Көптен күткен ораза айы келіп қалды. Ораза айы шайтандар кісенделіп, періштелердің жер бетінде көбейіп, жасаған сауаптарымыздың ниетімізге қарай 10-нан 700 есеге дейін еселенетін айы. Күннің аптап ыстығына қарамай Алланың бұйрығын орындап жүргендерге жеңілдік пен мол сауап бары анық. Ораза айына байланысты Қамшы ақпараттық агенттігі ой саларлық ғибратты әңгімелер мен ораза кезіндегі өмірде болған таңғажайып оқиғаларды күнделікті оқырман назарына ұсынатын болады. Осы шағын оқиғалар арқылы өзіңіз ой түйіп, сабақ алады деген ойдамыз.
Әулие құлдардың оразасы астан тыйылумен ғана шектелмеген. Олар ауыз бекіткенде бойды барлық жаман қылықтардан аулақ ұстап, рухани тазалыққа көп көңіл бөлген деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі kazislam.kz-ке сілтеме жасай отырып. Жаратушы иенің разылығын мақсат тұтқандықтан, жыл он екі айдың барлығын Рамазан айындай құрметтеп, үнемі ораза ұстаған. Ауыз бекіткен бір күні қасындағылар Үндістанның патшасын сырттай өсекке таңды. Осы сәт Дыхләуи: «Қап, оразамды бұзып алғанымды қарашы» деп өкініш білдірді. Әулиенің бұл тосын қылығына қасындағылар «Айтылған өсек оразаны бұзатынын меңзедіңіз бе, алайда өсекті сіз емес басқалар айтқан жоқ па?» деп таңырқағанда, ол «Ғайбат – айтушыға да, тыңдаушыға да ортақ» деген мағынадағы хадиспен жауап берді.
30 күндік ораза көзді ашып-жұмғанша өтіп кететіні белгілі. Сондықтан сізге берілген керемет мүмкіндікті пайдаланып қалыңыз. Егер ғайбат сөздерді жиі айтатын болсаңыз одан осы ораза айында тыйылуға тырысыңыз. Себебі осы айда жаман әдеттерден тыйылу өзге айларға қарағанда әлдеқайда жеңіл болады. Оразаңыз қабыл болсын!
Дайындаған: Әсел Өтешова