Робототехника – Қазақстанның білім беру мекемелерінде енгізіліп жатқан жаңа бағыттардың қатарында деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі ҚР Білім және ғылым министрлігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бүгінде республикамыздағы жүздеген мектеп пен жоғары оқу орнында өте бастаған бұл аралас пәннің құрамында бірқатар қолданбалы пәндер бар. Болашақ робот құрастырушы математика мен физиканы, информатика мен сызуды, басқа да бірқатар ғылым саласын міндетті түрде меңгеруі тиіс. Ал өткен жылдан бастап оқығандары мен үйренгенін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берілуі осы бір ерекше мамандықтың қызығына бойлаған қазақстандық балалар үшін аса маңызды қадам болды.
Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен еліміздегі бірқатар білім беру мекемелері жаңа LEGO Education жиынтықтарымен жабдықталды, оның көмегімен ойға алған ең батыл жобаларды да жүзеге асыруға болады, атап айтқанда, көптеген мүмкіндігі бар және бірқатар қызметті атқаратын нағыз роботтардың үлгісін және бағдарламасын жасауға болады. Демеушілердің қаржысына алынған 400 сынып-комплект арқасына шамамен 20 мың мектеп оқушысы тәжірибе жүзінде робот құрастыра алады. Бұл қызықты әрі болашағы зор бағытты дамыту бойынша алғашқы қадам ғана.
Биылғы сәуір айының соңында Қарағанды қаласында өткен «RoboLand-2017» фестивалі жоғары технологиялы құрал-жабдықтарға жұмсалған ақшаның текке кетпегенін көрсетті. Мұны ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те атап айтты, министр өз сөзінде робототехниканың бүгінгі күні ел дамуының басым бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Білім министрі биылғы оқу жылында болашағы зор осы пәнді оқитын оқушылардың саны екі есеге артатынына уәде берді.
Робототехника курстарының бағдарламасымен әріптестік орнатқан қазақстандық мектептердің директорлары бұл оқушылардың логикасын дамытып, моторикасын жетілдіріп, басқа да қабілеттерін ашады деп есептейді. Әрі процесс қызықты болғандықтан, балалар жалықпайды. Мектеп басшылығы өкілдерінің бұл пікірімен келіспеске амал жоқ, көрнекі құрал ретінде бала күннен жақсы таныс құрастырғыш кубиктер пайдаланылатын сабақты жақсы көрмеу мүмкін емес. Оқудың қызықты бола түсуінің тағы бір себебі, міндеттерді шешу тек тәжірибені ғана емес, сонымен бірге шығармашылық көзқарасты қажет етеді. Сондай-ақ, робототехника курсының бағдарламалары әртүрлі топқа арналғанын да атап айтқан жөн: мектепке дейінгі балаларға, бастауыш сынып оқушыларына және орта сынып оқушыларына.
Балалар мектептегі қандай да бір пәндерді ұнатпауы мүмкін, бірақ робототехника элементтерімен біріккен уақытта олар ойын формасында өтеді. Мектеп басшыларының бақылауынша, балалар Білім және ғылым министрлігінің жаңа бастамасын қуана қабылдаған: өйткені конструкторлар бала кезден-ақ уақытты қызықты өткізумен есте қалады. Оқушылар бұрынғыдан гөрі ынталы бола түскен, өйткені робототехника курсы тек оқу ғана емес, ойын да.
Әлбетте, мектеп басшылары үшін өз мектептерінің беделі де алдыңғы қатарда. Директорлар робототехника курстарымен әріптестік байланыс орнатқан мектептің алдыңғы қатарлы оқу ордасы болатынын, бәсекелестерінің арасында құрметке ие болатынын да жақсы түсінеді. Ата-аналар да бұл жаңалықты қуана қабылдап отыр: кейбір ата-аналар мектеп таңдаған уақытта да робототехника курсының болуына назар аударатын болады. Өйткені, ата-аналар робот техникасын меңгеру баланың болашағы үшін үлкен мүмкіндік екенін жақсы түсінеді.
Мектеп директорлары робототехника бағдарламасы оқушылардың мүмкіндігін аша түседі деп есептейді. Бұл мектеп басшылары мен педагогтарға жоғары сыныпқа көшкен балаларды бейіндік бағытқа бөлген уақытта да кәсіби тұрғыда қарауға көмектеседі деп біледі. Бағдарламаға қатысу арқылы мектептен тыс жерде де бала өзін көрсете алады: балалардың робототехника бойынша халықаралық олимпиадаға қатысуға, мектебінің ғана емес, елдің де намысын қорғауға мүмкіндігі бар. Ал жалпы алғанда, мектеп директорлары мен директордың орынбасарлары робототехника курстарын білім берудің инновациялық тәсілге көшуінің үлгісі деп біледі. Бұл курстар оқу орындарының «Қазақстан-2050» мемлекеттік бағдарламасына ілесуіне де жәрдемдеседі.