Қазақстандық өнертапқыш бензин үнемдейтін құрал ойлап тапты (ФОТО)

/uploads/thumbnail/20170710085810657_small.jpg

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ашылуына аз күн қалды. Қазақстандықтарды еліміздің маңызды көрмеде қандай жобаларды қоятындығы қызықтырады. Отандық инноваторлар энергия тиімділігі және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қатысты 28 жобаны көпшіліктің назарына ұсынбақ. Осындай жобалардың бірін Астана электротехникалық зауытының қызметкері Диас Оралов ойлап тапқан деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі islam.kz-ке сілтеме жасай отырып. 

Диас Ораловтың туындысы сутегі генераторы деп аталады. Егер сынақтан сәтті өтетін болса, оны кез-келген машинаға орнатуға болады. Нәтижесінде көлік жанар-жағармайдың 40%-ын үнемдеп, қоршаған ортаға зиянды қалдықтар шығармайды. Себебі, көліктен түтіннің орнына тек бу шығады. Бұл ірі мегополистерде экологияны сақтауға мүмкіндік береді дейді ғалым.

«Біз кез келген автомобильге арналған су генераторын шығарамыз. Генетордың жұмыс істеу тәртібіне тоқталайын. Қарапайым судың формуласы Н2О. 12-вольттік аккумуляторға разряд береміз. Сонда су жарылып, екіге бөлінеді. Яғни ол сутегі мен оттегіге айналады. Сутегі қозғалтқышқа барады. Осылайша біз бензин шығынын 40%-ға азайтамыз. Сондай-ақ, машина қозғалтқышының қуаты да артады. Ең маңыздысы экологияға зияны жоқ. Машинадан түтіннің орнына бу шығады. Үлкен ірі қалаларда көліктердің саны жыл өткен сайын көбейіп келе жатыр. Салдарынан үлкен мәселе туындауда. Ал бұл құрал ұрпақтарымызға қоршаған ортаны ластамай, таза экологияны қалдыруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Сонымен қатар Диас Оралов қазіргі таңда өнертабысының сынақтан өтіп жатқандығын атап өтті. Егер ол сәтті аяқталса, қазақстандықтар сутегі генеторын өз машиналарына қоя алады. «Бұл құралды жасауға 3 жыл уақыт кетті. Сондай-ақ, оны заңды түрде рәсімдеуге, ғалымдардың алдында дәлелдеуге, экспертизадан өткізуге де біраз уақытымды жұмсадым. Біз мұны барлық көліктерге орнатқан жоқпыз. Тек бір көлікке ғана орнаттық. Ол – Қазақстанда жасалған Ssang Yong көлігі. Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен ҚХА сессиясында біз өз өнімімізді барша қауымға ұсындық. Отандық су генеторының бағасы – 150 мың теңге. Оны орнату үшін сіз бізге арнайы тапсырыс бересіз. «Мотордың көлемін айтасыз. Инжектор ме, дизель ме?» деген сияқты. Кейін біз көліктің техникалық параметріне қарап, сізге арнайы сутегі генераторын жасап шығарамыз. Орнату 40 қырық күнді алады. Ал джиптерге келгенде баға сәл қымбаттау болады. Себебі, оған қосымша құралдар алынады», - дейді өнертапқыш.

Дайындаған: Әсел Өтешова

Қатысты Мақалалар