37 жастағы Стефани Декер 5 жыл бұрын балаларының өмірін сақтап қалу үшін өз денсаулығын құрбан етті. Декерлер отбасы тұратын Генривилл қалашығында табиғат апаты болды. 2012 жылы құйын келіп жолында кездескеннің барлығын қиратып, шайып кетіп отырды. Стефани дәл сол кезде балаларымен үйге кірген еді. Әйел балаларын бірден жертөлеге апаруға бекінеді. Алайда терезенің жанынан өтіп бара жатып ауладағы батут шар секілді аспанға ұшып бара жатқанын байқайды. Терезелер сынып, үй құлап кететіндей болған. Қауіпсіз жерге баруға үлгермейтінін білген Стефани балаларды төсенішке орап, өзі үстіне жатып алады. Анасы балаларын денесімен жабу арқылы қызы мен ұлынын өмірін сақтап қалған.


Стефанилердің үйіне торнадо келіп, барлығы қирап жатқанда үй қирандылары жан-жаққа ұшып жатты. Балаларға ештеңе болмады. Себебі барлығын анасы көтерді.
Болат баған әйелдің аяғына түсіп, аяғын морт сындырып жіберді. Сонымен қатар, дәрігерлер Стефанидің өкпесі зақымданғанын және бірнеше жерінде сүйегі сынғанын анықтаған. Балаларының денсаулығы мен өмірін сақтау үшін өзін құрбан еткен ананың аяғын дәрігерлер сақтап қала алмады. Оны кесуге тура келді.

Декер Стефани күйеуі мен балаларының қолдауы мен демеуінің арқасында қалыпты өмірге қайта келгенін айтады. Өз ісіне ешқашан өкінбейтінін және бауыр еті балалары үшін өмірін де құрбан етуге даяр екенін, олардың денсаулығы үшін қайта сол әрекетті жасауға дайын екенін айтады.

Осы жағдайдан кейін Стефани Декер мүгедектерге қол ұшын беретін қор ашты. Қазір ол жүре алмайтын жандарға көмектесіп, қолдау көрсетіп жүр.
Стефани өткен жағдайдан кейін өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгергенін және бұрын өзі үшін қымбат деп ойлағандарының көбінің ешқандай маңызы жоқ екенін түсінгенін айтады.

Дайындаған: Әсем Әлмұханбет