Бір отбасыны бағып-қағу үлкен еңбекті талап етеді. Ересектердің өзі бұл жүкті арқалаудан қашатын кезеңде колумбиялық 11 жастағы бала бір отбасыны асырау арқылы көпшілікке үлгі көрсетті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Хуан Пабло есімді 11 жастағы бала мен үш інісі өз әкелері жайлы ештеңе білмейді. Осы уақытқа дейін аналарымен бірге тұрып келген. Алайда бір күні анасы үйден шығып, сол күйі оралмаған.
Анасының тастап кеткеніне қарамастан 11 жастағы бала ересектерше үш інісін асырап отырған.
Інілері мектепке баруларын тоқтатпаған. Інілері мектепке кеткенде, ағасы көшеге шығып бейтаныс адамдардан тамақ беруін өтініп, көше кезген. Бастапқыда осылай күн кешіп жүргенімен, келе-келе ас қалдықтарын қоқыс жәшіктерінен іздеуге тура келген.
Кез келген ересек адамды таңқалдыратын бұл баланың ісі мақтауға тұрарлық.

Жасөспірімдердің бұлай өмір сүріп жатқандарына қанша уақыт болғаны белгісіз. Көршілері түнгі мезгілде жылаған баланың дауысын естіп, полиция шақырған.
Полиция офицерлері келгенде, өз көздеріне өздері сенбеген. Барлығы өз орнында. Үйдің іші таза болған. Осы уақытқа дейін 11 жастағы бала отбасының берекесі үшін, бауырларының тамақ іздеп көше кезбеуі үшін қолынан келгеннің бәрін жасаған.
Ата-аналарын таба алмағандықтан, мемлекет 4 баланы өз қамқорлығына алып отыр.
Алдағы уақытта Хуан да басқа балалар секілді қамсыз өмірді кешеді деген үміттеміз.
Дайындаған : Айгерім ТАУБАЙ