән айтып бересің» деп, қайран өнерпазды опырық ауыз қатынының сөз сиқы жоқ бірдемесінің екі арасындағы тіскебасарға айналдырғаннан кейін өнер ұстаған адамда қандай қадір-қасиет қалып жарысын. Қазіргілер өнер иесі – өнерпазды ақысы төленген «қызметші, құл» немесе «осылай болуға тиіс» деп түсінеді екен. Мен соны байқадым. Содан соң той болған үйдің сүмеңдеп босағасында тұрған өнерпаздан жүрегің дауалап, жаның ауырмай қандай ән-жыр тыңдауға болады. Осындай көріністерден менің көзіме үнемі әлгі айта беретін «закуска» елестейді...
(Facebook-тегі парақшасынан)